• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Сәуір, 2022

Сталин марапаттаған қазақ

4338 рет
көрсетілді

Тарихтан білеміз: Қызыл Армия 1945 жылы 9 мамыр күні неміс фашистерін тізе бүктіргеннен кейін, сол жылғы тамыз айының 9-ы күні Жапонияға қарсы соғыс ашып, аз ғана уақыт ішінде Квантун армиясының құрлықтағы және теңіздегі қарулы күштерін толық талқандауына байланысты КСРО Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы И.В.Сталин 1945 жылы 25 тамыз күні төтенше № 372 бұйрық шығарып, майданда ерлік көрсеткен майдан қолбасшыларын, офицерлерді марапаттаған екен.

Жоғарыдағы Бас қолбасшы бұйры­ғы­ның қазақша толық мәтіні республика үні «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 25 тамыз күнгі санында жарияланып, жарлықта аты аталып, түсі түстелген адамдардың құрметіне 23 күні сағат 22.00-де Мәскеудің Қызыл ала­ңында мерекелік салют ату жайлы үкім еткен екен.

Осындағы Бас қолбасшы Сталиннің марапаттау тізімінде жалғыз қазақ, моң­ғолиялық генерал Мүдәрісұлы Жай­са­­ныптың аты аталыпты (Приказы Вер­хов­ного Главнокомандующего в пе­риод Великой Отечественной войны Советского Союза: Сборник. – М.: Вое­низдат, 1975. С. 514–519). Өйткені бұл азамат Жапонияға қарсы кеңес-моң­ғол әскерлерінің біріккен майданында Моңғолия Әуе күштерінің бас қол­бас­шысы ретінде қатысқаны белгілі.

Осы орайда қазақ ұланы Жайсанып Мүдәрісұлы жайлы баспасөз беттерінде қадау-қадау жазбалар жарияланып жүр. Бірақ мұнда айтылған деректер ауызекі әңгіме желісінен алынғандықтан, нақты тарихи құжаттарға зәру едік. Жуықта қолымызға әскери тарихшы Б.Дабас­үре­ннің авторлығымен 1984 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген «Генерал Жайсанып» атты 100 беттік шағын кітапша келіп түсті. Бұл шығарма бұған дейін шектеулі құпиялық маңызға ие болуына байланысты көпшілік оқыр­ман­ға жетпеген еді.

Ендеше жоғарыдағы кітапта жазыл­ған тарихи құжаттарға сүйене отырып, қазақ генералының бұған дейін жалпақ жұрт­­қа белгісіз болып келген өмір жолын тәпсірлеу тәсілімен баяндауды жөн көрдік: – 1927 жылы Моңғол Мем­ле­кеттік Кіші Құрал Басқармасының шеші­мімен қошуын бастықтарының бі­­лім-білігін жетілдіру мақсатында, Мәс­­кеу қаласында КУТВ-тың жанынан ашыл­ған «Қошуын бастықтарын дайын­дай­тын» біржылдық курсқа мамандар жі­бе­ру мәселесі қолға алынды, – деп жазады автор.

Мұндағы «қошуын» деп отырғаны – 1925 жылдан бастап, Моңғол елінде орнаған әкімшілік бірлік. Үлкен тарихшы Ислам Қабышұлы 1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Моң­ғо­лия қазақтарының тарихы» атты моно­гра­фиясының 178-ші бетінде: «1925 жылы Моңғолияның Қобда өлкесіне бағынышты болған қазақтардың әкім­ші­лік бірлігі ежелгі манжы-қытай та­ғайын­­даған үкірдайлық жүйеден қо­шуын болып өзгерді. Қазақтар мекендеген өлке алғашында: Шеруші, Қошақ, Ботақара, Шыбарайғыр, Байқадам атты бес қошуынға бөлініп, қошуын ішінен зәңгілер бөліп-бөліп басқарды. Мысалы, Ботақара қошуыны өз ішінен: Секел, Тайлақ, Қанкелді, Базазқұл зәңгісі болып бөлінді», дейді.

Сөйтіп, жоғарыдағы жаңадан орнаған әкімшілік бірліктерге кадр даярлау  мақ­сатында: 1929 жылдың тамыз айын­да Қобда аймағына қарасты қазақ қошун­дарынан іріктеліп алынған қазақ жас­тары – Р.Жүнісхан, Д.Жеңісхан, К.Шәкірбай, О.Махабыл, Ө.Тоқтыбай, К.Шариптермен бірге М.Жайсанып та КУТВ-қа оқуға аттанады. 1930 жылы біржылдық курс­ты ойдағыдай бітірген Жайсанып елге қайтпай КУТВ-тың дайындық бөліміне қабылданады. Бұл оқу алғашқы «Қошуын бастықтарын да­­йындайтын» біржылдық курсқа қарағанда басқаша еді. Мұнда коммунистік партия тарихы, орыс тілі, математика қатарлы күрделі пәндер оқытылатын. Бұл жағдай бұған дейін ешқандай оқу-тоқу көрмеген Жайсаныпқа оңай болмаған тәрізді. Оның сыртында орыс тілін толық мең­ге­ру мәселесі тағы бар. Сөйтіп, 1931 жылы КУТВ-тың дайындық бөлімін бітірген Жәкең Тамбов қаласындағы атты әскер училищесіне оқуға аттанады.

1934 жылы атты әскер училищесін ойдағыдай тәмамдаған Жайсанып Мүдәрісұлына Моңғол үкіметі Оренбург қала­сындағы ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға келген моңғол жігіт­те­ріне аудармашы-ұстаз болу міндетін жүктейді. Бір қызығы, алғыр жігіт ауда­рмашы-ұстаз болып жүріп-ақ әс­ке­ри ұшқыш мамандығын игеріп алады. Бұл мектепті 1937 жылы бітірген Жайсаныпты ұшқыштар училищесінің комиссары И.Д.Кобякин шақырып алып: «Сіздің ұшу тәсілін игерудегі шеберлігіңіз бен орыс тілін еркін мең­геруіңіз біз үшін аса маңызды. Сон­дық­тан туысқан моңғол мамандарын даярлау ісіне қажет боласыз» деп училищеге үйретуші-ұшқыш ретінде жұмысқа қабылдап, Қызыл Армияның лейтенанты шенін бергізеді. Жайсаныппен бірге ұшқыштар мектебін бітірген: Гомбожав, Г.Жигжид, С.Лхамсүрэн, М.Осор, Л.Чог­сам­жав тағы басқа ұшқыштар елі­не атта­нып кетеді.

Шығыста жапон миллитаристерінің қаупі күшейген 1939 жылдың қаңтар айында ұшқыш Жайсаныпты маршал Чойбалсын Моңғолияға шақырып алып, ұшқыштар дайындайтын мектеп ашу жайлы тапсырма беріп, ең әуелі эскадрилия бастығына тағайындайды. Лейтенант шенін капитанға көтерді. Көп кешікпей Әуе қорғаныс күшін басқару міндетін жүктейді. 1939 жылы наурыз айында Мемлекеттік Кіші Құрал Бас­қа­рамасының шешімімен ұшқыштар мектебін Қорғаныс министрлігінің қа­рауына беріп, әскери ұшқыш дайындау ісіне Жайсаныпты жауапты етіп тағайындайды. Арада үш ай өткен соң қазақ баласын Әуе күштері қор­ға­нысының бас қолбасшылығына тағайын­дап, полковник шенін береді. Әскери тарихта екі жылдың ішінде (1937-1939) лейтенант шенінен тіке полковник шеніне көтерілген адам аз шығар. Ке­шік­пей 1939 жылдың мамыр айының 11 күні Халқын-гол майданы басталады. Майданға Моңғолия әуе күштеріне қосбасшылық жасаған Жайсаныпқа Моңғол Халық Республикасының тәуел­сіздік алғанына 18 жыл толу датасына орай 1939 жылдың 11 шілде күні сол тұста генерал-майор дәрежесімен бірдей «бригада командирі» атағы беріледі. Осыған қарағанда бұл тұлға кеңестік дәуірде «генерал» атағын алған алғашқы қазақ азаматы болуы ғажап емес.

Нәтижесінде, бригада командирі Жай­саныпқа мемлекеттің шығыс шекарасына қауіп төндіріп тұрған Жапония мил­литаристеріне соққы беру тапсырмасы жүктеледі. Осы бір ауыр міндетті орындау барысында оған кеңестік тәжірибелі әскери ұшқыштар Шорков, Комендатов, Курбатов, Семенов, Ви­но­градов тағы басқалар көмекке келеді. Тарихта «Халқын-гол майданы» деген атпен белгілі бұл майданда тарихта тұңғыш рет Жайсанып жауға қарсы түнгі әуе шабуылын ұйымдастырды.

Осы шайқасқа қатысқан ардагер ұшқыштың естелігінде, түнгі шайқасқа әзірлік аяқталғаннан кейін полк майдан антын көтерді. Барлығымыздың атымыздан Әуе күштерінің бас қол­бас­шы Жайсанып: «Жау жағадан алған қазіргідей қиын кезде Отан алдында ант береміз. Моңғол Халық Респуб­ли­ка­сы­ның тәуелсіздігін, бір уыс топырағы мен бір ұрттам суын қасық қанымыз қал­ғанша қорғаймыз. Моңғол Халық Ар­миясының жауынгері ретінде, қару-жарағым мен қасымдағы жауынгер жолдастарымды жауыз жаудың оғынан қорғаймын!» деп күңірене оқыды. Қолбасшымен бірге полк командирі З.Бор, комиссар Т.Шағдырсүрен, штаб бастығы А.Дағба, партия ұясының бастығы Г.Бямбыжабтар да ант берді. Ант беру рәсімі аяқталған соң, Жайсанып Мүдә­рісұлы сөз сөйлеп, көпшілікке соғыс жағдайын мәлімдеп, күллі құры­лымды қатаң тәртіпке шақырды. Ант берген күннің түнінде шабуылға кірістік. Ең әуелі барлығымыз шашымызды тақыр­латып алдырып, әскери құжат­та­ры­мызды үйге қалдырдық. Матадтан Хамырдабаға дейінгі 300 шақырымға 2 сағатта ұшып жеттік. Жайсанып түңгі шабуылға аттанған 9 ұшақты үш-үштен жіктеді. Бірінші топқа өзі басшылық жасады. Екінші топты орыс ұшқышы Комендатов басқарса, үшінші топты З.Бор басқарды, деп жазыпты (Б.Даба­сү­рен «Генерал Зайсанов», Ұлан­ба­тыр – 1984 ж. – 34 бет).

Халқын-гол майданы кезінде Қы­зыл Армия тарапынан Моңғол әуе қорғанысына И-15 маркалы жою­шы ұшақ беріледі. Бұл ұшақпен ең әуелі Жайсаныптың өзі ұшып көріп, басқаларды үйреткен екен.

Сондай-ақ майдан қолбасшысы Г.К.Жуков генерал Жайсаныптың түнгі шабуылын қолайлы деп көріп Қы­зыл Армияның 57-ші корпусына «түнгі әуе шайқасына іріктелген ұш­қыш­тарды қатыстыру» жайлы ресми хат түсіреді. Нәтижесінде, бұған дейін сан соғысты бастан кешірген ке­ңес­тік ең таңдаулы 21 ұшқыш ірікте­лі­неді. Осылардың 11-і КСРО Батыры еді. Олар: А.И.Гусев, Н.С.Герасимов, С.И.Грицевец, В.В.Зверев, С.П.Денисов, И.И.Душкин, П.Т.Коробков, И.А.Лакеев, Я.В.Смущкевич, В.И.Шевченко, Г.П.Крав­ченко.

Сөйтіп, 1939 жылы Халқын-гол майданында кеңес-моңғол әскерлері жеңіске жеткеннен кейін, қазан төң­керісінің 22 жылдық мерекесі күні (11 қараша) Ұланбатыр аспанында Жайсанып пен кеңестік ұшқыш Жаров екеуі халыққа әуе шайқасын көрсетеді. Одан кейін 1945 жылы 9 мамыр күні Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіс мерекесіне орай орталық алаңға жиналған қарақұрым халықтың көзінше генерал Жайсанып пен орыс ұшқышы П.А.Бобко әуе шайқасынан этюдтер көрсетіп, соңында Жайсанып өзі жекедара бочка тарту, әуеде шыр айналу, тік шаншылу сияқты керемет көріністерді халыққа тамашалатады.

Моңғол Халық Республикасы Ми­нис­трлер Кеңесінің 1944 жылы 28 сәуір күнгі 52-ші қаулысымен Жайса­нып­қа ресми түрде әскери жоғары шен «генерал-майор» беріледі. Нәтижесінде, қазақ азаматы 1945 жылғы Квантун армиясына қарсы жорыққа генерал шенімен қатысып, майданда көрсеткен ерлігі үшін Бас Қолбасшы Сталиннің марапатына ие болады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтал­ған­нан кейін Ж.Мүдәрісұлы 1948 жылы Ю.Гагарин атындағы әуе күштері академиясына оқуға барады. 1951 жылы командалық штаб басқарудың жоғары дәрежелі № 744500 дипломын алады. Қобда беті қазақтары үшін үлкен тарихи мереке 1950 жылы ұлттық Бай-Өлке аймағы орнауының 10 жылдық тойы белгіленеді. Осы той үстінде Бай-Өлке топырағына алғаш рет ұшақ қонады. Темір пырақ иесі – осы өлкенің төл түлегі генерал Жайсанып Мүдәрісұлы еді.

Жәкең жарықтық 1967 жылы 19 қараша күні Ұланбатыр қаласында дү­ни­е­ден өтті. Марқұм генералдың қа­за­сы жайлы бай-өлкелік тарихшы Шы­най Рахметұлы: «генерал Жайсанып Мүдә­рісұлы аурухана қабырғасына сүйе­ніп тік тұрған күйінде қайтыс болды. Қыран шыңда өледі деуші еді. Құрметті қарауыл сапқа тұрып, үкімет басшылары бастарын иіп, мүрдесі «Катюшаның» тұғырына қойылып, оркестр ойналып, әлденеше дүркін зеңбірек атқылап, Ұланбатырдағы «Алтын бесік» зиратына жерленді» деп жазыпты.

Батыр атамыздың өмірден өтке­ні жайлы Моңғолия үкіметі мен пар­тиясының орталық органы «Үнэн» (Ақиқат) газетінің 1967 жылғы 20 қара­­шадағы санында басылған қаралы хабар­да: «М.Зайсанов жолдас 1910 жылы Бай-Өлке аймағының Ұланқұс сұмынында кедей малшы қазақтың отбасында дүниеге келген. Ол – еліміздің тәуелсіздігі мен социализм ісі үшін саналы өмірін арнаған біздің қарт жауынгерлеріміздің бірі. Моңғолия Халық Армиясында 25 жыл еңбек етіп, қатардағы жауынгерден генерал-майор дәрежесіне көтерілді» деп белгілепті.

Екі дүркін (1939, 1945) майданда Моңғол әуе күштеріне қолбасшылық жасаған қазақ генералы «Соғыс Қызыл Ту» орденімен 3 дүркін, «Соғыс Даңқы» орденімен және «Алтын Жұлдыз» орденімен 2 дүркін, КСРО Жоғары Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен ма­рапатталса, Жайсаныптың ерлік даң­қын есте сақтау үшін Монғол Халық Армиясының 60 жылдық датасына орай Бай-Өлке аймағы Ұланқұсын сұмындық 11 жылдық орта мектебіне Жайсанып Мүдәрісұлының аты берілді.