Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының 18 тұрғыны былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында халыққа берілетін қайтарымсыз грант арқылы 1 528 түп жеміс ағашын алып, отырғызған еді. Аудан әкімі Тілек Ғабдушев бұл бастама биыл да жалғасатынын айтады.
Бұрын осы Теректі ауданына қарасты Барбастау ауылы алма бағымен талай жерге әйгілі болатын. Күзде 800 га алқапқа жайылған алма бақтағы жемісті жинау үшін қаладан студенттер әкелінетін. Бақтың өнімі осы жерде өңделіп, жергілікті зауытта шырын, тосап, тіпті, шарап жасалатын.
Сол алма бақ Кеңес өкіметі ыдырап, экономикалық байланыстар күйреген қиын кезеңде қараусыз қалды. Алайда тәжірибе текке кетпейді ғой. Топырағы құнарлы, халқы еңбекқор Теректі халқы байырғы ата салтын жаңғыртып, ауылды атына заты сай жасыл желекке, тәтті жеміске бөлеуге кірісті.
Бәріне бастама болған «Менің аулам – менің бағым» бағдарламасы. Батыс Қазақстан облысында былтыр ақпан айында қолға алынған бұл іс қазір ел ішінде өте танымал. Қараңыз, «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант қаржысына жергілікті ауа райына бейімделген жеміс көшетін аласыз. Сонымен бірге тәжірибелі мамандар бағбандықтың қыр-сырын, әліппесін тегін үйрететін семинар-кеңестер өткізеді. Кез келген уақытта ақыл-кеңес алуға болады. Әдетте жеміс ағашы өнім беруі үшін бірнеше жыл қажет болса, Теректі ауданында отырғызылған 266 түп терек 2021 жылдың күзінде 21 тонна алма беріп үлгерді. Яғни көшет құнарлы топыраққа, еңбекқор бағбанға тап болды деген сөз!
Теректі ауданына тігілген 1 528 түп теректен бөлек, осындағы 14 шаруашылыққа бақ өсіру үшін 795 гектар берілген. Оның ішінде West Agro-Milk ЖШС, «Витамин» ШҚ, «Үмбетияров» ЖК жалпы аумағы 563 гектар жерге 3 520 түп алма ағашын егіп, баптап жатыр.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Барбастау алмасының өңір бренді болғанын қалайтынын үнемі айтып жүреді. Әрине, бүгінде сапалы, бәсекеге қабілетті өнім алу үшін ғылым мен технология қатар жүруі керек.
Тәжірибе алмасу мақсатындағы осындай семинар-кеңестің бірі жақында аудан әкімі Тілек Ғабдушевтің ұйымдастыруымен Теректі ауылында өтті. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов, С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталды-тәжірибелік бақ жетекшісі, бағбан-селекционер Қайрат Кәрімов, ауыл бағбандары, округ әкімдері, жергілікті мәслихат депутаттары қатысқан жиын өте пайдалы болды.
– Жеміс ағашы ерекше күтіп-баптауды қажет етеді. Оны отырғызғанда жергілікті ауа райына бейімделген, төзімді түрін таңдау керек. Әсіресе, алма ағашын отырғызған кезде топыраққа мән беру қажет. Көшет тігер кезде шұңқырының көлемі мен тереңдігі 90 см болғаны дұрыс, – деп бастаған кәнігі бағбан Қайрат Кәрімов өз тәжірибесінен көптеген мысал келтірді. Эксперименталды бағында алма мен жүзімнің 200-ден аса ерекше сортын өсіріп отырған бағбанның пікірін тұрғындар жылы қабылдады. Өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды.
Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор» деген болатын. Ауданда бағбандық қозғалыстың өсуі бұл жағынан да маңызды. Тілек Александрұлы «Биыл 1 мың түп жеміс ағашын әлеуметтік мекемелер арқылы отырғызамыз» деген жоспарын айтты.
– Біздің өңірде экологиялық жағдай жылдан жылға күрделіленіп барады. Ең өзектісі – су. Тал-терек егу, әсіресе, жеміс ағашын өсіру табиғат үшін өте пайдалы. Ерекше айтарым, суды үнемдеп жұмсауға үйренейік. Осыны халыққа жеткізуіміз керек, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Сансызбайұлы.
Семинарда ауыл тұрғындары, ақжайықтық Руслан Мырзағалиев пен барбастаулық Жәрдем Хитаров былтыр отырғызған жеміс ағаштарының жағдайын, жұмыс нәтижесін айтып, тәжірибе бөлісті. Басқосуда «Алтын алма» сауда үйлері желісінің өкілі Мәрзия Қазиқызы мен «Теректі» шаруа қожалығының басшысы Сержан Идиятов іс жүргізу, өнім алу және оны өткізу жайында айтты.
– Жеміс ағашын өсіремін деушілер болса, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жолықсын. Биыл мемлекеттік грант саны екі есе өсті. Грант қаржысы да қомақты, – дейді Тілек Ғабдушев жерлестерін жер емуге шақырып.
Батыс Қазақстан облысы