Қолөнер шеберханалары мен музейлерден ғана кездестіріп жүрген сәндік қолданбалы өнер туындыларына соңғы жылдары сұраныс артып келеді. Этноөндіріс құны қымбат болғанымен, табиғи өнімдер шеберлер қолынан жаңа тыныс алып, заманауи қоғам қажетіне жарап-ақ тұр.
Ә.Қастеев атындағы Қолданбалы өнер бөлімінің аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Наталия Баженова қазақтың қолданбалы және дәстүрлі тоқыма өнерінің зерттелу барысына тоқталып, еліміздің өңірлерінен жылдар бойы жинақталған 500-ге жуық өнер топтамасын таныстырды.
Бүгінде тұтынушысын тамсантқысы келетін кәсіпкерлер қолөнер бұйымдарын сарайлар мен мейрамханалардың сәніне айналдырса, сән әлемі бұл бағытта ерекше үлгілерге назар аударуда. Ал музей мұрағатындағы мына жәдігерлердің сыры тереңде жатыр. Тұскиіз, сырмақ, текемет пен кілемдердің жүзден астам түрлері, сондай-ақ аяққап, атжабу, кермеқап, кесеқап, жайнамаз сияқты күнделікті қолданыста сирек кездесетін сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының ғылыми деректері көне ғасырларға тән.
Бірнеше өнердің киіз, мата бетінде қабысуы, әрине таңданыс тудырмай қоймайды. Түркі халықтарының күнделікті тұрмысының сәні мен салтанатына айналған бұйымдардың заманауи көрме кеңістігінде инклюзивті жобалар аясында көрініс табуы қоғам қажеттілігінен туындап отыр.
Көзімен көре алмағанмен, түрлі түсті әлемнің әсемдігін саусақ ұшымен ғана сезіне алатын зағип жандарға арналған алақандай текеметтің бірнеше түрін Қолданбалы өнер бөлімінің мамандары тоқыған. Зағип жандар үшін арнайы ұйымдастырылған топтаманы торсық, қобыз, шиге салынған өрнек кілем сияқты оюмен көмкерілген бұйымдар толықтырып тұр.
Наталия Баженова атап өткендей, келушілерді ұлттық бұйымдардың жасалу, тоқылу әдістері, өндірісте қолданылған өнімдер мен өңдеу барысы қызықтырады. Әсіресе, музей экспонаттарының мектеп оқушылары үшін берер мағлұматы мол.
АЛМАТЫ