• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Наурыз, 2022

Интернет алаяқтық: Ауыздықтау мен алдын алудың қиындығы

3298 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында алаяқтыққа, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған. Өйткені Қазақстанда қазір интернет алаяқтығына тыйым болмай тұр. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, алдап-арбау әдіс-тәсілдері күн санап мың құбылуда.

Рас, интернет пен цифрлы тех­но­ло­гиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өмірі­мізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Олардың көмегімен вир­туалды қызметтер мен өнімдерге қол жет­кі­земіз, белгілі бір тауарларға сұраныс та артты. Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасудың емес, сауда-саттық­тың негізгі алаңына айналды. Ал компью­тер­лендірудің салдары соңғы 10 жылдың ішінде қылмыстық құқық бұзушылық түрінде де айқын көріне бастады.

Полиция мен банк қызметкері, қар­жы­герлердің сан рет айтқан ескер­ту­леріне қарамастан аңқау халық адал ақшасынан күн сайын айырылып қалып жүр.

Өткен жылы елімізде интернет алаяқ­тыққа қатысты 21 мыңнан астам дерек тіркелген екен. Ал бұл сан 2020 жылы 14 мыңның айналасында болған. ІІМ мәліметтеріне сенсек, 1200-ден астам деректе жәбірленушілер «фишингтік» интернет-ресурстарға жеке деректерін ерікті түрде өздері енгіз­ген. Ал 2 мыңға жуық алаяқтық түрлі жоба, онлайн ойындар, инвести­ция­лар мен бәс саудаларда «үлкен ұтыс­қа ие боласыз» деген желеумен жасал­ған.

Жыл басталғалы екі айдың ішінде елімізде интернет алаяқтықтың 2900 дерегі тіркелген. ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының мін­детін атқарушы, полиция полков­ни­гі Рүстем Дүйсетаев қарапайым халықтың ақшасын алаяқтық жолмен алдап алу қазіргі таңда ең көп тіркелетін қы­л­мыс түріне айналғанын жеткізді. Оның айтуынша, статистикаға сәйкес еліміздегі барлық қылмыстың оннан бір бөлігі алаяқтыққа қатысты екен. «Соның ішінде, интернет алаяқ­тық­қа құрық салу күннен-күнге қиын­дап барады. Уақыт талабына сай тех­нологияның дамуымен қатар алаяқ­тық­тың әдістері мен саны да өсіп ке­ле­ді. Мұндай қылмыстарға жол бер­меу, алдын алу еліміздің ғана емес, қа­зір­гі таңда бүкіл әлем елдерінің өзекті мә­се­лелерінің біріне айналып отыр», дейді ол.

Интернет алаяқтықтың тым көбе­йіп кетуі қоғамдық резонанс туды­рып отырғаны да белгілі. Қазақ­стан­да бұл қылмыс түрінің ең көп та­ралған тәсілдерінің бірі – интер­нет­­тегі түрлі хабарландырулар бо­йын­ша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осын­дай жолмен жасалған. Екіншісі – микро­кредиттік ұйымдардың сайттары ар­қылы онлайн қарыз рәсімдеу. ІІМ мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері осы тәсілді қолдану арқылы алаяқтар 3 мыңға жуық қыл­мыс жа­са­ған. Жиі қолданылатын үшін­ші тәсіл – азаматтардың жеке дерек­теріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатты жым­қы­ру. «Өкінішке қарай, қарапайым хал­ық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Мәселен, соңғы уақытта өзде­рін банк қызметкерлері ретінде та­ныс­тырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Әдетте олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес бе­реді­. Осылайша, бүкіл қаржыны үп­теп кететіндер көп», дейді поли­ция полковнигі. «Қазіргі таңда ІІМ интернет алаяқтықтың алдын алу, осындай қылмыстардың жолын кесу мақсатында тиісті ұйымдас­тыру­шылық-практикалық шаралар қабылдауды қолға алды. Өткен жылдан бастап киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағ­дар­лама іске асырылып келеді. Өңір­лерде осындай қылмыс түрлерін тер­геу бойынша арнайы жедел-тергеу топ­тары да құрылды. Тоқсан сайын кибер­қылмыстың алдын алу бойынша жедел алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргі­зіліп отырады», деп мәлімдеді ІІМ өкілі.

Жақында қарағандылық полицей­лер еліміздің бірнеше өңірінің 100-ден астам тұрғынын 15 миллион тең­ге­ге тақырға отырғызып кеткен қос ке­лін­шек­ті ұстады. Жүздеген адам интернет алаяқтардың әдеттегі ертегісіне сеніп, ақшаларын алдын ала, қолдарына тимеген киім-кешек үшін аударып жі­бер­ген. Ал осы қылмыстарға күдікті ре­тінде ұсталған әккі келіншектер арам ойларын Шымкент қаласында отырып-ақ іске асырып келген. 29 бен 32 жастағы екі әккі интернетке киім сататын дүкеннің жабылғалы жат­қанын, осыған орай әйелдерге ар­налған қымбат киім-кешектердің арзан бағаға сатылатындығы жайлы хабарлама таратқан. Осылайша, әйелдер онлайн сауданың көрігін қыздырып, бірнеше облыстың тұрғынын алдап соққан.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы, полиция майоры Мәди Бағдаттың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу барысында ұсталған күдіктілердің үстінен өзге облыстарда осыған ұқсас бес қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған. «Полиция қызметкерлері алаяқтық фактілер туралы ұдайы ескерту жасап келеді. Алайда соған қарамастан өңірде интернет алаяқтықтың құрбанына айналып жатқандар көп. Әсіресе өздерін банк қызметкеріміз деп таныстыратындарға алдану соңғы кезде жиілеп кетті», дейді. «Интернет алаяқтықтың бұл тәсілінің де өзіндік желісі бар. Алдымен қылмыскер жәбірленушіге хабарласып, өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады. Осыдан кейін ол жәбірленушіге оның атындағы есепшотқа шабуыл жасалғаны, болмаса төлем картасындағы қаржысын біреулердің жымқырмақ болғанын айтып, кейін оны өзі айтқан «қауіпсіз» есепшотқа аудартып алады», деген М.Бағдат ұрланған қаржының осылайша бірнеше шотқа аударылатынын жеткізді. «Алаяқтар құрбандарына хабарласқанда TeamViewer немесе AnyDesk деп аталатын арнайы бағдарламаларды жазып алуға кеңес береді. Ал қылмыскерлердің әр сөзіне сеніп отырған адам мұны бір минутқа жеткізбей телефонына жүктеп алады. Бағдарламалар жүктелгеннен кейін «банктің қауіпсіздік қызметкері» код жібереді де соны енгізу қажеттігін айтады. Осыдан кейін алаяқ автоматты түрде жәбірленушінің құрылғысына қашықтан кіре алады. Мәселен, ұялы телефондағы банк қосымшасына кіріп, бүкіл қаржыны басқара алады, депозиттегі ақшаны толығымен шешіп алып, тіпті банкке онлайн өтініш қалдырып, кез келген сомада несие рәсімдей алады. Ақша түскеннен кейін бүкіл қаржыны өзінің қауіпсіз шотына аударып жіберу олар үшін аса қиын емес», дейді алаяқтардың тағы бір тәсілін тәптіштеп түсіндіріп берген полиция майоры.

«Бізге жәбірленушілер өздеріне хабарласқан телефон нөмірін көр­се­тіп, «Қылмыскерлерді неге осы нөмір арқылы-ақ таппайсыздар?» деп реніштерін білдіріп жатады. Алай­да әккілердің ауыстырмалы нөмір арқылы кез келген адамның телефон нөмірімен қоңырау шала алатынын бәріне бірдей түсіндіру қиын. Жал­пы, интернет алаяқтықтың дәл осы тәсі­лін әшкерелеу өте қиын. Себебі біз алаяқтар қаржыны аудартқан алғашқы есепшотқа қол жеткізу үшін арнайы санкция алуымыз керек. Рұқсат аламыз дегенше жоқ дегенде 4-5 күн өтіп кетеді. Ал бұл уақытта алаяқтар қарап жатпайды, жымқырған қаржыларын бір шоттан екінші шотқа аударып, қолма-қол ақшаға айналдырып та үлгереді», дейді полиция майоры.

Осы тұста «Алаяқтар дәл сол жә­­бір­­­ленушінің нақты қай банктің клиен­­­ті екенін, олардың жеке мәлі­мет­терін, мәселен, ұялы телефон нөмірін, аты-жөнін қайдан біледі? Мұндай ақпараттарды банк қызметкерлері өздері таратуы мүмкін бе? Жалпы, интернет алаяқтыққа кімдердің қатысы болуы мүмкін?» деген сұрақтар қылаң береді. Біз осы сауалымызды Мәди Бағдатқа да қойған едік. Ол осы уа­қыт­қа дейін тіркелген қылмыстық істерде бірде-бір банк қызметкерінің күдікті ретінде танылмағанын айта келіп: «Дегенмен бізде де алаяқтар бұл мәліметтердің барлығын қайдан алады, кімнен біледі деген күмән бар. Осыған орай арнайы талдау жұмыстарын да жүргізген болатынбыз. Қазір өздеріңіз білесіздер, Kaspi Bank-тің мобильдік қосымшасына кез келген нөмірді терсеңіздер, клиенттің аты-жөні шыға ке­леді. Яғни қылмыскерлер үшін құр­бан­дарын Kaspi нөмір арқылы та­уып алу түк те қиын емес. Себебі алаяқтар бұл ашық ақпаратты да ұтым­ды пайдалануы әбден мүмкін. Осыған орай біраз уақыттан бері мобильді қосымшаларда клиенттің тек есімі мен тегінің бірінші әрпін ғана жазу қолданылып келеді», деп түсіндіріп өтті. Бір ғана Қарағанды облысында жыл басынан бері 346 интернет алаяқтық тіркелген.

Интернет алаяқтықтың күн өткен сайын күшейіп бара жатқанын алға тартқан полиция қызметкерлері аза­мат­­тар­ға күдікті қоңырау мен хабар­ламалар алғанда бірден банкке хабар­ла­суға кеңес берді. Егер сізге белгісіз біреу­лер хабарласып, қандай да бір банк­тің атын атап банк карточкасы жайлы ақпарат немесе басқа да жеке мәлі­меттерді сұраса, ең алдымен сол банк­тің сенім телефондары­на қо­ңы­рау шалып, ақпараттың рас-өті­рі­гін анықтап алған артықтық етпейді.