Мемлекеттің басты саясатының бірі – жұмыссыздықты азайтып, әсіресе халықаралық жобаларға жергілікті тұрғындардың көбірек орналасуына ықпал ету. Өйткені бұл – өзекті мәселе. Сол себептен Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кен орнында 2016 жылы басталған «Келешек кеңею» жобасына қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруға басымдық берілген еді.
«Теңізшевройл» іске асырып жатқан келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының жалпы құны 45 млрд долларды құрап отыр. «Теңіз» кен орнында 2023 жылы іске қосылатын бұл жобаларға 300-ге жуық отандық компания мердігерлікке тартылды. Жобаға қажетті 408 модульді жеткізу үшжылдық бағдарламасы аясында аяқталды. Әрқайсысының салмағы 500-ден 1 800 тоннаға жететін модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда құрастырылып, Ресейдің ішкі су жолымен Каспий теңізі жағалауындағы Прорва түбегіне дейін тасымалданды. Осында арнайы салынған терминалға жеткізілген модульдік жүктің жалпы салмағы 280 мың метрикалық тонна құраған. Жобаға қажетті модульдік жүктерді тасымалдауға 120-ға жуық кеме пайдаланылды. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылса, кейбірі қайта жаңғыртудан өткізіліпті. Каспий теңізі арқылы тасымалды жүзеге асыру отандық «ҚазМорТрансФлот» компаниясына жүктелді.
«Теңіз» кен орнындағы жоба құрылысының аяқталар кезеңі жақындап келеді. Мәселен, биылғы жыл басталғанға дейін ең ірі жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарының 80 пайыздан астамы аяқталды. Жобаға 60 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды. Оның бес мыңы – шетелдік. Ал жобадағы қазақстандық жұмысшылардың 40 пайызға жуығын атыраулықтар құрап отыр.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, «Теңізшевройл» компаниясы «Келешек кеңею» жобасындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты жылдың соңына дейін шамамен 39 мың адамды босатуды жоспарлап отыр. Оның ішінде еліміздің 37 мың азаматы бар. Жұмыстан босатылатын адамдардың шамамен 40 пайызын Атырау облысының тұрғындары құраса, өзгелері – еліміздің өзге өңірлерінде тұратын азаматтар.
Бұл мәселені облыс әкімдігі тұрақты бақылауында ұстап отыр. Былтырдан бері жұмыстан босатылатын адамдарды еңбекпен қамтуға қатысты тиісті жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, осы мәселеге жауапты органдармен – Енбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика министрліктерімен, сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС-ның басшылығымен ай сайын кездесу өткізіледі. Жоба жұмысынан босатылатын жұмысшылар туралы ақпараттар алмасып, жоспарлар пысықталады.
Мәселен, былтырғы жылдың соңына дейін жоба жұмыстарынан 2 769 адам босатылған. Оның ішінде жергілікті 1 228 тұрғын болған. Жұмыстан босатылғандардың арасынан 785 атыраулық тұрақты жұмысқа орналастырылған. Басқа жобаларға 19 адам ауыстырылып, екеуі оқуға жіберілген. Әлеуметтік төлемді 210 адам алып отыр. Ал 212 адам өз мүмкіндігімен басқа жұмыс тапқан.
– Биылғы бірінші тоқсанда 2 900-ден астам адам босатылады деп болжанып отыр. Оның ішінде Атырау облысынан 1 270 адам бар. Жұмыстан босатылатын адамдарды жұмыспен қамту жұмыстары пысықталып жатыр. Атырау облысының әкімдігі өз тарапынан «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы», «Өңірлік даму» және өзге де мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жыл сайын 12 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ облыста биыл және келесі жылы іске асырылатын ірі инвестициялық жобалар аясында 9 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр, – деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әрине, халықаралық жоба құрылысынан 37 мың адамның босатылатыны атүсті қарайтын жеңіл мәселе емес. Өйткені жұмыстан босатылғандарға тұрақты кәсіп тауып бере қою да оңай шешімін таба қоймайды. Осы орайда салмақ жергілікті әкімдіктерге түсетіні даусыз. Сол себептен, жақында бұл мәселе облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында тағы пысықталды. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында «Теңізшевройл» ЖШС-ның мердігер компанияларынан босатылатын жұмысшыларды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ еңбек ұжымдары арасындағы еңбек дауларын болдырмау мен еңбек қатынастарының жағдайы жөніндегі мәселелер қаралды. «Теңізшевройл» ЖШС-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Ризабек Артығалиевтің айтуынша, «Келешек кеңею» жобасының аяқталуына байланысты жыл соңына дейін босатылатын жұмысшылардың 7 мыңнан астамын өзге жобаларға жұмысқа алуды қарастырып отыр.
– «Келешек кеңею» жобасынан жыл соңына дейін босатылатын жұмысшылардың, басқа жұмысқа ауыстырылатындардың тізімін әкімдікке уақтылы ұсынылуы керек. Жобадан босатылатын жұмысшылардың аты-жөні, құжаты, мамандығы, мекен-жайы, байланыс нөмірі көрсетілген тізімін бір ай бұрын, ал нақты босатылған жұмысшылардың тізімін әр айдың басында берген жөн. Алдағы айларда босатылатын жұмысшыларды мердігерлік мекемелерге жұмысқа орналасуына ықпал етудің нақты жоспарын жасақтап, жергілікті тұрғындарға басымдық беру жағын ойластыру қажет. Мердігер, қосалқы мердігер компанияларда жалақы төлемеуге жол бермеуді, заң бұзушылықтарды болдырмауды қатаң бақылауда ұстап, жұмысшылар арасында наразылық тудырмау үшін нақты іс-шаралар қолға алынуға тиіс, – дейді М.Досмұхамбетов.
Атырау облысы