• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 12 Сәуір, 2022

Әліппе латын графикасымен шығуы мүмкін

664 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Әліппе» оқулығын латын графикасымен шығаруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.   
Министрдің айтуынша, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы нұсқасы әлі қабылданған жоқ.   «Латын графикасы бойынша әлі зерттеу жүріп жатыр. Оны алдын ала осылай болады деп айту ерте. Зерттеулер аяқталғаннан кейін осы мәселе туралы нақты айтамыз, халыққа жариялаймыз және талқылауға саламыз. Сосын тиісті шешім қабылдаймыз. Бұл ғылым ғой. Біз олар қандай нәтижеге келетінін айта алмаймыз», деді министр.   Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов алдымен латын графикасының соңғы нұсқасын қабылдап алу қажет екенін жеткізді.   Айта кетейік, бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова «Әліппенің» латын графикасы негізінде туралы айтқан еді. Ал 2021 жылдың басында латын әліпбиінің жаңа жобасы таныстырылған болатын.   Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған.   Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.   Мамандардың сөзіне қарағанда әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.   Қазіргі кезде тіл саясаты Білім және ғылым министрлігіне берілген. Бұған дейін осы мәселемен, соның ішінде латын графикасымен Мәдениет және спорт министрлігі айналысқан.