Елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен өзара сауданы кеңейту, одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою, сондай-ақ экономиканың жекелеген салаларындағы интеграциялық әлеуетті дамыту мәселелері қаралды.
Отырысқа еліміздің Премьер-Министрі Ә.Смайылов, Армения Республикасының Үкімет басшысы Н.Пашинян, Беларусь Республикасының Үкімет басшысы Р.Головченко, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі А.Жапаров, Ресей Федерациясының Үкімет басшысы М.Мишустин, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің өкілдері қатысты.
Үкіметаралық кеңес отырысы әдеттегідей шағын және кеңейтілген құрамда өтті. Шағын құрамдағы отырысқа қатысушылар экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграцияны дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселені талқылады. Атап айтқанда, электронды сауда салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің контейнерлік теміржол тасымалын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту перспективасы талқыланды. Талқылау барысында өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді.
Кеңейтілген құрамдағы отырыста одаққа мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдайды реттеу және Тауарларды бақылап отыру тетігі туралы келісімнің іске асырылуы секілді бірқатар маңызды мәселе қаралды. Аталған мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов кеңейтілген құрамдағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде өткен жылдың қорытындысы үшінші елдермен арадағы сауда-саттықпен салыстырғанда, одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасының өсуі серпін көрсеткенін хабарлады. Осылайша, Еуразиялық экономикалық комиссияға мүше мемлекеттердің өзара саудасы 18%-ға, ал сыртқы сауда көлемі 15%-ға өскен. Алайда өзара сауда үлесі тауарлардың жалпы саудасының 15%-ынан аз. Ә.Смайылов бұл көрсеткіш ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз екенін атап көрсетті. Мысалы, басқа интеграциялық бірлестіктердегі өзара сауда көлемі 40%-дан асады. Өзара сауданы ұлғайтудың міндетті шарты – ішкі нарықта кедергісіз орта құру.
Премьер-Министр серіктестердің нарығына қолжетімділіктің шектеулілігіне қатысты мәселелердің едәуір бөлігі жылдан-жылға өз шешімін таппай келе жатқанын баса айтты. Оған мемлекеттік сатып алуға, аймақтық сертификаттауға қолжетімділік, санитарлық, ветеринарлық және шектеулердің басқа да түрлерін негізсіз қолдануға, мемлекеттер ішінде қолданылатын кедендік бақылауға қатысты мәселелер жатады.
– Егер Еуразиялық экономикалық одақта ашық нарық құруға мүдделі болсақ, онда ілгері жылжуға ықпал ететін шешім қабылдауымыз қажет. Комиссияға қолданылып отырған кедергілерді экономикалық бағалау әдістемесін әзірлеуді ұсынамыз. Кедергінің бар екенін нақтылаудан басқа, бизнеске және жалпы интеграцияға келтірілген залалды бағалау қажет, – деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдер нарығына экспортын ілгерілетуге жәрдемдесудің тиімді шарасы көлік инфрақұрылымына, оның ішінде теңіз порттары арқылы бәріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің негізінде оны қамтамасыз етудің қажеттілігі зор.
– Елдеріміздің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажет. Транзиттің ұсынылып отырған шарттары көбіне экспорт үшін еңсерілмейтін кедергіге айналады. Бұл теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер экономикасына теріс әсер етеді. Комиссия осы және басқа да мәселелерде проактивті позицияны ұстануы қажет. Сырттан бақылаушы болған тиімсіз, – деді Үкімет басшысы.
Сыртқы және өзара сауда статистикасын теңестіру және сыртқы сауданың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігіне қатысты Премьер-Министр «сұр» импорт ішкі өндірушілерге, заңды импорттаушыларға айтарлықтай зиян келтіретінін, одаққа қатысушы мемлекеттердің бюджетіне теріс әсер ететінін жеткізді.
– Қазіргі таңда Қазақстан сөзден іске көше отырып, Қытай Халық Республикасымен шекарадағы кедендік бақылау шараларын едәуір күшейтті. Қабылданған шаралар небәрі екі айға жетер-жетпес уақыт ішінде кедендік төлемдер мен тауарлардың рәсімделуінің өсуіне алып келді. Сонымен қатар біз Қытай Халық Республикасынан көршілес елдерге импорттың айтарлықтай өскенін байқай бастадық. Ол уақыт өте келе тиісті кедендік рәсімдерсіз және салық төлемдерінсіз ортақ нарыққа келіп түседі, – деді Ә.Смайылов.
Қазақстан тарапы сыртқы сауданы, бірінші кезекте, Қытай Халық Республикасымен саудада толыққанды және сапалы кедендік рәсімдеуге бірлескен күш-жігер жұмсау қажет деп санайды, барлық процесті және деректерді алмасуды шұғыл түрде цифрландырған жөн. Бұл қайта өңдеу секторын дамытуға, шынайы бәсекелестікке, салықтар мен кедендік баждар есебінен бюджетке түсетін түсімдердің артуына серпін береді.
Премьер-Министр бүгінде пандемиядан кейінгі кезеңде одаққа қатысушы елдердің экономикалық белсенділігін арттыру жөніндегі жұмысты бұрынғыдан да күшейту қажеттігін атап өтті. Барлық тараптың келісілген күш-жігері ғана азаматтардың әл-ауқатын арттырудың дұрыс жолы болып саналады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ құқығында бекітілген негіз қалаушы қағидаттарды іске асыру бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмысқа дайын екенін жеткізді.
Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Ақылбек Жапаров одақтағы ішкі жалпы өнімнің өсімі өткен жылдың қаңтар-қарашасында 4,4% деңгейінде қалыптасқанын, бұл орташа әлемдік көрсеткіштерден жоғары екенін айтты. Аталған кезеңде Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіп өндірісі 5,1%-ға ұлғайған. Үшінші елдермен сыртқы сауда көлемі 34,3%-ға, оның ішінде тауарлар экспорты 42,5%-ға өсіпті. Өзара сауда көлемі үштен бірге ұлғайса, экспорт көлемінің артуы одаққа мүше мемлекеттердің барлығында байқалып отыр.
А.Жапаров экономикалық белсенділікті қалпына келтіру – пандемияға қарсы іс-қимыл, тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету және дағдарыс жағдайында бизнес үшін жағдай жасау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың нәтижесі екенін атап өтті.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, соның ішінде одаққа мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдайды және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы өкімге, Тасымалдарды қадағалау үшін Еуразиялық экономикалық одақта навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыру туралы тапсырмаға қол қойылды. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде азаматтық авиақұрылыс саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.
Үкіметаралық кеңестің келесі кездесуі осы жылдың 21-22 маусымында Брест қаласында (Беларусь) өтпек.
Еске сала кетейік, бұл – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының биыл өткен алғашқы кездесуі. Бұған дейін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы 2021 жылғы 19-20 тамызда Шолпан-Ата қаласында және 2021 жылғы 18-19 қарашада Ереван қаласында ұйымдастырылған еді.