Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жарық көрген «Социалистік Қазақстан» газетін ақтарып отырып, атақты филолог ғалым, академик Қажым Жұмалевтің «Майдандағы қазақ қыздары» атты шағын мақаласын ұшыраттық. Онда: «Рауза Шамшатова, Әдия Молдағұлова (Әлия шығар), Ерке Оразбаева, Баян Байғожина, Балшекер Ахметова, т.б. қазақ қыздары майданда ерлік көрсетті.
Әсіресе, Балшекер ағасы өлді деген қара қағаз келген сәтте-ақ: «қанды қанмен жуамын» деді. Майданға кетті. Балшекер қазір ІІІ Украина майданының бір бөлімшесінде жаумен соғысып жүр. Өткен жылы Қызыл Жұлдыз орденін алды» деп жазыпты.
Расын айтсам, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспановалардан басқа майдан даласында қан кешкен апаларымыз туралы біле бермейді екенбіз. Осыны оқыған соң жоғарыда аты аталған апаларымыз туралы қолымыз жеткен жерге дейін ізденіп көрдік. Бұлардың ішінде Баян Байғожина жайлы деректер баршылық екен. Майдангер апамыз жайлы жазылған анықтамалықта: «Майдандағы ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ және ІІІ дәрежелі «Данқ» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі» үшін медалімен марапатталған. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Ефрейтор Байғожинаның ерлік өмірі туралы әскери тілші П.Кузнецов 1945 жылы «Комсомольская правда» газетінде «Шыңғыстаудың Баяны» деген мақаласын жариялап, «Алматыдан Берлинге дейін» атты кітабында Баянның есімін тағы да құрметпен еске алады» деген жолдар бар.
Біз қызықтырған дүние жоғарыдағы анықтамалықта сөз болған Баян апамыз Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны және әскери тілші П.Кузнецовтың мақаласы болды. Іздену барысында анықталғандай әскери тілші Павел Кузнецовтың мақаласы «Комсомольская правда» газетіне емес, атақты «Правда» газетінің 1945 жылғы 8 наурыз күнгі санында жарияланған екен. Бұл мақаланы «Социалистік Қазақстан» газеті 23 наурыз күнгі санына аударып басыпты.
Осы мақаладан үзінді келтірсек: «...Әлде қайда Батыс Двинаның жағасында ызыңдаған желді қараңғы түндерде қолаң шашты Баянның майдандағы көпірді күзетіп тұрғанын Шыңғыстауда ешкім білмеген еді.
– Бір күні сайдың ішімен сабан тиеген шананы сүйреп бара жатқан екі шаруаны көрдім. Әдетте, бұл саймен ешкім жүрмейтін. Дереу бақылай бастадым. Әлгі екі адам көпір астына біраз кідірді де, одан әрі өткенде бұлардың шанасындағы сабан жоқ болды. Мен бұл адамдарды тоқтатпақ болып дауыстап едім, олар жүрістерін пысыта қоймады. Винтовкадан оқ атуға тура келді. Біреуін атып жығып, екіншісін ұстап алдым. Бұл «шаруалар» неміс диверсанттары, ал сабанның астында қиратқыш зат болып шықты.
Байыпты, ержүрек қыз алғаш рет Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды. Үш дос Баян Байғожина, Вера Короткова, Ксения Божка жол батальонының үш солдаты, кеңес елінің қарапайым үш қызы көпір маңындағы қар басқан блиндажда тұрады. Қыздар ұрыс майданына жақын болғысы келді, мерген немесе пулеметші болуды арман етті. Сөйтіп Баян мерген болды. Оның даңқы көп ұзамай бүкіл дивизияға тарады. Ол тосқауылда тұрып тоғыз немісті өлтірді. Ұрыс майданынан ерлігі үшін екінші рет «Даңқ» орденімен наградталды.
Шыңғыстаудың Баяны арпалысқан ұрыстарды Белоруссияның, Литваның, Полшаның кең даласынан өтті. Сағынып күткен күн туды. Қызыл Армия жауынгерлері фашист айуанның үңгіріне басып кірді. Жауынгер жолдастарымен бірге Баян да неміс жеріне келе жатты.
Гинденбургтің іргесіндегі қыстақтарда өте-мөте ұрыс болды. Гитлершілер үйдің шатыры астынан, подвалдардан оқ жаудырды. Баян мен оның жауынгер досы Иван Вараксин үлкен үйдің кірпіш қабырғасын тасалап, жапсарлас үйлерге бекінген немістерді жайратып тұрды. Снарядтың жарықшағы Баянның бетіне тиді. Командир оған дәрігерлік батальонға баруды бұйырды. Баян жарасын өзі таңып шабуылшы солдаттардың ең алдыңғы сапына қосылды.
– Бұл қалада он бес немісті өлтірдім. «Отан соғысы» орденін алдым.
Мұны айтқанда, Баянның өткір қарақат көздері нұр жайнап қояа берді. Біз өткен жылдан қалған шырмауықты қар басқан террасада қоштастық. Қақпа жабылғанда:
– Берлинде көріскенге дейін сау болыңыз – деген Баянның жылы лебізі, нәзік даусы естілді».
П.Кузнецов, «Правда» газетінің әскери тілшісі. Германия, Гинденбург.
* * *
Өкінішке қарай, тілші мен батыр қыз Берлинде кездесе алмады. Баян Байғожина осы Гинденбург үшін болған шайқаста, яғни 1945 жылдың 27 сәуір күні 19 жасында ерлікпен қаза тапты.
Келесі кезекте қазақтың батыр қызы Баян Байғожина туралы тағы бір дерекке жолықтық. Бұрынғы комсомол қайраткері Шәріп Өтепов деген тұлғаның 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жалындаған жастығым – комсомолым» атты өмірбаяндық хикаятының 69-бетінде, жоғарыдағы мақала авторы Павел Кузнецовпен соғыстан бұрын Семей облыстық комсомол ұйымдарында бірге қызмет атқарғаны жайлы айтып, қазақтың батыр қызы Баян 1926 жылы қазіргі Абай ауданы (ШҚО) Арқат ауылында туғаны жайлы дерек келтіріпті. Естуімізше, қазіргі таңда Қарауыл ауылында Баян Байғожина атына көше берілсе, батыр қыздың есімін ұлықтау мақсатында ақын-журналист Қ. Молдақашев «Баян» атты поэма жазған екен.