• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Наурыз, 2022

Қарағайлы орманға қолдау қажет

436 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын елге індет кірмей тұрған кезде алдағы тіршілігімізге немқұрайды қарамайтын азаматтардың бастамасымен Алматыдағы «Қарағайлы орманның» алғашқы 33 көшеті отырғызылған еді. Содан бері талай оқиға өтсе де, экологиялық бақ өсіруді көздеген қала белсенділері бұрынғы идеяларын жалғастырып келеді. Қазір бұл жобаға эковолонтерлер ғана емес, бизнес, жоғары оқу орындары, сондай-ақ жергілікті билік те қосылды.

Бүгінгі таңда «Қарағайлы ор­ман» аумағында 6 мыңнан астам ағаш өсіп тұр. Ең бастысы, қарағай көшеттері 100% жерсінгені қуантады. Осылайша, Алматыдағы АвтоХҚО-ға апаратын Б.Момышұлы даңғылы бойындағы бақта егілген көшет саны жоспарланған 35 мың межеге жыл сайын жақындап келеді. Осы іске ұйытқы болып жүрген жандардың бірнеше жылдан кейін, ендігі жерде кеше ғана полигон болған жерде қаланы оттегімен байытатын орман жай­қала түседі деген сенімдері де кү­шейді. Қазірдің өзінде жас орман қалаға қосымша оттегі беріп, көмірқышқыл газын сіңіріп, шаң ұстауға жарап қалды.

Биыл да экобақта отандық тәлімбақтарда өсірілген кәдім­гі қарағайдың 330 көшеті отыр­ғызылды. Қарағайдың пайдасы туралы, тіпті, ойланудың қажеті жоқ. Көптеген санаторий мен демалыс үйі қарағайлы ормандардың жанында орналасқаны бекер емес. Мұның қылқан жапырақтардың көп мөлшерде фитонцидтерді – ауру тудыратын бактерияларды жоятын заттар шығаратындығына байланыстыруға болады.

Тақырыпқа қатысты мәсе­лені жалғастыратын болсақ, эко­белсенділер қала аумағын көгал­дандырудың өзекті мәселелерін баяғыдан бері қозғап келеді. Мәселен, жоба басында ECO FUND TABIGAT жүргізген зерт­теулер жасыл көшеттердің Ал­матыда ДДҰ нормалары талап еткен мөлшерден 4 есе аз екенін көрсеткен.

Жуырда өткен таза ауаны қол­дауға арналған митингте жаңа статистика бойынша бірнеше он мыңдаған адам өкпе ауруына шалдыққаны айтылды. Бұл таңғаларлық жайт емес, өйткені ауа сапасын өлшейтін арнайы құрал РМ2,5 деңгейі бойынша БҰҰ нормаларынан 5 есе асып түскенін көрсетіп тұр – 125 жоғарғы шекті мәнге қарсы 144. Түсінікті тілмен айтқанда, PM2,5 бөлшектері – қалқыма қатты микро­бөлшектер және ауадағы сұйық­тықтың ең ұсақ тамшылары. Ірі бөлшектерден айырмашылығы, олар биологиялық кедергілерді жеңе отырып, ағзаға түсіп, адам денсаулығына қауіп төндіреді. Жоба бастамашылары үш жыл бұрын қоғам мен билік өкілдерінің назарын осындай мәліметтерге аударуға ұмтылған болатын.

«Кеңес заманында КСРО Ғылым академиясында қаланың экологиялық сыйымдылығы – 700 мың адам, одан асыруға болмайды деген пәтуа болыпты. Қазір Ал­матыда 3 млн-ға жуық адам тұрады, қала қарқынды өсіп келеді. Күн сайын Алматы көшелерімен миллионға жуық көлік жүріп өтеді. Кептеліс көп, қозғалыс жоқ, ал бос жүрісте тұрған кезде шығарындылар өте көп болады. Мұның бәрі қала­мыздың экологиялық климатына кері әсерін тигізеді», дейді Мэлс Елеусізов.

Қай кезде де Алматы сияқты шаһар үшін бақтарды сақтау мен жаңа көшеттерді тұрақты отырғызу қажеттілігі бұрынғыдан да өзекті сипатқа ие болғандықтан ECO FUND TABIGAT төрағасы Тимур Елеусізов: «Біз Алматыдағы экологиялық жағдайды білеміз. Қала тұрғындары күн сайын қа­ламыздың үстінде қалқып тұрған түтінді көріп отыр. Сондықтан барлық күш-жігерді жұмсап, кө­гал­дандыру қажеттілігіне қо­ғам­ның назарын барынша аударуға  тырысамыз. Қарапайым азаматтардың, биліктің және әлеу­меттік жауапты бизнестің бір­лескен күшімен ғана жағдайды жақсарта аламыз. Біздің экология­мыздың мүшкіл халін түзету бір күннің ісі емес, алдымызда әлі де көп жұмыс бар, сондықтан бізге әрине, қолдау қажет», дейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жобаның барлық қатысу­шыларының ендігі мақсаты экобақ құру ғана емес, экобақты одан әрі қарышты дамыту болып тұр. Сондай-ақ жобаны іске қосу ке­зінде уәде етілгендей, экобақта көшеттерді уақтылы суару жұ­мыстары тұрақты жүргізіледі. «Біздің компания қаланы көгалдан­дыру жобасына 2020 жылдан бері қолдау көрсетіп келеді. Эко­бақ ұйымдастырушыларымен бай­ланысымыз жақсы. Қазіргі таңда көшеттеріміздің көз алды­мызда жайқала өсіп келе жат­қанын, қағаз бетіндегі жобадан қаланың жасыл қорының м­а­ңызды бөлігіне айналғанын кө­ру көңіл қуантады. Бұл біз бен сізд­ердің денсаулығыңыз және Алма­тының жалпы экологиялық жағдайы үшін зор пайда әкеледі. Сондықтан да біз «Қарағай орманын» дамытуға тікелей қатысуды жалғастырамыз», дейді осы жобаға қолдау көрсетіп отырған Evrika компаниясының коммерциялық директоры Данияр Сасықов.

 

АЛМАТЫ