• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Наурыз, 2022

Сана Анарқұлова: Біз үшін әр ойын жауапты

879 рет
көрсетілді

«Алтай» волейбол команда­сының арулары алаңдар­да атой салып, Алтайдың атын шығарып жүргелі қашан?! Бой­лары сырықтай нәзік қыздар жыл он екі ай жаттығудан қол үзбейді. Тың­ғылықты дайын­дық, темірдей тәртіп бар командада. Ерінбей еңбектенгеннің арқасында бес дүркін Қазақстан чемпионы атанған жоқ па?! 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кіл мықты ойыншылардан құралған команда капитаны Сана Анарқұловамен емен-жарқын әңгімелескенбіз.

Оқтай ұшқан доп, абыр-сабыр ойыншылар, жат­тықтырушының ышқынған ысқырығы... Жеңістен же­ңіс бермей жүрген «Алтай» командасының жаттығуы. Спорт­шылары шетінен мық­ты, осалы жоқ. Қазақстан Республикасының халық­ара­лық дәрежедегі спорт ше­бері Сана Анарқұлова да көп арудың ішінде доп соғып жүр. Қимылы ширақ, соққысы жой­қын...

– Менің білуімше, сіздерде күнделікті жаттығу. Үзіліс болмай ма?

– Ой, жоқ. 12 наурызда плей-офф сериясы басталады. Жауапты ойындар. Ал бір айдан соң Семейде Азия чемпионаты өтеді. Сол үшін жатпай-тұрмай дайындалуымыз керек. Үзіліс деген жоқ бізде. Жарысқа барып келген соң да әрі кетсе, жарыстан кейін екі-ақ күн демаламыз. Пандемия дендеген кезде ғана жаттығулардың берекесі кетіп қалды. Қазір бәрі ойдағыдай жүріп жатыр.

– Осы «Алтай» командасына қашан келдіңіз? Кімдер ұсыныс білдірді?

– 2016 жылы еді, «Алтай» командасы құрылып, алғаш рет ел чемпионы болған. Де­креттік демалыстан шыққан соң «Алтай» клубының дирек­торы Досжан Уәлханов (бү­гінде облыстық спорт бас­қар­масының басшысы) ұсыныс білдірді. Сәл ойланып қабыл алдым. Келе сала жаттығуларға кірістім. Ешқандай өкініш жоқ. Командаға келгелі жеткен же­тіс­тіктеріміз аз емес, естіп жатырсыздар бәрін.

– Жеңістеріңізден жақсы хабардармыз. Қазақстанның бес дүркін чемпионы болу оңай емес. Табандылықты қа­жет етеді. «Ағайынның аты оз­ғанша, ауылдастың тайы озсын» деп отыратын қа­­зақ­­пыз. Азия чемпионы бол­­ғандарыңызда төбеміз көк­­ке жетті. Ал сіздің туған же­­ріңіз Ресей. Өскеменге үй­ре­­нісе алмай жүрген жоқсыз ба?

– Ресейдің Орынбор облысы Соль-Илецк қаласында тудым. Басқа балалардан түк ерек­шелігім жоқ. Оқыдым, жат­тықтым. Әке-шешем темір­жолшылар. Олардың спортқа қатысы жоқ. Мені 6-сыныпта спортқа алып келген туған ағам Тимур Жарылғасов. Ол қазіргі уақытта Семейде «Алтай-3» командасының жат­тықтырушысы.

– Бойыңыз 188 сантиметр. Күйеуіңіз сізден де ұзын. Си­рек кездесетін ұзын жігітті қа­лай жолықтырдыңыз? (әзіл араластыра қойған сұ­раққа жауап бермес бұрын, күліп алды).

– Мені әбден зерттепсіз ғой. Бойым негізі 189 сантиметр. Бірқатар деректі 188 деп жүр. Ал сіз айтпақшы, сирек кездесетін күйеуімнің бойы 197 сантиметр. Таныстығымыз осы Өскеменде басталды. Ол уақытта тағдыр мені осы қалаға қайта айдап әкелерін сезбеген де едім. 2009 жыл еді. «Президент кубогы» Өс­кеменде сарапқа салынды. Мен әйелдер командасында ойын көрсетіп жүрдім, ол ерлер командасы атынан шық­ты. Сөйтіп, спорт сарайын­да таныстық. Кейін білісіп, тағдырдың жазуымен отбасын құрдық.

– Тағдыр дейсіз, ырымға сенесіз бе? Оны сұрап отыр­ғаным, «Алтай» командасына келгелі 2-нөмірлі ойыншысыз. Сәттілік әкеліп жүр ме?

– Көп жылдан бері 2-нө­мірде ойнаймын. Оған дейін 3-нөмір, 1-нөмір болды. Алғаш «Алтай» командасына келгенде бірнеше нөмірдің ішінде 2-нөмір бос болып, соны таң­дап алдым. Ұнайды маған. Сиқыры жоқ қой, бірақ жолым болып жүр.

– Ал командаға шетелдерден легионер тарту деген қаншалықты дұрыс? Оны сұрап отырғаным, жергілікті ойыншылар шеттетіліп қалмай ма дегенім ғой.

– Легионер тарту чемпио­наттың деңгейін арттырады. Ол – шетелдік тәжірибе. Ме­нің ойымша, ойыншыларды жер­гілікті жерден іріктеп, легио­нерлермен араластыру керек. Сонда нәтиже жақсы болады.

– Есіңізде қалған тартыс­ты ойындар бар ма? Мә­селен, есеп соңғы сәттерде те­ңесіп келіп, басым түсіп немесе қарсылас жеңіп келе жа­тып жеңіліс тапқан кездер дегендей.

– Біз үшін әр ойын жауапты. Қиын. Әр ойын алдында қобалжимыз. Себебі «Алтай» деген атымыз, бізге сенім артқан халқымыз бар. Сондай-ақ қарсыласқа деген құрметіміз болған соң да алаңдаймыз. Иә, жеңіліп бара жатып басым түскен кездер болады. Мысалы, есеп 19:24 болып тұрады. Ондайда ойыншылар психологиялық тұрғыда босаңсып бара жатады. Бірақ біз бірнеше рет жинақталып, ойынды жеңіспен аяқтап жаттық. Керісінше бір доп қана жетпей тұрып, ұтылып қалатын кездер де болды.

– Қарбалас жаттығудың арасында уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс! «Ege­men Qazaqstan» газетінің ұжымы атынан «Алтай» ко­мандасының аруларын

8 нау­рыз мерекесімен шын жү­ректен құттықтаймыз! Сіз­­дерді тек биіктерден кө­рейік. Өмірде де, ойында да же­ңісті сәттеріңіз көп болсын!

 

Әңгімелескен

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»