• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2022

Пәтер ұрлығы тыйылмай тұр

631 рет
көрсетілді

Пәтерге қатер ұрыдан келетіні әлімсақтан аян. Сұрап құл болғаннан, ұрлап бай болғанды мақұл көретіндердің саны жыл жылыстаған сайын сирегенімен, сазайын тартпай тайраңдап жүргендер әлі күнге дейін иесіз қалған пәтерлерді тонаудан танған емес.

Әйткенмен, пәтер тонауды әдетке айналдырған, қолының сұғы бар «сұ­ра­пылдармен» күрес бір сәтке де сая­быр­сыған емес. Ішкі істер минис­трлігі Криминалдық полиция де­пар­та­ментінің аса маңызды істер жө­нін­де­гі аға жедел уәкілі Сағындық Жан­теміров қабылданған тиісті ша­ра­лар­дың негізінде пәтер тонау­шы­лар­дың қарасы уақыт өткен сайын азайып келе жатқанын алға тартады.

Пәтер тонау ұрлықтың 20,5 пайызын құрайды

Еліміз бойынша пәтер тонау барлық ұрлықтың 20,5 пайызын құрайды екен. Одан келетін шығын шамалы болса да, мүлік иесіне айтарлықтай материалдық зиян келтіреді. Сондықтан осындай қыл­мыстардың алдын алуға және ашу­ға ішкі істер органдары ерекше көңіл бөледі.

«Қабылданған шараларды жетілдіру мақсатында Ішкі істер министрлігі бірқатар ұйымдастырушылық және заң­намалық бастаманы уақтылы іске асырып келеді. Осылайша, ашылған қылмыстардың тәжірибесінен пәтер тонауды жәбірленушілермен татуласып, жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндігі бар адамдар жасайтындығы анықталды», дейді ол.

С.Жантеміровтің айтуынша, ұры­лар­дың пәтер иелерімен ымыраға келуі оңай екені ескеріліп, 2018-2019 жылдары қолданыстағы Қылмыстық кодекске бірқатар өзгеріс енгізілген. ІІМ өкілінің сөзіне сенсек, бірнеше рет пәтер тонап, үй-жайларға заңсыз кіргендер аса ауыр қылмысқа жол бергендердің санатына жатады. Оларды жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сон­дай-ақ мүлкін тәркілеу де назардан тыс қалмаған. Қысқасы, жазаның ауырлағаны да үй тонауды үйреншікті ісіне айналдырғандардың санын азайтуға ықпал еткені даусыз.

618 ұры алысқа кете алмады

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бүгінде пәтер ұрыларының жолын кесу, алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылады. Тұрғындардың қауіпсіздігі қай кезде де құзырлы орган қызметкерлерінің назарынан тыс қалмақ емес.

«Елімізде тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылды, олар 22 мыңнан астамы тұрғындардың бастамасы бо­йынша жабдықталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде іске асырылмақ. Ұйымдастыру шара­ла­ры мен мақсатты жұмыстардың нәти­же­сін­де жыл басынан бері алты жүзден астам (618) пәтер ұрысы және 29 қыл­мыс­тық топ ұсталды.

Мәселен, таяуда Қарағанды облысында пәтер тонаған азамат қолға түсті. Ол өзінің ойын бірнеше мәрте пластикалық терезелерді ашу арқылы жүзеге асырған. Сондай-ақ Алматы қаласында осы жылдың наурыз айында құрамында 3 адам бар қылмыстық топтың жолы кесілді. Олардың бес пәтерді тонағаны анықталған. Кү­дік­ті­лер әдеттегідей үйге кірмей тұрып, пәтер иелерінің бар-жоғын мұқият зерттеген. Ойларын жүзеге асырудың оңтайлы сәтін тапқан олар лезде құлыпты ашып, тонауға кіріскен. Ұсақ тұрмыстық техника, қаржы, және зергерлік бұйымдарды қолды қылған.

Сондай-ақ Алматы қаласында Алматы, Шығыс Қазақстан облыс­та­ры­ның тумалары пәтер ұрысы ретінде қолға түсті. Бүгінге дейін оның жеті бірдей пәтер ұрлығы дәлелденіп отыр.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда пәтер ұрлығының саны 33,4 пайызға төмендеген. Мәселен, 2017 жылы 37 893 ұрлық тіркелсе, 2018 жылы – 34 623, 2019 жылы – 31 153, ал 2020 жылы – 14 532, 2021 жылы 12 655 пәтер ұрлығы анықталған. Егер 2017 жылы 37 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2021 жылы олардың саны 12 мыңнан аспайды», дейді Сағындық Жантеміров мәселенің мәнісіне терең үңіліп.

Сақтанған адам сан соқпайды

Әсілінде қандай болсын қылмыс­тың алдын алған жөн. Мұнда алды­мен басты жауапкершілік пәтер иеле­рі­нің мойнына жүктелсе керек-ті. Қыс­қа­сы, үй иесі есікке сапалы құлып орнат­қаны жөн. Одан бөлек әрбір азамат ұры­­лар­­дың пәтерге есіктен бөлек, те­ре­зе­ арқылы кіретінін де қапер­ден шы­­ғар­­мағаны ләзім. Әмбебап ұрылар­дың пластик терезелерді оңай ашатынын есте ұстаған абзал. Ең негізгісі, көп­қа­батты тұрғын үйлерді мекен еткен адам­дар стационарлық торлар орнат­­қа­ны дұрыс.

«Адамдар осындай қадамдарға бар­ған кезде «қауіпсіздік шараларын тек бірінші, екінші және үшінші қабат­тың тұрғындары сақтауға тиіс» деген ұстанымнан ада болғандары жөн. Бар­лық қабаттың тұрғындары стацио­нар­лық тор орнатса, одан ұтылмайды», дейді Сағындық Жантеміров.

Түйіп айтсақ, пәтер ұрлығы соңғы бес жылдың бедерінде айтарлықтай азайғанымен, әмбебап ұрылар әлі де өз әрекеттерін толыққанды тоқтатқан жоқ. Ұрлықты «кәсібіне» телігендер түн қатып жүріп, өз ойларын ара-тұра болса да жүзеге асырып жатыр.

Ұрылар ұрымтал тұсты ұтымды пайда­лануға тырысатыны белгілі. Мәсе­лен, Тараз қаласының маңындағы Қайнар ауылында болған жарылыс дүмпуі көне шаһардағы 15 шағын аудан тұр­ғындарының дегбірін қашырғанын көз көрді. Сол кезде сан түрлі алып-қаш­па әңгімелерге сенген тұрғындар көлік­теріне жалма-жан отырып, туыс­та­рының үйін паналамақ ниетпен жолға шыққан еді. Олардың пәтерін тастап қашқанын естіген пәтер ұрыларының балкон арқылы пәтер тонауға кіріскен бейнежазбалары әлеуметтік желілерде тарап та кетті. Бір анығы, қандай жағдай болса да, тұрғындардың ресми ақ­паратқа сенгені жөн екеніне сол кезде тағы бір мәрте көз жеткен болатын. Қысқасы, қарақшылардың қақпанына түсіп, полицейлерге шағымданғаннан гөрі, олардың ойын жүзеге асырмаудың жолын қарастырған жөн.