Домбыра жасау қолға түскен ағашты жоңғылай беру емес. Саз сиқырының сырына бойлап, оның үнін алдын ала сезіну һәм өз ісіңе үлкен махаббатпен кірісу. Ағаш таңдаудан бастап соңғы әсемдеу жұмыстарына дейінгі әр кезеңде перзентінен үміт күткен әкедей толғанып жүргенің. Сәтті шыққан аспап шертілген сайын ширығып, тартылған сайын тынысы ашылады. Бар назарымыз Нарбек шеберде. Шып-шып терлеген маңдайын қос білегімен алма-кезек сүртіп кезекті туындысының сұлбасын сызып жатқан оның әңгімесі жанымызға жағып барады.
Ұстаға салсаң әр аспаптың жаны бардай. Олай сезінбесе, осы күйді өткермесе шебер шебер болар ма? Бұған да үлкен бап керек, ниет керек. Кезекті шығармасын жазарда оқиғаны ой қазанында әбден қайнатып алмай жазу үстеліне жақындамайтын қаламгер де, мың сан бояудың даусын тиянақтай алмай кенеп алдында көп кідірген суретші де, қолға алған ісін кемеріне жеткізем деп жанталасқан ағаш ұстасы да бір. Бұл кеп біздің кейіпкерімізге де таңсық емес. Қу ағаштың қойнынан құпия үн құйылып түсе салмайды. Кейде бәрі кері кетіп, жасаған дүниең жаныңа жақпай жатады. Ал кейде керісінше асығыс жасаған аспабыңнан асқақ үн шығып, сайрап сала береді. Мұндайда сыр сандықтың түбінен сұлу әуен суырып алғандай серпіледі. Бір детальдан мүлт кету, айлық еңбекті аяқасты етуі мүмкін. Жылдар бойы жиналған тәжірибеге жүгінбей тағы болмайды. Шебер ойынан дән алып, қойын дәптерге құйып отырған бетіміз.
Қырық жылдан бері оң жамбасына келетін кәделі кәсіпті тіршілігіне тірек еткен Нарбек Оханов Алматының іргесіндегі Тұздыбастау ауылында тұрады. Осы жылдар ішінде бекзат өнердің болмысына бойлаған ұстаның алдына келмеген әнші-күйші кемде-кем. Өз үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған оның «Домбыра жасау қолға түскен ағашты жоңғылай беру емес» дегенінде үлкен мән жатыр. Әңгіме қара базарда қаптап тұрған арзан аспап жайлы емес. Айлап-жылдап кептіріліп, ыстық алақаннан өтіп, арнайы жасалған, шебердің тері сіңген туындысы турасында.
Шеберхана ішінде үйеңкі, қайың, қызыл ағаш, өрік, терек, жаңғақ дейсіз бе, ағаштың түр-түрі бар. Тіпті әбден құрғап қалған 80-100 жылдық ағаштар да тұр. Одан бөлек ауладан тау боп үйілген тағы көп ағашты көзіміз шалды. «Біз ағашпен ауыратын адамбыз» деп күлді кейіпкеріміз.
«Жүрген жерімізден домбыраға ағаш іздейміз. Бізге ең керегі осы. Ескі үйлер бұзылып жатыр десе сонда асығамыз. Оның бәрі жарай бермейді, бірінің бұтағы болса, бірі жарылып кеткен. Жүздеген ағаштың ішінен жобалап жүріп кәдеге жарайтын біреуін іле кетеміз, бермесе сатып аламыз. Ауылға демалуға барсақ та, той-томалаққа келсек те керек ағашқа көзім түссе алмай тынбаймын. Бірде әкем марқұм: «Соғымның етін қай жерге басасың, ағашта басың қалғыр» деп ашуланғаны есімде. Сонда да қоймай, қосымша көлік жалдап әлгіні алып кеттім. Қарағай, шырша ағаштарын көбіне қақпаққа, мойынға қолданамыз. Кейде бір домбыраның өзі бірнеше ағаштан құралады. Шанағы тұтас шабылып жасалатын домбыраларымыз да бар. Тапсырыс берушінің талғамына сай қалаған пішінде бедерлеп береміз», дейді Нарбек аға.
Біреуге қалақ домбыра ұнаса, енді біреудің көңілі тамшы домбыраға ауады. Тамшы домбыраны кей жерлерде қозы құйрық домбыра деп те атайтын көрінеді. Кейіпкеріміз қалақ домбыраны көбіне Арқа мен Жетісу өңірі қолданатынын айтады. Күй атасы Құрманғазының музейде тұрған аспабы да қалақ домбыра екені көпке мәлім. Динанікі де дәл сондай. Шебер қалақ домбыраның шанағы төртбұрышты, қалыңдығы небәрі 5-6, ұзындығы 36-38 см болатынын, бұлардың көпшілігі басы мойнымен бірге тұтас шабылып кепкен соң жонып қалпына келтірілетінін тілге тиек етті. Қазір шауып жасалатын домбыралар қолданыста аз. Біріншіден бұл үлкен еңбекті қажет етсе, екіншіден бұған жарамды тұтас ағаш табыла бермейді. Ондай домбыраларды ойнайтындар да азайған. Қарағайдан шауып жасаған домбырада дәстүрлі көне дыбыс бар. Осы бір қоңыр үннен ажырап бара жатырмыз деп налиды Нарбек шебер.
– Күй шертетін домбыраға неғұрлым қоңыр дыбыс керек. Бұл күйдің бойындағы рухын сіңіруге, сезінуге, ұлттық діңімізге үңілуге шақырады. Ал тәтті дыбыс күйге жарамайды. Қазір жалған күмбір, хрусталь дыбыс басым. Қазақы үн қашып барады. Бұған тек шеберлерді кінәлауға болмайды. Шебер тапсырыс берушінің ығына жығылады, соның көңіліне жағатын дүние сомдауға тырысады. Өкінішке қарай, нарықтағы сұраныс сол. Тапсырыс беруші жақсы домбыра саусағым тисе бітті сөйлеп кету керек деп ойлайды. Бұл қате пайым. Шапқан сайын көсілетін жүйріктей, нағыз домбыра тартқан сайын бабына келеді. Көсілтіп тартпаған соң мыңқылдап, шаңқылдап, қоңқылдап қалады. Бұл ретте домбыраның сапалы болуы маңызды. Мұндай шабысқа төтеп бере алмаған аспапта бірте-бірте артық дызыл пайда болады. Нағыз домбыра қаққан сайын қақсайды. Қоңыр домбыра қайдан шығады? Жанын шығарып, езіп ойнағанда шығады. Құры қақпақтың бетінде ойнаған соң домбыраның ішкі дауысы естілмейді. Жүсіпбек Елебековтікі шанағы 5-ақ сантиметр қалақ домбыра болған. Соның өзінен қандай ғаламат дыбыс шыққан. Ал мұндай дыбыс шығару үшін үлкен қуат, дарын керек. Біздегілер қазір күш салып емес, сипап қана бер жағынан ойнасам, аспап неғұрлым жұмсақ болса, қолға сезілмесе екен дейді. Барған сайын дыбысты әдемілеп, табиғи үннен алшақтап барамыз. Жеңіл жорғалайтын домбыраның бойынан күй шықпайды. Домбыра емес мандалин тыңдап отырғандай әсерге қаласың. Тәтті көп жеген сайын жүректі айнытатыны секілді тәтті дыбыс та тыңдаушысын тез жалықтырады, – дейді Нарбек Оханов.
Шебер дыбыс ырғақтарын қапысыз сезінетін сезімтал әрі эстетикалық бай талғам иесі болуы шарт. Домбыра жасап, оны өзің ойнай алмасаң бәрі бос әңгіме. Тапсырыс берушімен қосарласа жұмыс істей отырып, оның табиғатына, даусына, стиліне тіпті дене тұрқына да лайықты туынды жасауға күш салады. Бұл өте маңызды дүние. Мамандығы суретші болғанымен, домбырада еркін көсіліп, әуелетіп ән шырқайтын кейіпкеріміз 1982 жылы әуесқой әнші-композиторлардың байқауына қатысып лауреат атанған. Аспап жасау шеберлері сынға түсетін республикалық «Үкілі домбыра» жобасында 1998-2011 жылдары екі мәрте жүзден-жүйрік шыққанын өз ортасы жақсы біледі.
Бұрын желімді малдың терісін қайнатып үлкен машақатпен өздері жасайтынын, қазір ағаш ұсталарына қажетті құралдар қара базарда самсап тұрғанын айтады. Заман талабына сай станоктар да талай жұмысты жеңілдеткен. Базардағы қаптаған арзан аспаптар соның жемісі. Домбыра бар, бірақ оған тән үн жоқ. Шеберлер үлкен ізденісте, бәсекенің де бәсі биік. Ал нағыз еңбекпен жасалған бұйымның осал шығуы мүмкін еместей көрінді. Нарбек ағаның «Бұл істі қолына алған әрбір шығармашылық адамы өзіне биік талап қоя білуі керек» дегені бізді мазалаған сауалдың түйінін тарқатып бергендей болды.
Атакәсіптің алтын арқауы үзілмесе деген азамат ұлдары Бекболат пен Бекзатты да бала күнінен шеберлікке баулыған. Қаршадайынан шеберханада өскен екеуі де қолөнерге бейім. Бекзат кәсіби күйші болса, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанған тұңғыш қызы Рыскүл кәсіби суретші. Нарбек ағаның қолтаңбасын үлкен сахнаға алып шыққандардың көш басында Қайрат Байбосынов, Рысбай Ғабдиев, Айтжан Тоқтағанов секілді асқар талант иелері тұр. Ол әзірлеген аспаптарды жүздеген өнер жұлдыздары мен іргелі мәдениет ұжымдарының өкілдері қолданып жүр. Белгілі тұлғаларға, мемлекет басшыларына бағалы сыйлық ретінде сатып алатындар да бар. Домбыралардың құны 100 мың теңгеден басталып 1 млн теңгеге дейін жалғаса береді. Бота күйді боздатып, әсем әнді әуелету үшін домбыраны дұрыс таңдауға аса мән берген жөн.
Даусында дәуір үні жатқан дегдар аспап әр өңірдегі жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындау мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты құбыла береді. Ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер деп сан түрге де бөлінеді. Шебер ойынан түйгеніміз, солардың бәрін бір арнаға тоғыстыратын – қазақы қоңыр үн. Ғасырлар бедерінде қатталған дала рухы мен баба ғұрпын бүгінге жеткізген аңыз аспаптың тамыры тым тереңде жатыр. Әр домбыраның өзіне тән үні болады десек, сол үнді асқақтататын да, аспандататын да нағыз шебердің қайталанбас қолтаңбасы.
АЛМАТЫ