Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған болжамы және 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеті нақтыланды.
Бюджетті нақтылады
Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылауды қарауға енгізді.
Макрокөрсеткіштердің болжамы сыртқы экономикалық жағдайды, әлемдік экономиканың дамуын бағалау, сонымен қатар мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып нақтыланды. Мәселен, жыл басынан бері ел экономикасы өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы, ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларында 3,5%-ды құрады. Ә. Қуантыровтың айтуынша, геосаяси жағдайдың шиеленісуіне орай сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты халықаралық қаржы ұйымдары осы жылы әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсу перспективаларының төмендеуін күтуде. S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін түсірді. «Мұнай нарығында жыл басынан бері мұнайдың Brent маркасының орташа бағасы барреліне 98 доллар болды. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдары 2022 жылы мұнай бағасын 74-105 доллар аралығында болжап отыр. Осыған байланысты макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалды», деді Ұлттық экономика министрі.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте номиналды ішкі жалпы өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары.
Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеюіне және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетілді. Құрылыста өсім бұрын мақұлданған деңгейде сақталады – 3,8%. Ақпарат пен байланыста ақпараттық қызметтерге сұраныстың төмендеуі салдарынан болжам 8,3%-дан 5%-ға дейін төмендеді. «Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд долларға дейін өседі. Импорт 40,2 млрд долларды құрайды. Инфляция 8-10% дәлізде анықталды», деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі.
Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде бюджет кірістері бойынша болжам нақтыланғанын айта кету керек. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 10 162 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі ұлғаю мұнайға болжамды бағаның ұлғаюы және АҚШ долларына теңге бағамының өзгеруі аясында баж мөлшерлемесінің артуы есебінен мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі есебінен корпоративтік табыс салығы бойынша күтілуде.
Президент қойған міндеттерді іске асыру және республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылға бекітілген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшерін 1 630 млрд теңгеге ұлғайтып, 4 030 млрд теңгеге дейін түзету ұсынылады.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырды. Нақтылау шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ бұған дейін қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілді. Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылды. Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды: бюджеттің өз кірістері – 1,1 трлн теңге; Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту – 1,6 трлн теңге. Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталады.
Е.Жамаубаев осы блоктың басым бағыттарына тоқталып өтті.
Бірінші. Халықтың табысын арттыру бойынша жалпы шығыстары 197 млрд теңге болатын іс-шараларды жүзеге асыру. Осы қаражат шеңберінде жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етіледі.
Екінші. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары шеңберіндегі іс-шаралар – 238 млрд теңге. «Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді шешуге бағытталады», деді Қаржы министрі.
Үшінші. Жалпы сомасы 476 млрд теңгеге қосымша шығыстармен өңірлерді дамыту. Аталған шығыстардың негізгі бөлігі 271 млрд теңге немесе 57% батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға бағытталған. «Жалпы алғанда, нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңгеден астам қаражат немесе жалпы шығыстардың 29,3%-ы бағытталатын болады. Сондай-ақ қосымша қаражат шеңберінде инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге арналған шығыстар көзделген. Бұл 110 млрд теңгеден асады», деді Е.Жамаубаев.
Соның нәтижесінде, республикалық бюджеттің параметрлері былайша қалыптасты. Бюджет түсімдері 15,8 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімге 17,3%-ды құрайды. Шығыстар 18,8 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге 20,5% деңгейінде болжануда. Бюджет тапшылығы бұрын бекітілген деңгейде сақталды. «Барлық жоспарланған шаралар экономика мен өңірлердің дамуына серпін береді. Сондай-ақ халық табысының өсуін қамтамасыз етіп, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға тиіс», деп түйіндеді Қаржы министрі.
Мәселені Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорытындылады.
Сонымен Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес қалыптасқан жағдайды ескере отырып, еліміздің ІЖӨ нақты өсімі 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Номиналды ІЖӨ 91,5 трлн теңге көлемінде күтілуде, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Болжам бойынша экспорт 72,2 млрд долларға дейін, импорт 40,2 млрд долларға дейін артады. Инфляция 8-10% дәлізінде анықталған. Республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық әрі уақтылы орындауға, сондай-ақ қазіргі жағдайда экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.
Қаржы министрлігінің деректері бойынша, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2022 жылы 10 162 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Республикалық бюджеттің шығыстарын түзетілген көлемге қатысты 2,7 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 18 795 млрд теңге көлемінде айқындау ұсынылады.
Премьер-Министр республикалық бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан түсетін кепілдендірілген трансферт мөлшеріне түзету енгізілетінін атап өтті. «Қосымша шығыстар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы қаңтар айындағы, сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында және Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыруға жұмсалады. Сонымен бірге осыған дейін қабылданған шұғыл міндеттемелерді орындауға бағытталады», деді Ә.Смайылов.
Қаражатты қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік мүлік пен қалалардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге, қаржы-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықты, бизнес пен экономиканың нақты секторын қолдауға жұмсау жоспарланып отыр.
Балаларды тегін спорт секцияларымен қамтиды
Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралды. Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев, Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният, Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин баяндама жасады.
Қазақстанда орта есеппен халықтың 35%-ға жуығы спортпен шұғылданады. Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстарының көрсеткіштері жоғары. Ал ең төменгі көрсеткіштер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.
Осыған орай Премьер-Министр 2025 жылы спортпен айналысатындардың үлесін 50%-ға дейін жеткізу керек екенін айтты. Ол үшін саламатты өмір салты мен спорттың пайдасы туралы кеңінен насихатталуға тиіс. Сондай-ақ бұл ауру-сырқаудың алдын алу, спорттық инфрақұрылымды кеңейту және бұқаралық спорт саласын қаржыландыруды ұлғайту секілді ауқымды жұмысты талап етеді. «Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шамамен 21 млрд теңгені кәсіби спорт түрінен алып, бұқаралық спортқа қайта бағыттадық. Оның 6 млрд теңгесі мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруға жұмсалды. Мемлекеттік тапсырыс арқылы мыңдаған бала спорт секцияларына тегін баруға мүмкіндік алды. Секцияларға кететін шығындар бюджеттен төленеді. Өткен жылы республика бойынша 162 мың бала осындай мүмкіндікке ие болды. Ал биыл 275 мың бала қамтылады», деді Ә.Смайылов.
Мемлекеттік тапсырыс аясында спортпен шұғылданатын балалардың ең көп үлесі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Әзірге Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары көш соңында қалып отыр. Бұқаралық спортқа бағытталған қаржының 4,9 млрд теңгесі спорттық инфрақұрылымдарды салуға және жөндеуге бөлінді. Былтыр елімізде 41 денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылса, оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде пайдалануға берілді. Ауылдарды спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді. Тек 2021 жылдың өзінде 1 833 ауылда спорт нұсқаушысы деген штаттық лауазым енгізілді. «2025 жылы әрбір тірек ауылда спорттық іс-шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты жаттықтырушы немесе нұсқаушы болады. Денешынықтырумен және спортпен айналысу үшін спорттық инфрақұрылым жасына, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан, барлық азаматтарға бірдей қолжетімді болуға тиіс», деді Премьер-Министр.
Үлкен спорттағы жетістіктер бұқаралық спорттан бастау алатынын айта кеткен жөн. Спортпен шұғылданатын балалардың қатары көбейген сайын кәсіби спортқа барғысы келетіндердің саны да арта түседі, дені сау, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады. Бұл саланы дамыту қағидаттары мен тәсілдері денешынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрініс табады. Осыған байланысты Ә.Смайылов Мәдениет және спорт министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу арқылы балаларды тегін спорттық секциялармен қамтуды ұлғайтуды тапсырды. «Мәдениет және спорт министрлігі Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 1 шілдеге дейін спорттық инфрақұрылым жоқ елді мекендерде оларды салу жоспарын қабылдасын», деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық экономика, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен ауру-сырқаудың алдын алу шараларын насихаттауды күшейту тапсырыл- ды.