• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 17 Наурыз, 2022

Ұлт ұстазы және Әулиекөл мектебі

1595 рет
көрсетілді

Алаш ардағы Ахмет Байтұр­сын­­ұлының 1891-1895 жылдары Орын­бордағы қазақ мұғалімдер мек­тебінде оқы­ға­ны белгілі. Бұл мектепті бітіріп шыққан түлектерге 6 жыл мұ­ғалімдік қызмет атқару міндеті жүктелген екен. 

Ұлт ұстазы өз қолымен жазған өмір­баянында 1895 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанның бірнеше өңірін­дегі ауылдық, болыстық және 2 сы­ныптық мектептерде мұғалімдік қыз­мет атқарғанын айтады. Ахаңның Әу­лиекөлде бір жылдай аялдап ұстаздық етіп, бала оқытқаны да осы кезең ішінде болса керек.

Тарихтың бір тасын көтерсең, оның астынан екінші бір тарихтың ұшығы қылаң ете қалады. Осы орайда, кезінде Әулиекөл-Аманқарағай өңірінде ұзақ жыл болыс болып, өз қаржысына мектеп салдырған Мұқаш Тойғожаұлы тура­­лы айтпай кетпеске болмайды. Әу­лие­­­көлдегі Тойғожаның Мұқашы сал­дыр­­ған мектептің орнында бүгінде ау­дан­дық кешкі мектеп ғимараты тұр. Ауыл қарияларының айтуынша, қазіргі өлшем­мен алсақ шағын ғана білім ошағы­ның ғимараты кейін кеңейтіліп, қайта салыныпты. Осылайша, Мұқаштың мектебі кеңейтілген ғимараттың бір бұрышы ғана болып қалса керек.

– Әулиекөл – есімдері әлі белгісіз көп­­те­ген батырлар мен ақындар, жы­рау­лар шыққан жер ғой. Бірақ біз оның бәрін зерттеп, тарихын то­лық меңгеріп жатқан жоқпыз. Аман­қарағай орманының ішінде  Мұ­қаштың алаңы деген орын бар. Тойғожаның Мұқашы Әулиекөлде мектеп пен емхана салған адам. Оның ор­ны осы күнге дейін бар. Бірақ бұл кісі кеңес өкіметінің тұсында қысым көріп, қу­далауға ұшырап, Башқұртстанға кө­шіп кеткен. Сүйегі сонда жатыр, ұр­па­ғы Алматыда, – деді Әулиекөл ауда­ны­ның құрметті азаматы Әкімбек Қабден ақсақал.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осы Мұ­қаш мектебінде қысқа уақыт еңбек етіп, шәкірт оқытқан. Әулиекөл ауданын­да көп жыл білім саласында қызмет ат­қар­ған ардагер ұстаз Жұмабай Байжанов ақса­қалдың айтуынша, кезінде Ахаң ұстаз­дық еткен білім ғимараты кешкі мектеп ре­тінде күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Қазір мұнда отыз шақты оқушы білім алып жатыр.

– Кезінде қазіргі кешкі мектептің орнында шағын ғана  білім ошағы болыпты. Ахмет Байтұрсынұлы 1897-1898 жылдары осы мектепте жұмыс істеген және осы ғимараттағы шағын бір бөлмеде тұрған деген әңгімелер айтылатын. Қазір ол бөлме бос тұрған болу керек. Алдағы уақытта осы мек­теп жөнделіп, шатыры оңдалып, Ахаңа арналған арнайы мұражай ашыл­са деген тілегіміз бар, – деді бүгін­де Қостанай қаласында тұрып жат­қан қария.

Әулиекөлдің өзге елді мекендерден даралап тұратын тағы бір ерекшелігі – ауылдың әр жерінде орналасқан 7 бірдей айдын көлі. Оның ішіндегі ең көлемді әрі ең әсем айдын Мұғалім көлі деп аталады. Ахаң ұстаздық еткен мектеп те дәл осы көлдің жағасында тұр. Ауыл ақ­са­қал­дарының айтуынша, Орынбор мектебін жаңа бітіріп келген жас Ахметтің Бәдрисапамен танысқан жері де – осы көл­дің жағасы. Сондықтан жергілікті жұрт бұл көлді Ахаңның есімімен байланыс­тырып, Мұғалім көлі деп атап кеткен деседі.

Әулиекөлдегі Ахаң сабақ берген мектептен кейін Ерік Асанбаев, Нығметжан Есенғарин, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов сынды ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шықты.

Әулие деген сөзді айтуға болмайтын кеңестік кезеңде бұл мекен Семиозер деп аталып жүрді. Кейін біраз жыл Жетікөл деп аталды. Елді мекеннің тарихи атауы 1997 жылы ғана қайтарылды. 

 

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауылы