Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту – экономикалық өркендеудің, әлеуметтік әл-ауқат пен азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір шарты саналады. Аталған жүйені дамыту бойынша мемлекет тарапынан заңнамалық база жетілдірілуде.
Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерге жүргізілген орталықсыздандыру бірқатар функцияны жергілікті деңгейге беріп, өңірлерде тиімді шаралардың қабылдануына ықпал етті.
Дербес бюджет енгізу арқылы өзін-өзі басқарудың бюджет көздерінің кеңейтілуі әкімдіктерге жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар ауыл әкімдерінің жергілікті проблемаларды шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы қарапайым ауыл халқының билікке, реформаларға деген сенімін нығайтады.
Ақпан айының басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейін бюджетаралық қатынастың жаңа жүйесін қалыптастыру туралы тапсырма бергенін еске сала отырып, қаржыны жергілікті жерде көбірек қалдыруға баса мән беру керектігін атап өтті.
Осыған орай жергілікті деңгейге көптеген функциялардың берілуіне байланысты өңірлерді қаржылық және кадрлық қамтамасыз етудің маңыздылығы арта түсуде.
Бұл – ел халқының 41%-ы тұрып жатқан ауылдық елді мекендерді дамытуға, ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ отандық азық-түлік тауарларын өндіруге айтарлықтай серпін берері анық.
Дегенмен бүгінгі таңда елеулі өзгерістер байқалмайды. Жергілікті мәселелерді шешуде өзін-өзі басқару органдарының дербестігін арттыруға қатысты өңірлерде жүргізілген талдау бірқатар кемшіліктің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, бюджеттің шектеулі болуынан өңірлердегі өзекті мәселелерді жүзеге асыруға қол жете бермейтіні немесе біркелкі көңіл бөлінбейтіні туралы әңгімелер жиі қозғалады.
Зерделеу негізінде, өткен жылдың желтоқсан айында Парламент Сенаты Аграрлық комитетінің мүшелері тарапынан, дербес бюджет проблемаларын шешу жолдары туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолданды. Комитет өз деңгейінде мәселені ілгерілету жайын күн тәртібіне қойып, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері жайлы кезекті отырысқа дайындық шеңберінде «Өңір» депутаттық тобының мүшелері Ақмола облысына іссапары аясындағы кездесулер барысында әр деңгейдегі әкімдердің дербес бюджет мәселелері жөніндегі ұсыныстары мен ой-пікірлері тыңдалып, талқыланды.
Жалпы, облыс басшылығы тарапынан оң жұмыстардың жүргізіліп жатқанымен, заңнамалық реттеу мен жетілдіруді талап ететін түйіткілдердің бар екендігі айқындалды.
Еліміздің стратегиялық даму жоспарларымен айқындалған әкімшілік реформаны жүзеге асыру шеңберінде бюджеттің төртінші деңгейін тиімді енгізу үшін заңнамалық тұрғыдан зерттеліп, жүйелі шаралар қабылдауды талап ететін негізгі мәселелерді атап өткім келеді.
Біріншіден, төртінші деңгейдегі бюджеттердің негізгі проблемасы – салық салынатын базаның және соның салдарынан бюджет шығыстарының тым төмендігі. Сараптамалар көрсеткендей, дербес бюджеттің меншікті кірістері, негізінен, шығыстарының 15-20 пайыз мөлшерінде қалуда, ал басым көпшілігінде 10 пайыздан да төмен. Ауыл әкімдігінің шығыстарын қаржыландыру, бұрынғыдай, жоғары бюджеттерден берілетін субвенциялар мен нысаналы трансферттер болып отыр.
Бюджет кодексіне сәйкес төртінші деңгейдегі бюджет шығыстары 19 бағыт бойынша жүзеге асырылуға тиіс болса, ол бүгінде толығымен қамтамасыз етілмеуде, ал сумен жабдықтау, жолдарды жөндеп, күтіп-ұстау сияқты маңызды бағыттары бюджет мүмкіндіктері аясында, негізінен – қалдық принципі бойынша қаржыландырылуда. Бұл – ауылдардың дамуына қаражаттың мүлдем жетіспейтіндігінің көрсеткіші.
Іске асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 6 млн-нан аса тұрғыны бар 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту көзделгенмен, негізгі проблемалар сақталуда.
Үкіметтің депутаттық сауалға берген жауабына сәйкес 2021 жылы төртінші деңгей бюджетінің өзіндік кірісі 31,9 млрд теңгені құраған. Ол – өте төмен көрсеткіш. Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мақсатында былтырғы жылғы маусымда тиісті заң қабылданып, биылғы жылдан бастап бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің 4 түрін (бірыңғай жер салығы; жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы; жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер; жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемақы) беру көзделген.
Алайда Қаржы министрлігінің болжамы бойынша бұдан қосымша түсетін 13 млрд теңге мөлшеріндегі салықтар мен түсімдер ауыл округтерінің сұраныстарын айтарлықтай шеше алмайтындығы белгілі. Сондықтан да былтыр Мемлекет басшысы бекіткен елімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасында көзделгендей – ауылдық бюджеттерге қосымша салықтар мен төлемдер беру өзекті. Бұл ретте дербес бюджетке төлем көзінен салық салынатын табыстардан жеке табыс салығын және әлеуметтік салықты беру мәселелерінің қаралып, шешілуі өте маңызды. Тек осындай ауқымды шаралар қабылдау арқылы ғана дербес бюджеттің өзін-өзі қамтамасыз ету үлесін 2025 жылға қарай, көзделген 35%-ға дейін ұлғайту мүмкіндіктеріне қол жеткізуге болады деп пайымдаймын. Сондықтан да жауапты министрліктер тарапынан салық түсімдерін өсірудің тиімді тетіктері қарастырылуы қажет.
Екіншіден, бүгінде, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режімі – бірыңғай жер салығын төлеу негізінде бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібін қолдануда. Жалпы, ауыл шаруашылығында қолданыстағы салық салу режімі кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр деуге болады. Сонымен қатар дербес бюджетті молықтыру тұрғысында, өңірлерден оны жетілдіру туралы ұсыныстар да айтылуда. Мысалы, сараптама жүргізілген аудандардың бірінде 900 мың гектар жер бекітіліп, берілген 550 шаруа қожалығында 100 мың шартты мал басы тіркелген. Алайда салық заңнамасына сәйкес олардың аудандық бюджетіне бірыңғай жер салығының түсімдері 5 млн теңге көлемінде ғана. Сондықтан да бірыңғай жер салығын есептеу әдістемесін қайта қарау, салық көлемін жер учаскелеріне, мал басына және шаруа қожалықтарының табысына байланысты белгілеу, олардың тиісті округ бюджетіне түсу қажеттігі туралы ұсыныстар жан-жақты зерделенуі керек. Яғни жергілікті бюджет қорын қолдау шаралары жетілдіріліп, шаруа қожалықтарының салық мәселесі терең зерттеліп, тиісті заңнамалық реттеу мәселелері жүйелі шешім қабылдауды қажет етеді.
Үшіншіден, төртінші деңгейдегі бюджеттердің кірісін молықтырудың басты резервтерінің бірі – жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың мүлік, жер салықтарынан басқа әлеуметтік және табыс салықтарының бір бөлігін, аудан бюджеті арқылы аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округтердің бюджетін нығайтуға бағыттау. Бұл шара Салық кодексіне тиісті өзгеріс енгізу арқылы жүзеге асырылуы керек. Осы орайда қолдағы деректер мен талдауларға сүйенсек, көптеген аудандар бюджеттеріне қосымша жүздеген миллион теңге салық түсу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ минералды ресурстарды игеру барысында кен орындарының маңында орналасқан ауылдар мен кенттердің онсыз да әлсіз инфрақұрылымының істен шығуы, қоршаған орта мен халықтың денсаулығына теріс әсерлері – назар аударатын әлеуметтік сипаттағы түйтікілді жайлар. Бұл мәселелер – депутаттардың халықпен кездесулері барысында жиі және өткір көтерілетін өзекті проблемалардың қатарында.
Төртіншіден, дербес бюджеттің шешімін таппай келе жатқан проблемаларының бірі – жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне салынатын салық мөлшерлемелерін заңнамалық реттеу. Әсіресе мүлікке салынатын салықты есептеу үшін базаны (бағалау құнын) нақты айқындау керек.
Жалпы, тұрғын үйлер мен құрылыстарды бағалаудың икемді жүйесі қажет, бұл ретте жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті органдар тарапынан оны шешудің ойластырылған, оңтайлы жолдары ұсынылуға тиіс.
Тағы бір шешімін таппай келе жатқан мәселе – коммуналдық меншік объектілерін паспорттау жағдайы. Бүгінде есепте жоқ объектілер, оның ішінде иесіз активтер әр өңірде аз емес. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар тарапынан өзін-өзі басқарудың мүліктік кешенін кеңейту мақсатында, оларға түгендеу жүргізу, құжаттау, тіркеу мен есепке қою кезек күттірмейтін міндет болып саналады. Сондай-ақ бұл шараларды қаржыландыру мәселесі реттеліп, нақты айқындалуға тиіс.
Бесіншіден, бүгінде штат саны орта есеппен 5-тен 10 бірлікке дейін құрайтын ауыл әкімдері аппараттарының кадрлық құрамының сапасы жаңа жағдайларға сәйкес жетілдіруді талап етеді. Дербес бюджеттің тиімді жұмысы үшін оны қалыптастыру мен игеру, салық базасын зерттеп, оның мүмкіндіктерін айқындау, бір сөзбен айтқанда, ішкі резервтерді халық игілігіне бағыттау – жергілікті атқарушы органдардағы мамандардың біліктілік деңгейіне байланысты. Әкімдерден бастап, есепші мамандарға дейін, бюджет қаражатын тиімді жұмсаумен бірге, оны ұдайы толықтыру бойынша сауатты жұмыс жүргізуге тиіс. Қазіргі таңда бұл саладағы кадрлармен мақтана алмайтынымыз белгілі.
Есеп комитетінің бағалау қорытындысында ауылдағы білікті мамандардың тапшылығымен қоса, бюджетті сапалы атқаруға кедергі келтіретін басқа да жүйелік проблемалар көрсетілген. Осының салдарынан жыл сайын көлемді қаражаттар игерілмей қалады немесе мақсатқа сай пайдаланылмайды. Мұндай кемшіліктердің алдын алу үшін, ең әуелі жергілікті әкімдер қажетті білім-дағдыларды меңгеріп, істің мән-жайын терең түсінуге тиіс. Осыған орай тікелей сайлау арқылы тағайындалған әкімдердің арасында түрлі салалардың өкілдері болғандықтан, олардың біліктілігін арттыру мақсатында арнайы тереңдетілген оқыту бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырудың маңыздылығы зор.
Сонымен қатар кейінгі уақытта қабылданып жатқан ынталандыру шаралары, еңбекақының өсуі ауылдық жерде кадр құрамының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Заңнамалық базаны жетілдіру арқылы өңірлер бюджетінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасау, қаржылық дербестігін арттыру, тиісті лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту – жергілікті деңгейлердегі әлеуметтік-экономикалық дамудың кепілі.
Ортақ мақсат жолындағы мемлекеттік органдардың үйлесімді қызметі, тиімді жұмыстары түпкілікті нәтижеге қол жеткізетіні сөзсіз.
Дүйсенғазы МУСИН,
Сенат депутаты