• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 08 Наурыз, 2022

Әлімханұлы атылып, Мунгия мұңға шатылып тұр

302 рет
көрсетілді

Boxingscene.com сарапшысы Кит Айдек бірінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемнің бұрынғы чемпионы, мексикалық Хайме Мунгияның қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуға асықпайтынын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz sports.kz-ке сілтеме жасап.

«Хайме Мунгия Жәнібек Әлімханұлымен шаршы алаңда кездесіп, жеңіске жеткен күннің өзінде америкалық Деметриус Андрадемен қолғап түйістіруі мүмкін екенін түсінеді. Ал шаршы алаңға шықпаған күнде «уақытша» чемпион атағынан айырылады. Ол сол себепті қатты ойланып жүр. Өйткені Деметриус Андраде орта салмақ дәрежесіне қайта оралуы ықтимал», дейді ол.

Иә, WBO тұжырымы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы атағынан басты үміткер Жәнібек Әлімханұлы мен Хайме Мунгия шаршы алаңда «уақытша» чемпион белдігі үшін кездесуге тиісті. Келіссөз жүргізу үшін ұйым белгілеген уақыттың өте шыққанына да бірнеше күн болды. Енді промоутерлік сатылым ұйымдастырылуы ықтимал. Әйткенмен, мексикалық боксшы қазақ оғланына қарсы шаршы алаңға шыққаннан гөрі WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, америкалық Джермалл Чарломен жұдырықтасқанды жөн көретін секілді.

Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белдік үшін кіммен де болса жұдырықтасатынын айтып, атылып тұр. Алайда міндетті қарсыластардың біріне айналған Хайме Мунгия бұл шайқастан қалай бас тартарын білмей, мұңға шатылып тұрған секілді. Егер ол Жәнібекпен кездесуден бас тартса, қазақ боксшысымен жұдырықтасудан қашқақтаған үшінші боксшы атанады. Бұған дейін Деметриус Андраде, Эскива Фалькао жекпе-жекке шыққысы келмеген еді.