Қызылордада Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен «Сырдарияның төменгі ағысындағы ежелгі егіншілер» атты дөңгелек үстел өтіп, онда осы аттас монография таныстырылды.
Бұл белгілі археолог Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен 2004 жылдан бастап кешенді түрде жүргізіліп келе жатқан Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы еңбегінің жемісі. Ғалымдардың зерттеуі Шірік-Рабаттың сақ дәуірінде еліміздегі ең үлкен егіншілік оазисі болғандығын дәлелдеп отыр.
– Осы маңға алғаш зерттеу жүргізген С.П.Толстов өткен ғасырдың 50-60 жылдардағы зерттеулер нәтижесіне сүйеніп, Шірік-Рабатты Арал маңы сақтарының астанасы деп атағанын білеміз, ал жаңа зерттеулер оның ірі пантеон екенін, діни-рухани орталық болғандығын көрсетіп отыр. Рабаттағылар егіншілікпен ғана шектеліп қалмай, жартылай көшпелі мал шаруашылығын да жақсы игерген,– дейді кітаптың жауапты редакторы, археолог Әзілхан Тәжекеев.
Шірік-Рабат кезеңі мен кейінгі ортағасырлық дәуірлерде Сыр бойындағы диқандар 2,5 млн гектар жер игеріпті. Осы маңдағы қалалық мәдениет орталығы Бәбіш-мола кешені болған деседі. Бұл кешенге Бәбіш-мола қалашығы, ғибадатхана мен қорым, көзешілер ауылы, егіншілікпен айналысқан диқандар мекені, ірі жасанды суландыру құрылыстары, магистралды каналдар мен егістік алқаптар кіреді.
Солардың ішіндегі ерекшесі – көзешілер ауылы. Мамандар ірі қыш күйдіретін пештер арқылы сыртқы саудаға да бұйымдар әзірленген деген болжам жасайды.
Ғалымдар бұл еңбекте кешенді зерттеулерден бөлек жаратылыстану ғылымдарының әдістері кеңінен пайдаланылғанын айтады.
ҚЫЗЫЛОРДА