• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Наурыз, 2022

Сәкеннің мектебі

1489 рет
көрсетілді

Әдебиет ақын-жазушы туған жерден бастала ма, жоқ әлде қолына қалам алып жазған жерінен бастала ма? Алғаш бала ақын қай жерде қолына қалам алып, жағын шынтағына сүйеп, ойланып отырып өлең жазған жер кімге болса да қызық шығар.

Өлең жолдарын тұңғыш түсіріп отырған жаны пәк, ақылы арайлы періште жүрек иесі сол жерде өзін ақын деп ойлауы да, ойламауы да мүмкін ғой. Мейлі тақпақ жазып қойсын. Бұл – оның алғаш қалам ұстап жазған дүниесі, қаны мен жанынан жаралған туындысы. Қандай сезімде болды екен бала шайыр?

 

Кез келген шығармашылық иесі, егер ол шын ақын болса, тұңғыш тебіреніп жазған жырларына, ондағы тазалық пен шынайылыққа басын иіп өтуі бек мүмкін. Бәлкім кейін сағынады өзін. Ол туралы аса бір қимастықпен, аса бір ізгілікпен ақтарылмай сөйлеген ақын кемде-кем. Жазып кеткендері қаншама. Бір әттеген-айы, біз сөз еткелі отырған бала Сәкен алғаш өлеңді қай жерде, қалай, не үшін жазғанын көрсетіпті де, қандай әсерде болғанына тоқталмапты. Мүмкін сол әсерді сіз бен бізге қалдырды ма екен?

Сәкен алғашқы өлеңін қайда жазғаны тұрмақ, ақынның туған жері туралы талас көп. Біреулері Жаңаарқадағы Сәкен ауылына жақын Аққұдықта туған десе, біреулері Ор, Аба тауларындағы әкесі Сейфолланың қыстауы Қарашілікте дүниеге келген деседі. Екеуінің арасы тым алыс та емес. Атпен төтелетіп тартса екі көштік жер шығар. Сондықтан біз таласпаймыз. Ақын жайлау маңында күзеуде туып, бірер айдан соң қыстауы Қарашілікке барғаны күмән тудыра қоймас. Алты ай жаз қыстақта, алты ай жаз жайлауда. Өзі тіріліп келсе де, екеуін бөліп-жармасы анық. Бұл жерде жалғыз-ақ шындықты айтар едік. Ақын анасынан сәби болып бір туса, тұңғыш өлең жазғанда екінші рет мәңгілікке қайта тумай ма? Ақын өмірінің құны мен өлшемі де сонда, қаншалықты көр­кем дүние тудыра алғанында. Сондықтан да болар, шайыр кейіннен өмірінің ең әсерлі, ең дәмді тұсы білім алған жері Ніл­ді ауылындағы оқушы кезіне жеке тоқталады. Бірнеше шығармаларына арқау етеді. «Орысша Успенский Рудник зауытын жергілікті қазақтар «Нілді зауыты» дейді. Алғаш өлең жазуды мен бала күнімде сол Нілді зауытында бас­тадым. Нілді зауыты біздің ауылдан отыз шақырымдай жерде» депті Сәкен 1930 жылғы «Мен қалай жаздым» жазбасында.

Белгілі сәкентанушы Тұрсынбек Кәкіш­ұлы ескіше хат таныған Сәкен орыс-қазақ оқуына аттанған шақты қар түс­кен уақытпен, ел қыстауға отыр­ған шақпен байланыстырады. Соған қа­рағанда ақынның «біздің ауыл» деп отыр­ғаны – әкесінің қыстауы Қарашілік болса керек. Бұл туралы 1936 жылы туған жаңаарқалық ақын Хамит Жамановтың «Қарашілік» өлеңін білуші едік.

«Қызықты бала ойыны

қалып артта,

Ұмтылып жарық жұлдыз

зор мұратқа.

Аттанған Сәкен алғаш оқу іздеп,

Мінгесіп осы арадан жалғыз атқа» деп келетін.

Сәкен осы Қарашіліктен барған ауылы Нілді ел аузында Өспен аталып кеткен. Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты осы ауылда шығармашылық­қа жаңа-жаңа бет алған оқушы Сәкен өміріне куәгер ғимараттар әлі күнге бар. Куәгер жандар дүние салғанымен, ұрпақтары тұрады. 1847 жылы ағыл­шындар келіп мыс өндіре бастаған бұл топыраққа Сәкен табаны тигенде кә­дімгідей зауыт болғаны тарихтан да, өзі­нің жазғанынан да белгілі. Нілді зауыт ғимараттарының көбі қираса да, азғантай бөлігі әлі күнге аман. Жер ас­тына түсетін тас үңгірлер мен алып темір­лер оқшырайып-оқшырайып ескі заманның елесіне жетелейді. Тағы да басқа зауыт темірлерінің жұрнақтары, тотыққан мыс тастары, ең асылы – көзге көрінбегенімен, бала Сәкеннің басқан іздері, балалармен ойнаған жерлері, топ баладан бөлініп қап, қиялға шомғаны, ұста дүкенінде өткізген уақыты, шық­қан төбесі, сүйенген немесе сипаған зауыт қирандылары, оны айтасыз, оқыған мектебі, отырған сыныбы – бәрі-бәрінде албырт ақынның рухы тұнып тұрғандай сезіледі. «Тұлпар аунаған жерде түк қа­лады» деп тегін айтпайды қазақ.

Нілді зауытының орны, балталасаң бұзылмайтын ғимараттарының дәл ірге­сінде ақын білім алған орыс-қазақ бас­тауыш мектебі тұр. Қар алмайтын, су шаймайтын қырдың бетінде. Бала Сәкен мұнда оқыды дегенге бастапқыда сене қоймаушы едік. Өйткені біз көргенде ғимарат заманауи үлгіде салынған, шатырлы, бертінгі құрылысқа тән еді. Іші де, сырты да солай, баспалдағы биік, еңселі. Кейіннен білсек, бұл ғима­рат 1890 жылдары бой көтерген көрі­неді. Содан бері тұр екен. Бертінде, Кеңес заманында заманауи үлгіде қап­та­ған. «Ескі ғимараттың қабырғасы са­ман кірпіштен салынған, бір метр­ге жуық-тын» деседі үлкендер. Және ол сол қалпында тұрғанда, сыртынан қапталған. Баспалдағы, төбесі жа­таған болғанымен, қалпына келтіру жұмыс­тары жасалғанда еңсесін биіктеткен. 2007 жылы Нілді ауылының 160 жылдық тойы қарсаңында оған дейін кітапхана болып келген мектеп Сәкен мұражайы болып ашылды. Онда тағы бір мәрте қайта қалпына келтіру жұмыстары жү­ріп, жаңғыртылды. Бірақ – түпнұсқа қаз-қалпында, қаптамалардың астында қалғанын ескеру керек. Мұнда Сәкен оқыған сынып әлі күнге сақтаулы. Му­зейдің іші айналдырған үш-ақ бөл­ме. Соның қайсысында отырды екен ақын? Ойланып сабақ айтқаны, сөз-сөйлемдерді тізілдіріп жазғаны, ежік­теп оқығаны, сабақта отырып ата-ана­сын аңсап сағынғаны, сабақтан шыға сала ұста дүкеніндегі Ыбырай ұста­ға баратынын ойлағаны, бір сөзбен айт­қанда қаптаманың астындағы саман қабырғаларда Сәкен рухы тұнып тұр ғой. Себебі саман қоспасыз, жер қа­ба­тындағы кәдімгі саз-балшықтан құ­йы­лады, түрлі қасиеттерді өткізгіш топы­рақ­тан айырмашылығы жоқ. Киелі кітап­тарда адамзатты топырақтан жарат­ты дейтін, бүкіл дүниенің асылы да сол. Ендеше, оның қабырғасы Сәкен рухын сіңірген өз топырағына пара-пар болып шықпай ма? Бұл әңгіме өткенде сол музейдің меңгерушісінің сөзінен туып кетті. Музейдің меңгерушісі Әді­лет Сембеков іргесіндегі бір жерінің қап­тамасы ашылып, борыған саманның үгін­ділері көрініп қалғанын айтады. «Му­зейдің әлгі тұсын мұқият қарап, тек­серіп, қайта құйып, сыртын темірмен қор­шадық» дейді ол. Бұған дейін ескі мектеп қабырғасы барына күмәнданып келген біз сонда бір-ақ сендік.

Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздың Сәкен туралы еңбектерінде ақын Ағаш­аяқ деген ауыл молдасынан ескіше хат танығаны туралы дерек келтіріледі. Сәкен өзі болса, Нілдіде үш қыстағанын жазады да, мектептен гөрі ұста дүкенін, ондағы өмірді көбірек қаузайды. «Бір күні, қыстың бас кезінде, көршілес ауылдан біздің ауылға Төлепберген ұстаның баласы Әкілдік деген жігіт келді. Әкілдік жалшылықта жүретін еді. Әкілдіктің мінгені – түйе, Нілді зауытына барады екен.

Әкей маған: «Әкілдікпен бірге Ніл­діге бар. Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен!» – деді. Мен: «Жарайды!» – дедім.

Әкілдікпен сөйлесіп, мені Әкілдіктің түйесінің артына мінгестіріп жіберді. Араға бір қонып, Нілді зауытына келдік. Әкілдік Лаврентий деген орыстікімен сөйлесіп, мені сонда орналастырды. Лаврентийдің кемпірі бар, асырап алған бір кішкентай ерке қызы бар. Сауатын сиыры бар.

Маған орысша жазуды, тілді сол Лаврентийдің кемпірі оқытатын болды. Мені сиырын күтуге, пешке жағатын тас көмірді үйге кіргізуге, су қотарып алуға, ондай-мұндайға жұмсайтын болды. Жататын орным Тұңғышбай деген пошта таситын бір қазақтікі болды.

Бір қыс солай жүріп кемпірден «оқы­дым». Қыстың аяқ кезінде жұмыс­кер­лердің забастовкесін көрдім», депті ақын.

Мектеп туралы көп айтпайтыны – орыс­ша оқығаны деп топшыладық. Бірақ Тұрсынбек ата мектеп сыныбында кімдермен қатар отырып оқығанына дейін жазады. Сәкен өміріне бұл кісінің еңбектерінсіз аттап басу жоқ. Оның үс­тіне жазушы Өмір Кәріпұлының мына бір сөздері еске түседі. «Қайбір жылдары (жас кезінде) Сәкен туралы көркем дүние жазуға оқталып, оны көргендерден сұрап, зерттей бастадым. Ол кезде Сәкен тұрмақ, Сейфолла қарттың көзін көрген кәрі тарихтың куәгерлері бар еді және олардың есте сақтау қабілеті қандай бе­рік?! Қарашіліктегі Сейфолланың қыс­та­ғын, үй-қорасын рет-ретімен түгел көр­се­тіп, қай бөлмеде кім жатқанына де­йін айтып, нақтылап берген қариялар болды».

Жазушы Өмір Кәріпұлының «Саят­шы» әңгімесінде ақынның сұңқар Сә­кен аталуының сыры ашыла түседі. Үй-қорасында қырандарымен ұғыса ала­тын Сейфолланың құсбегілік қыры ашылып, шығарманың иірімі тыл­сым­дарға жетелейді. Сәкен бала күнінде әкесі Сейфолла қырандарын баптайтын қорамен іргелес бөлмеде жатып ұйықтайтыны емеурін етіледі және оқыр­манды сендіреді. Бұл жерде мысалға Өмір ақсақалды тарту себебіміз, «ол кезде Сәкен тұрмақ, Сейфолла қарттың тұрғыластары бар, әңгімені солардан білдім» деген жалғыз ауыз сөзі. Тап солай Тұрсынбек Кәкішұлы да Сәкен түгілі, Сейфолла бабамыздың көзін көргендермен жүздеспеді, Сәкеннің кімдермен сыныптас болғанын естімеді деу – ақылға сыймайтын сияқты.

«Қыстың аяқ кезінде жұмыскерлер­дің забастовкесін көрдім» дегенде ақын Нілдідегі Өспен кенішінде 1905 жылы бұрқ еткен орыс-қазақ жұ­мыс­шы­лары­ның ереуілін айтқаны. Ке­зінде біз облыс­тық газетке жергілікті өлке­тану­шылардың ­айтуымен «1906 жылы оқы­ған» деп қате жазып жіберіппіз. Ақын­ның өз қолжазбасы көзімізге түс­кен­де, бармағымызды шайнап, іш удай ашыды.

Нілдіге Сәкен оқуға барған 1905 жылы «кеніште 334 жұмысшы (оның 269-ы қазақ) еңбек етті» деген ресми дерек тарихтан белгілі. Ауыр ең­бек пен азғантай жалақыға төзбеген жұ­мыс­­шыларды бастап шыққан Байша­ғырдың Әлісі мен Петр Топорнин, тағы басқа белсенді ереуілшілер екен. Нілді тауының батыстағы бітеберісі әлі күнге дейін «Әлінің жалы» аталады. Ұрпақ­тары ауылда қоныс тепкен.

«Орысша жазу сабағын кемпірден оқысам да, менің екінші түрлі оқуым Нілді зауытының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды. Машина жа­нындағы ұсталар дүкенінің бір қатарын­да ұшпур таптайтын ұсталар дүкені бар. Ол дүкендерде Ыбырай, Асан, Үсен, Арын деген төрт қазақ ұстасы ұзақты күнге гүрсілдетіп, жарқыратып, ұшпур таптайды. Ыбырай ұста – ақын, өлеңші және хат та біледі. Ыбырайдың Нұрғали деген баласы бар (қазір Нұрғали Нілді зауытында мастер). Әуелі Нұрғалимен бірге ұсталардың дүкеніне келіп жүр­дік. Көрік басып шаршаған балалар­дың көріктерін басып жүрдік. Ыбырай ұста қара мұртты, ашаң, қара сұр кісі. Гуілдеген көріктің демімен өрт болып қайнаған тас көмір қорығында қып-қызыл шоқпен бірге шыжыған көк найза темірді құрыш балға гүрсілдетіп соғып, Ыбырай өлең айтады.

Өлеңі көріктің өлшеуі мен гуілдеген үніне, құрыш балғаның өлшеуімен со­ғылған гүрсіліне, құрыш темірдің шы­ңылдаған даусына қосылып, ұсталардың дүкен күйін жандандыратын еді.

Гуілдеген көрікті дүкенде ұста­лар­дың сыпылдаған күшті, сіңірлі қолда­рының көк темірді жаныштап илеген істеріне көз суарылып, дүкенінің күйі, Ыбырайдың үні құлаққа сіңіп жүрді. Ыбырай ұстаның бір өлеңінде:

...Сыртың сұлу, мылтықтың

сымындайсың,

Алқаракөк құрыштың шыңындайсың.

Түсіне алмас аңқау жан, сөзің кесте,

Шапқы соққан күмістің

жымындайсың...»

дейді Сәкен Сейфуллин. Осы Ыбырай ұстаның баласы Нұрғали 1894 жылы туған Сәкеннің құрдасы болған көрі­неді. Ыбырайдан – Нұрғали, Нәзір, Нұрғалидан – Байзыкен, Байзыкеннен – Ноян, Аян атты екі ұл туады екен. Нояны Қарағанды облысында Жәйрем кентінде қоныстанған. Аян Ыбырай қазір Нілді­де тұрады. Ол кісінің айтуынша, 1937 жылдары аталары Нұрғалиды Сәкеннің жақыны деп НКВД-ның адамдары ұстап әкетіпті. Қамауда отырғанында «кім тас қалап, үй сала алады» деп сұраса керек. Сәкен мастер деп көрсеткеніндей, Нұрғали құрылысшы маман (прораб) екенін айтыпты. Содан Ескі Балқаштың мұнараларын қалағандықтан аман-есен босап шыққан. Ыбырай ұстаның өзі тұтынған көрігі бертінге дейін ауылда болыпты. 1994 жылы, Сәкеннің 100 жылдығы аясында ауылдағылар қазіргі Нұр-Сұлтан, бұрынғы Ақмоладан келген Сейфуллин музейінің өкілдеріне тапсырып жіберіпті. Бала Сәкен басуы да мүмкін, баспаса да көп қызықтап, әсерленіп хатқа түсірген бұл көрік музейде жоқ. Естуімізше қорда тұр деседі. Кейінірек жеке тоқталатын тақырып.

Ыбырай ұстаның екінші баласы Нәзір де шебер болғаны айтылады. Мү­йізден жасаған тарақ, тағы басқа зат­тарын ауылдастары бертінге дейін қол­да­ныпты. Бұл кісіден туған Айнагүл әже Жаңаарқада, балалары бар, өсіп-өнген.

«Біздің өзіміздің ауылда да, от басында да әңгіме, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді. Әсіресе, күздің, қыстың ұзақ кештерінде, тау араларынан ұйтқи соққан желді түнді жамыл­ған ауылдың отбасы әңгімесіз, ертексіз, дом­бырасыз болмайды, өлең де айтылады.

Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам, кешке отбасында отырғанда, әңгімеші, ертекші болады... Кейде елде ойындар жасалып, өлең, айтыстар болады...

Бала күннен, ес кіргеннен бері қарай-ақ, сол ойын үстінде айтылатын айтыс өлеңдер және әлгі отбасынан алынған «сабақтар», құлаққа сіңген, көңілге то­қылған әңгіме, ертек, өлең суреттері ме­нің қиялымда тізбектеле беретін еді», деп жазады Сәкен. Ақынның «кейде елде ойын­дар жасалып, өлең, айтыстар болады» деген сөзіне байланысты Әліп Жайлыбай жазып қалдырған мынандай қызық дерек бар. «Қыпшақ даласына серілік пен сал өнерін тара­туда Жошы ханның үлкен орны болған. Ол өзі керемет өнер иесі болған. Қасына әнші, күйші, сал-серілерді ертіп, халыққа өнер көрсетіп қуаныш сыйлаған. Ел басқарушылары олардың еңбегін баға­лай, сый-сияпат жасап отырған. Балқаш төңірегіндегі Құлан-Ойнақ даласына аң аулауға келгенде Жошыға әкесі қып­шақ елінің «сыйы» деп он мың боз ат, он мың қара ат тарту еткен (Раши­деддин). Жошы жас кезінен аң аулау­ды, саят құруды, сауық қою өнерін ерек­ше сүйген. Жошының аңда жүріп көп шық­қан жері Ортаудың сұңқар ұя са­латын бір биік басы. Осы жерді ерекше қадірлеген. Сұңқардың да ең тәуірін осы арадан ұстаған. Ол биік шыңды қазақтар кейінге дейін өнердің бір киесі ретінде құрметтеген. Оның таңғажайып әфсаналары XIX ғасырдың аяғында «Дала уалаяты» газетінің үш нөміріне басылған (Дала уалаяты, 1897. №13,14,18). Сол шыңның етегінде жыл сайын ел жайлауға көшерде өнер сайы­сы өткен. Ең соңғы мұндай шара Бақмағанбет пен Сейфолланың арасында болған. Сейфолла Сәкеннің әке­сі, Бақмағанбеттің баласы Сарыбас Сәкен­нің құрдасы. Қазақ радиосының алтын қорына жаздырған күйлері сақталған. Көріп отырсыздар, Сәкен өскен орта – өнердің тұнып тұрған жері болған. Сәкен туардан 20 шақты жыл бұрын өмірден өткен Өтебай сал ел аузында аңыз болған өнерпаз. Көптеген әдеби шығармада ол кісінің ерекше киінгенін ғана айтады. Қорыспайдың асы туралы жазғанда, басына 17000 жылқы біткен Сапақтың қызының сәукелесінен қымбат сәукеле кигенін, өзінің түрін көріп отыру үшін кісі бойындай айнаны өзімен ала жүргені ғана айтылады». Қарап отырсақ, Сәкен елден ұзап кеткенше, тіпті мектепте оқыған кездерінің өзінде Ыбырай ұста­ның жанында өлең-жырдың буы бір үзілмеген. Ақындықпен қатар, ән-күй шығарушылық қасиеттер туған топы­рағы мен өскен ортасынан дарып, сүйегіне сіңгенін аңғару қиын емес. Өзі де жазбасында жоғарыдағы құбы­лыстарды атай келе, соңында алғаш өлең жазғанын былай еске алады:

«Зауыт жастары анда-санда ойын ұйым­дастырады. Ойындарына қыз-келіншектерді жинап, ойнайды. Арын мен Үсен ұста екеуі ойындарына мені де ертіп алып барады. Олар ән салысып, ойнап жатады. Біз, балалар, ойындарын көріп, өлеңдерін тыңдап қарап отырамыз...

Үсен ұста мен және Күбіден деген байдың (сол Нілді зауытындағы) сауда дүкенінде қызмет қылатын бір ноғай жігіт зауыт байының алдында «тілмаш жігіт» болып тұрған бір Әмір деген жігіт­пен бақас болды. Үсен ұста туралы бір қызға «тілмаш жігіт»: «Күйелі қол құралы болармыз!» – депті.

Әмірді келемеж қылып өлең жазбақ болды. Үсен айтып отырып, ноғай жігіт жазып отырып, екеуі олай жазып, бұлай жазып, өлеңді шығара алмады.

– Мен жазайын! – дедім.

– Жаза аласың ба? Жазшы, жаза ал­саң! Мынасын айт, былай де, былай де!.. – деп маған тілмаш жігіттің келемеж болатын жақтарын айтты.

Кешке мен байдың тілмаш жігітін келемеждеп өлең жазып шығардым.

Ішінде мынадай сөздер бар еді:

...Мақтанасың қолыңның олағына,

Амал бар ма ақылдың шолағына.

Күйелі қол айырбас болмас, мырза,

Байдың қолын жалаған шолағына!..

Менің ең алғашқы жазған өлеңім

осы шығар...

10.05.1931. Алматы»

Алғашқы жазған өлеңінің алдына ақын ауылдағы өлеңшілерді, жыршы-термешілер мен айтыстар тыңдағанын, үйде ертек, әңгіме, күйді көп естігенін, Ыбырай ұстаның өлеңдеріне сусындап өскенін тегін келтіріп отырған жоқ. Ел ішіндегі осындай ұлы мектептің, көшпелілер өркениетінің өкілі екендігін аңғартады. Әйтпесе, Сәкен бола ма?!