Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылындағы негізгі мектеп ғимаратын наурыздың 28-інде күрт еріген қардың суы құлатып кетті.
Бұл жөнінде оралдық Салтанат Сағынғалиева хабарлады. Осы ауылда туып-өскен, мұғалімдік еңбек жолын осы жерден бастаған ол оқиғаға жаны күйіп, шағын ауылдың мәселесіне осы кезге дейін көңіл бөлмей отырған аудан басшылығына үлкен өкпесін айтқан.
«Қабырғасы сонау 1988 жылы қаланып, содан бері бір күрделі жөндеу көрмеген мектептің қалай құламай тұрғанына таңым бар. Алғашқыда от жағып, күлімсі иіс пен ыстың ортасында талай сабақ оқыған кездерім есіме түседі. Бертін келе көгілдір отынның қызығын көре бастады. Мектеп әкімшілігі оқушылардың білім алуына барынша жағдай жасап, өз жыртығын өздері жамап әлек. Ауыл боп жаңа корпусты да өздері жалғап салып алды. Аудан тарапы көмек қолын созбады. «Сен тимесең, мен тимен» боп аядай ғана ауылға атқамінерлердің біреуінің де жаны ашымады. Қазіргі жағдайы өте мүшкіл. 2022 жылдың 28 наурызында қырдан келген қызыл су мектептің жалғанған бөлігін түгелдей дерлік жалмап кетті. Кітаптар мен құжаттар суға кетті. Ұстаздар мен ауыл халқы шарасыз күйде. Қоскөл ауылдық округі әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысы қолдарында бір күрегі жоқ, не алып келген техникасы жоқ, келіп құр сөзбен жұбатқандай кейіп танытып кетіп қалды. Ауыл азаматтары өз техникаларын жұмылдырды. Трактормен құм төсеп, қызметкерлер біресе су, біресе кітап пен құжат тасып шаршады. Келген атқамінерлер «осы мектепті жаппай отырғанымызға рахмет айтыңдар» дегендей сөзбен түйреп, қорқытқандай болды. Халықтың осы жерде шоғырланып, түтінін түтетіп отырғандағы себебі – балаларының білім алатын мектебі ғана. Мектеп жабылса, ауыл да үдере көшпек...»
Шынында да шағын ауылдарды ұстап тұрған мектеп екені, мектеп жабылса, ауыл жойылатыны туралы талай айтылып жүр. Біз дереу аудан басшылығына хабарласып, мәселенің мән-жайын білдік.
Шалғын ауылы – бұрынғы Қоскөл кеңшарының бөлімшесі. Аудан орталығы Қаратөбе кентінен тікелей дала жолымен жүргенде 120 шақырымдай болса, қазіргідей лайсаңда Жымпиты кенті арқылы айналып қана бара аласыз. Ол – 200 шақырымдық жол. Соның өзінде Ақтөбе-Самара күре жолынан Шалғынға дейін баратын 12 шақырым дала жолы көлікті де, жолаушыны да әбден сынайды. Қаратөбе аудандық білім бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев оқыс хабарды естіген бойда таңертең жолға шығып, Шалғын ауылына түс ауа әрең жеткенін айтады. Әсіресе соңғы 12 шақырым көлікті 3 сағат тұсаған.
– Шалғын ауылында 38 үй бар, оның 8-і – шаруа қожалығы. Соңғы он жыл бойына оқушы санын 41-42-ге әрең жеткізіп, негізгі мектеп мәртебесін сақтап келеміз. Ауылда өсім болмағанымен, көшу де жоқ. Тұрғындар мектептің сақталғанын қалап отыр. Биыл ауылда 8 отбасы патронаттыққа бала тәрбиелеп алуға өтініш берді, – дейді Берікжан Ғарапшаұлы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы айтқандай, ауылдағы білім ошағы әу баста 1964 жылы бастауыш мектеп болып ашылған екен. 1988 жылы орталау мектепке айналып, негізгі ғимараты салынған. Ол ғимарат тарлық еткен соң, 2007 жылы ауыл азаматтары өздері бас қосып, шикі кірпіштен, саман тастан 4-5 бөлмені жалғап қосқан. 2015 жылы мектеп ғимараты табиғи газға қосылған. Міне, қар суынан бүлінген де осынау іргетасы аласа, жергілікті құрылыс материалдарынан салынған қосымша ғимарат екен.
– Жалпы, Шалғын ауылы – Шилі деген өзеннің жағасында, бірақ шағылда орналасқан, жері құмды өңір. Су келетін реті жоқ. Мектеп айналасы да уақытында қардан тазартылған. Жылда ауыл іргесінде шағылдан еріген су сайларға ағып барып, өзенге құйылатын. Биыл, наурыздың 28-і күні таңда жердегі тоң еріп үлгермей, қар суы терең жолмен ағып келіп, ауылға кіріп кеткен. Сол күні таңда бір қожалықтың тракторы осы жерден өтіп, су ағып жатқан арнаның бір шетін бұзып жіберген екен. Сол уақытта су лап қойып, мектеп ғимаратына кірген. Ғимараттың сыртқы корпусы аман. Бірақ ішкі қабырғалары құлап қалды. Айтпақшы, 30 наурыз күні күн райы жылынып, күрт ерігенде ауылға тағы су келді. Бұл жағдай аудандық төтенше жағдай мекемесіне хабарланып, тіркелді. Бұл жолы мектепке су жібермей, аман алып қалды, – дейді Берікжан Ғарапшаұлы.
Табиғаттың тосын құбылысынан Шалғын негізгі мектебінің 4 сыныбы оқитын қосымша ғимараты бүлінген. Бірақ негізгі ғимараты сау. Мектепте 31 наурызда төртінші тоқсанның сабағы басталмады. Өйткені мектеп айналасындағы су мен балшық тазартылып жатыр. «Бұл күннің сабағы сенбі күніне ауыстырылды» деп хабарлады аудандық білім бөлімінің басшысы.
Енді Шалғын мектебінің болашағы қалай болмақ? Мектеп жабылып, тұрғындар амалсыз жан-жаққа көшіп кетпей ме? Көпшіліктің көкейіндегі сауал – осы.
«Біз ауыл мектебіне күрделі жөндеу жүргізу үшін 2020 жылы техникалық сараптамаға тапсырыс берген едік. Бірақ сарапшылар «бұл ғимарат күрделі жөндеуге жатпайды» деген жауап қайтарды. Сондықтан аудандық әкімдік пен облыстық білім басқармасы бұл ауылға 2023 жылы модульдік мектеп салуды жоспарлап отыр». Бұл – Қаратөбе аудандық білім бөлімі басшысының жауабы.
Айта кетейік, өңірде ғимараты апаттық жағдайға түсіп, оқушылары қосымша ғимараттарда білім алуға мәжбүр болып отырған мектептер аз емес. Солардың бірі – Ақжайық ауданы Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектеп туралы бұрын да жазған едік. Қазір мектеп оқушылары ауылдық әкімдік, кітапхана, балабақша ғимараттарына бөлініп оқып жүр. Жоспар бойынша бұл ауылға да модульдік мектеп ғимараты салынуға тиіс. Бірақ құрылыс қашан басталары әлі белгісіз.
Батыс Қазақстан облысы