• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 24 Наурыз, 2022

Халық қолдайтын мықты билік керек

350 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы сая­си, экономикалық және әлеуметтік жаңғыртудың негізгі бағыттары жаңа, әділетті қоғам – Жаңа Қазақстанның негізгі институттарының келбетін айқындап берді.

«Алдымен экономика, сосын саясат» деген қағида қоғамдық жүйені демократияландыруға алып келеді, бұл фактор ел мен жердің, мемлекеттің байлығын халыққа қолжетімді болуына жол ашады деп үміттендік. Бірақ үміт ақталмады: қоғам байлар мен кедейлер деп аталатын екі жікке бөлінді. Бұл фактор әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырып қана қоймай, экономиканың тұрақты дамуын тежеді.

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанның құрылысын оның сая­си негізін қайта құрудан бастауға ниеттеніп отыр. Біріншіден, суперпрезиденттік басқару түрінен күшті Парламенті бар президенттік республикаға өтіп жатқанымызды атап өткен жөн. Бұл билік институты мен елдің тұрақты дамуы ара­сындағы оңтайлы теңгерімді қалып­тастырады. Мұндай саяси жүйе Қазақстанда жеке басына табынушылықа, фаворитизм мен биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейді деп ойлаймын.

Енді Мәжіліс депутаттары жар­тылай мажоритарлық негізде сайлау­шылардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланатын бола­ды. Пар­тиялық тізім бойын­ша депутаттарды ұсынуға келе­тін болсақ, бұл жерде де прог­рес­сивті демократиялық өзгеріс­терге басымдық берілмек. Нәти­же­сінде, саяси партияларды тіркеу айтар­лықтай жеңілдетіліп, партияның сайлаудағы жеңісі тек бәсекемен анықталады.

Мемлекет басшысының партия­дан шығу туралы шешімін дұрыс деп қабылдадым. Ендігі жерде бұл фактор партиялық жүйені қалып­тастыруда ашық бәсе­келес­тікке кепілдік береді. Әкімдер мен олардың орынбасарларының пар­тия филиалдарында қызмет атқа­руына тыйым салуды заңмен бекіту принципті маңызды деп санай­мын. Сенат жұмысын іштей біле­тін сенатор ретінде мен үшін Мем­лекет басшысының қос палаталы Парламентті неліктен қолдағаны түсінікті.

Себебі Парламенттің жұмыс нәтижесі депутаттардың санында емес, олардың жұмысының сапасымен өлшенеді. Атқарушы билік жұмысындағы басты мәселе ел бюджетіндегі қаражаттың жетіс­пеушілігінде емес, оның тиім­ді жұмсалуымен анықталады. Қара­пайым тілмен айтқанда, әрбір депутат Үкімет жұмысының осал тұс­тарын айтып, экономиканы тиімді басқаруды талап етсе, өміріміз әлдеқайда жақсарар еді.

Менің ойымша, Президент дәл осындай қоғамға қажетті ық­палды Парламенттің қалыптасуына қажетті іргетас жасап жатыр. Қаңтар қасіреті саяси тұ­рақ­тылық­тың, мемлекеттің біртұтас­тылы­ғының қадірін жаңа сипатта ұқтырып кетті. Көрші елдердегі саяси тұрақсыздық, санкциялар соғысы жекелеген елдерде ғана емес, жалпы Жер шарындағы сая­си тұрақтылыққа қатер төндіріп тұр. Бізге қазір мемле­кет­тілі­гі­міздің біртұ­тастығын көзі­міздің қара­шығындай қорғайтын сәт келді. Сондықтан мемлекетіміз­ді, қорғаныс қабілетімізді нығай­туымыз үшін халық қолдайтын мықты билік керек.

Иә, бүгінде Мемлекет басшы­сы еліміздің экономикалық-әлеу­меттік дамуының нақты бағдар­ламасын ұсынды. Бірақ оны азаматтық қоғамды жаңғыртусыз толық жүзеге асыру мүмкін емес. Дамыған елдердің әрбір азаматы демократиялық даму институттары арқылы мемлекеттік басқаруға атсалысады. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшін халықтың қолдауы мен сенімі маңызды екенін диван батырлары деңгейінде емес, саяси белсенділігіміз арқылы қолдаудың кезі келгенін әрбіріміз түсінуіміз керек. Халықтың сенімі енді бас­талған өзгерістердің баянды болуы үшін, ішкі-сыртқы күштердің кедергі болмауы үшін қажет екенін Қаңтар оқиғасы көрсетті.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты