• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Сәуір, 2022

Астық жеткілікті, алаңдауға негіз жоқ

300 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров бірқатар ұн тарту кәсіпорындарының шикізат тапшылығына байланысты өз қызметтерін тоқтата тұратындығы туралы БАҚ-тарда жариялаған дабылдарына қатысты пікірін жеткізді. Ол ұн тартушыларды дүрлікпеуге шақырып, «жеке мүддені халыққа деген қамқорлық» деп көрсетудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

«Алдын ала статистикаға сәйкес, 1 сә­уір­дегі жағдай бойынша республи­када 6,4 млн тонна астық болған. Ішкі тұтынуды ес­кере отырып, бұл көлем өзін-өзі қам­тамасыз ету және бір бөлігін экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жіберу үшін жеткілікті. Айта кетерлік жайт, жыл са­йын біз 3 млн тонна ұн өндіреміз. Бірақ бұл көлемнің жартысы экспортқа жіберіледі. Осылайша, өндірілетін ұнның барлығы ішкі нарыққа қалдырылмайтындығын, ал кейбір диірмендер тіпті экспортқа ғана жұмыс істейтінін түсіну керек. Егер көтеріліп отырған мәселенің себептеріне келсек, біздің ойымызша, мәселе астықтың жеткіліктілігінде емес, бағасында. Бұрын біздің ұн тартатын кәсіпорындарымыз бидайды Ресейден неғұрлым төмен баға­мен белсенді түрде импорттады. Әсіресе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан шекаралас облыстарындағы диірмендер осылай істеді. Ал біздің астық негізінен экспортқа ке­тетін. Бұл тепе-теңдік Ресей дәнді да­қыл­дарды экспорттауға тыйым салғанға дейін сақталды. Ресейдің экспортқа тыйым салуы ұн тартушыларды ішкі нарықтағы сатып алуға шұғыл көшуге мәжбүр етеді, онда астық бағасы сәйкесінше өсті. Бұл ретте қолда бар 6,4 млн тонна көлемнің 3,4 млн тоннасы өз өнімдеріне жоғары баға белгілегісі келетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде сақталуда. Бірақ фермерлерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге, несиелерге қызмет көрсетуге қаражат қажет екенін түсіну керек. Осыған байланысты, астық бағасы әділ болса, фер­мерлер қолда бар қорларды сататын болады», деп атап өтті А.Сапаров.

Оның айтуынша, ішкі нарықта бидай мен ұннан тапшылық болмайды. Се­бебі бидай мен ұн экспортының квота­лары белгіленді. Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйым­дарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомс­тво­ара­лық комиссия экспортқа арналған квотаның көлемін 1 млн тонна бидай, 300 мың тонна ұн деп белгіледі. Шешім 1 сәуірде қабылданып, 15 сәуірден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар экспортқа қойылған шектеу маусымның ортасына дейін жарамды болады. Бұл шара ішкі нарықта тапшылықтың туындауына және ұн тарту кәсіпорындарына түсетін жүктеменің артуына жол бермеу мақсатында қабылданды.

Ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау үшін АШМ Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірлерде бидайдың бар-жоғын түгендеу бойынша жұмыс жүр­гізуде. Осылайша, Үкімет ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру бойынша шараларды қабылдап жатыр.

«7 сәуірдегі жағдай бойынша ұн қоры 118 мың тоннаны құрайды, оның ішінде тұрақтандыру қорларында 10 мың тонна, «айналым схемасы» шеңберінде 22 мың тонна, өндірушілерде 48 мың тонна, қоймаларда шамамен 20 мың тонна, сауда объектілерінде 18 мың тонна бар. Көр­сетілген көлем ішкі қажеттілікті қам­тама­сыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар Азық-түлік келісімшарт корпора­циясы­ның ре­сурс­тарында 800 мың тоннадан астам ас­тық бар, олар қажет болған жағ­дайда жағ­дайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілетін болады», деді вице-министр.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистер спикерлерге бірқатар сұрақ қойды.

«Астық өндірушілер одағының вице-президенті жақында ұнның бағасының едәуір өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Баға қаншаға қымбаттайды?» деген сұраққа жауап берген министрліктің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова ішкі нарықта ұнның өндірісі үздіксіз жүргізілетінін және күн сайын қажетті ұн көлемімен толықтырылып отыратынын атап өтті.

«БАҚ-та ұнның немесе нанның баға­сының көтерілетіні туралы көп ақпарат таралуда. Ішкі нарықта бидайға немесе ұнға деген тапшылық жоқ. Әрине, әлем­дік нарықта Ресей тарапынан салын­ған шек­теуге байланысты бидай мен ұнға де­ген сұраныс артқаны белгілі. Сол себеп­ті әлемдік нарықта бидай баға­сы бір­неше есе өсті. Ішкі нарықты тұрақ­тан­­дыру мақ­сатында тұрақтандыру қор­ларын­да қа­жет­ті көлемде кез келген өңір­­дің фи­зио­ло­гиялық тұтыну нор­ма­лары­на сәйкес халықты қажетті көлем­де қам­та­ма­сыз ету үшін кепілді түрде тұрақ­тан­дыру қорларында қажетті көлем­дегі ұн сатып алынады. Қазіргі кезде жалпы Қазақстан бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мыңға жуығы – тұ­рақ­тандыру қорларында. Тұрақтандыру қор­ларының негізгі міндеттерінің бірі – ба­ғаны тұрақтандыру. Яғни нарықта, Қазақ­­станның ішкі нарығы болсын, әлемдік на­рық болсын, бидайға немесе ұнға баға­ның жоғарылау фактілері орын алған кез­­д­е аталған тұрақтандыру қорларында сақ­­таулы ұн ішкі нарықта арзандатылған баға­мен сатылады. Одан бөлек Азық-түлік келі­сім­шарт корпорациясының резервінде 800 мың тоннаға жуық астық сақ­талған. Оның 500 мың тоннасы – резерв­тік қор. Аталған қордың да негізгі мақ­саты – ішкі нарықты тұрақтандыру немесе қандай да бір тапшылық туындаған кезде кепілді түр­де ішкі нарықты бидаймен қам­та­ма­сыз ету. «Сондықтан бидай немесе ұн баға­сы­ның әлемдік нарықта өсуі ішкі на­рық­та тікелей ұнның немесе нан­ның баға­сы­ның көтерілуіне әсер етеді» деген пікір қате. Елімізде ішкі нары­қта мемлекет тарапынан қолданылып отыр­ған баға­ны тұ­рақ­тандыруға арналған арнайы бағдар­ла­малар бар. Соның аясында әлеу­мет­тік нан­ға және ұнға деген баға әрда­йым тұ­рақ­ты болады. Ішкі нарықта бидай қо­ры жет­кілікті. Ішкі нарықта ұнның өнді­рі­сі үздік­сіз жүргізіледі және күн сайын қажет­ті ұн кө­лемімен толықтырылып отырады», деп жауап берді департамент директоры.

Тілшілер тарапынан «Диірмендер жұмысын тоқтатып жатса, тапшылық жоқ деп қалай айтамыз? Ресей шектеу қойғанға дейін бұл мәселеге мониторинг жүргізілді ме?» деген сауал қойылды.

«Министрлік тарапынан, жалпы, қандай да болсын ауылшаруашылық дақылына немесе тауарына мониторинг апта сайын жүргізіледі. Наурыз айының басына дейінгі немесе кейінгі жағдайға талдау жасалып, мониторинг жүргізілді. Астық өндірушілер одағы осы жағдай туралы бірнеше рет айтты. Бірнеше облыста, соның ішінде Ресеймен шекаралас өңірлердің астық өң­деу кәсіпорындары қазіргі кезде жұмыс­тарын уақытша тоқтатты. Бүгінде ішкі нарық­та бидайдың қажетті көлемі бар. Бірақ бидай бағасы, бұл – енді ғана туын­даған мәселе. Шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына деген шығыстарын ес­ке­ре отырып ұсынатын оңтайлы бағасы бар. Бұл баға ұн тартушылар тарапынан нара­зылық тудырып, екі арада белгілі бір ке­лісім болмай тұр. Сондықтан қазір­гі жағдайда уақытша тоқтап тұрған ұн тарту кәсіпорындарының негізгі себебі осы. Жалпы, ішкі нарықта бидай бар, бірақ ұн тарту кәсіпорындарынан бері­летін баға мен шаруалар тарапынан ұсы­ныл­ған бағаның арасында үлкен арақа­тынас бар. Бұл мәселені біз ішкі нарыққа арзандатылған бидай жіберу арқылы шешеміз», деп жауап берді АШМ өкілі.

Сондай-ақ «Қазақстанда қанша диір­мен ресейлік астықты пайдаланып келді? Бағадан бөлек оны өңдеуге тағы қандай кедергілер бар?» деген сұрақ берілді.

«Қазақстанда 240-қа жуық ұн тарта­тын кә­сіп­орын бар. Соның ішінде 170-і жұ­­мыс істеп тұр. Жалпы, ішкі на­рық­та Ресей бидайын тұтынып, өңдеп жүрген диір­­мендер негізінен шекаралас ай­мақ­­тарда орналасқан. Атап айтқанда, Сол­түстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Пав­лодар облыстарындағы диірмендер. Мұ­ның да өз себептері бар. Ішкі нарықта сол­­­­түс­­­­тік­тен батысқа бидай тасымалдау шы­­­­­ғын­­­дары­ның немесе Ресейден әкелу шы­­­ғы­н­­дары­ның арасындағы айыр­ма­шы­лық өте үл­кен. Аталған өңір­лерде ша­­ма­­мен 45-50-ге жуық ұн тартатын кә­сіп­­­­орын бар. Солар­дың жартысына жуы­ғы ре­сей­­­лік өні­м­мен жұмыс істе­ді. Қа­зір­гі кезде Ре­­­сей­де экспортқа қойыл­­ған шек­­теу­­­ге бай­­­­ла­нысты ұн тарту кәсіп­­орын­­­да­ры ішкі на­рық­тан бидай сатып алу­ға мәж­­­бүр б­о­­­лып отыр. Олар ал­дағы уа­­­қыт­­та тоқ­тап қал­­майды. Өтінім бер­ген жағ­дайда, Азық-түлік келісімшарт кор­­пор­а­циясы ар­­зан­­да­тыл­ған бидайды өңір­лерге апарып, тар­­тып, же­ке­леген об­лыс­қа қа­жетті кө­лем­де ұн өн­ді­руге қау­­қар­лы. Баға­дан бас­қа ке­дер­гі жоқ. Біз­дің диір­мен­дер транс­порт­­­т­ық және логисти­калық негіз­де­ме­лер бо­­­йын­­ша ғана осы кезге дейін Ресей би­­да­­йын тартып келді», деп жауап берді Назгүл Хатепова.

Сондай-ақ Н.Хатепова журналис­тердің өті­­ні­ші бойынша «әлеуметтік бидай», «әлеу­­­мет­тік ұн» терминдерін түсіндіріп өт­ті. Бұл негізінен ішкі нарық­тық бағаны тұ­­­рақ­­­­тан­дыру мақсатында арзандатылған кө­­лем­де ішкі нарыққа сатылатын бидай көлемі.

«Азық-түлік келісімшарт корпорация­сы өз резервінде қолданыста бар бидай көлемін облыс әкімдіктерінің сұра­ны­сы бойынша, халық санына, физио­ло­гия­лық тұтыну нормасына байланысты, сол өңірдегі барлық адамдарды кепілді түр­де ұн­мен қамтамасыз ету үшін қажетті би­дай­ға шаққандағы көлемін ұсынады. Ком­­пания нарықта қалыптасқан жағдайға, баға­ға қарамастан бидайды арзан бағамен сата­ды. Яғни орта есеппен бидай бағасы 150 мың теңге болса, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы сататын бидайдың құны 90 мың теңге болады. Әкімдіктерден тамыз айы­ның соңына дейін 275 мың тон­наны сату туралы өтініш келіп түсті. Әр айға бөлін­ген кесте бойынша осы облыстарға сату жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Қаңтар-ақ­пан айларына деген көлемнің өзі қазіргі таң­да әлі сатылып алынбаған. Де­мек, сұ­­ра­ныс ішкі нарықта аз болды. Қазір­гі кез­де Азық-түлік келісімшарт корпо­ра­­­ция­­сына наурыз-сәуір айларына өті­ніш­­­тер келіп түсуде. Барлық көлемдер бел­­­гі­­­лен­ген кесте бойынша бекітілген ба­ғ­а­­мен ішкі нарыққа сатылады. Осы ар­зан­­­да­­­тыл­ған бағамен сатылатын бидай әлеу­­мет­­­тік бидай немесе әлеуметтік нан өн­­ді­­ру­ге ар­­налған бидай деп аталады», деді Н.Хатепова.