Өткен жылы еліміздің барлық аумағында қуаңшылық байқалып, мал мен жан біраз қиындық көрді. Әсіресе, қыста қар, көктемде жаңбыр тамбаған Арал өңірінде жағдай ауыр болғанын білеміз. Күн жылына көтерем малдың алды қорадан шыға алмай қалды, қаталаған түлік тартылған көл жағасындағы ұйыққа батты. Бірді-екілі малы өле бастағаннан-ақ қарап отырмай қарекетке көшкендер қалғанын көршілес өңірлердегі жайылымдарға жеткізді. Ауданда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін мамандар 600-ге жуық малдың шығын болғанын айтып жатты.
Сырдарияның жылдағыдан да тартылып кетуі «Жығылғанға – жұдырық болғандай» еді. Даланың күміс алқасындай Кіші Аралдың көлемі кеми түсті, Одан кейінгі ірі су айдыны Қамбаштың өзі жағалауынан 600-700 метрге дейін жырақтап кетті. Әр ауылда көл жағалауын бақылайтын еріктілер пайда болды. Кезекшілік ұйымдастырылып, Саll-орталығы іске қосылды.
Әр өңірден еріктілер жасағы құрылып, шапқан шөбін Аралға көмек ретінде аттандырып жатты. Төтенше жағдайға байланысты облыс әкімінің резервінен 250 млн теңге бөлініп, оның 49,5 млн теңгесі жемшөпті тасымал шығындарын арзандатуға, қалғаны жайылымдарды, шабындықтарды суару және Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйелерін толтыратын 8 каналды тазарту, жаңадан су тоспаларын салу және жобалауға жұмсалды. Өзен бойындағы «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» суағытқысын іске қосудың тиімділігі пысықталды. Осы арқылы қазір Ақшатау мен Қамбаш көлдер жүйесіне су тола бастады.
Төтенше жағдай шеңберіндегі жұмыстар аясында Беларан, Құланды, Мергенсай, Сексеуіл және Аққұм ауылдық округтерінен су ұңғымалары қазылды. Бұдан бөлек 56 ұңғыма анықталып мемлекет есебіне алынған. Сондай-ақ су мәселесін болдырмау мақсатында Ақирек ауылдық округіне екі, Жаңақұрылыс ауылына бір дана дизельді су насосы берілген.
Қуаңшылыққа байланысты атқарылар қыруар шаруаны дұрыс жоспарлау нәтижесінде Қызылжар елді мекені тұсындағы «Бектау», «Дің» және Ақбай егістік алқабындағы Шолақарық каналдары қазылып, пайдалануға берілсе, Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі Ералы және Қаратерең ауылдық округіне қарайтын Жыланды каналдарын қазу қарқынды жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Осының нәтижесінде 16 мың гектар шабындық және жайылымдық жерлер суландырылады.
Мал мен жанды қинаған қуаңшылық кезінде қарап қалған ешкім жоқ. Облыс аудандары, өзге өңірлер қолұшын созып, көмек көрсетті.
Аманөткел ауылдық округінен «Жанғылыш» шаруа қожалығы Ресей мемлекетінен 58 бас қалмақ сиырын алып келді. Осы ауылдық округтегі «Жарылғасын» шаруа қожалығы «Арал-Ырысы» несие серіктестігі арқылы несие алып, қазақтың ақбас сиырын жеткізді. Қошқар ата тұқымын асылдандыруды қолға алғандар да бар.
Осы жылы ауданда Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Нұралы жарма», «Қулы», «Ақшақыз» және «Қайролла» каналдарының арналарын тазалау және су тоспасын салу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өтінім ұсынылды. Қазір осы каналдарға мелиоративтік жұмыстар жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу көздері қарастырылуда.
Сондай-ақ Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсынан су торабын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемісін әзірлеуге облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құрылыс басталады деп күтілуде. Мал жайылымындағы су ұңғымаларын қайта түгендеуден бөлек, 11 скважина қазудың жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдірудің қамы жасалып жатыр. Егістік және шабындық жерлерді суару үшін ауданға қажетті 10 ДНУ-200/75 дизельді су айдау насостарын алу үшін облысқа бюджеттік өтінім тапсырылды.
Былтыр қыс пен көктем ылғалсыз өтсе, биыл Аралға қар жеткілікті жауды. Осы аудандағы «Жомарт» шаруа қожалығын басқарып отырған Қазыбек Әлібековтің айтуынша, қасат қардың көбесі сөгілмей жатып, жаңбыр жауып, мал қолға қарап қалған да кезі болған. Өткен жылғы қиындықпен салыстырғанда бұл түк емес. Көктемде мал тісіне тиер көктің көп боларына көңіл сенеді.
Тек дария арнасының биыл былтырғыдан да төмен түсуі басталған іске бөгет болмаса деген дүдәмәл бар. Осы жылы Көксарай су реттегішіне бір тамшы түскен жоқ. Су дипломатиясындағы қадамдарымыздан да әзірше қайран болмай тұр. Егін еккен диқан да, мал баққан шаруа да осыған қарайлайды.
Қызылорда