• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 14 Сәуір, 2022

Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған фильм жарыққа шығады

2708 рет
көрсетілді

Сәуірдің 28-і күні Қазақстанда атыс-шабыс жанрындағы «Патриоттар уақыты» фильмінің тұсаукесері өтеді. Бұл толық көлемде түсірілген батыл, тың ойлы әскери блокбастер алдағы уақытта ірі кино алаңдарына шығарылып, көрсетілмек. Egemen.kz тілшісі  фильм авторларына бірнеше сұрақ қойған еді.

 «Патриоттар уақыты» фильмін түсіруге не түрткі болды?

 

–  Еліміздің Қарулы Күштері туралы заманауи көркем фильм түсіру идеясы маған сонау 2018-жылдың аяғы – 2019-жылдың басында келген еді. Осы кезге қарай аталған жүйеде шешімін күткен, кемінде, екі мәселе бары айқын көрінді. Біріншісі – көптеген қоғам мүшелері, тіпті, мемлекеттік құрылымдағылар да бейбіт бағыттағы Қазақстанға ешкім де, ештеңе де қауіп төндірмейді деген пікірде болды. Сырт басқыншылықты тойтаруға қойылған армия жақын-жуық арада ешкіммен ұрыспайды, ондай жағдай туындамайды, ендеше, оны нығайтып, жаңартуға ақша шашудың түкке керегі жоқ деген ой айтылды, – деп түсіндіреді фильм идеясының авторы Нұрлан Ермекбаев.

Екінші мәселе қарулы Күштерге қабілетті, ойлы, пайым-парасатты, жүйкесі мықты жүректі де білекті жас жігіттерді тарту қажеттігімен байланысты еді. Атап айтқанда, жедел әскери қызметке де, келісімшарт бойынша қызметке де, болашақ офицерлер қатарына да сондай азаматтардың келгені игі.

Өйткені қазіргі армияның көптеген кемшіліктері адами фактордан келіп шығады. Бұнда көп нәрсе адами ресурстардың сапасына байланысты. Бұл мәселені шешу үшін, әскери қызметтің тартымдылығын арттырып, жағымды жақтарын көбейту қажет. Материалдық мәселелердің дені ел басшылығының көмегімен шешіліп жатқаны, әрине, құба-құп. Бірақ әскери қызметтің беделін де көтеру әбден қажет.

- Фильмнің негізгі мақсаттары да осыдан келіп шығады. Біріншіден, бейбіт заманға қарамастан, тоқмейілсіп, жайбарақаттыққа салынуға болмайтынын, өйткені, тұтқиылдан түрлі қауіп төнуі ықтимал екенін көрсету. Мысалы, сондай қауіптердің кейбірін біз картинамызда көрсеттік те. Бұндай жағдай туындамайтынына кім кепіл бола алады? Екіншіден, Қазақстан әскерилерінің арасында өз ісі мен Отанына шын берілген, алуан бағыттағы білімді де білікті мамандардың көп екенін көрсету. Сондықтан мен фильмде – әскери барлаудан бастап, әуе шабуылына қарсы қорғаныс мамандарына, жауынгерлік жүзгіштерге, арнайы операциялар күштерімен, тіпті, қолданбалы қоян-қолтық ұрыстың тәсілдеріне дейін, – Қарулы Күштердің көпқырлы келбеті мен техникалық деңгейін көрсетуді ұсындым, - деп сөзін сабақтай түсті Н. Ермекбаев.

Біз ә дегеннен әлемдік блокбастерлер деңгейіндегі сапалы фильм түсіру міндетін қойдық алдымызға. Сол үшін әр түрлі қызметтерде істеген ардагерлерді кеңесшілікке тарттық. Картинада, сондай-ақ, әскери құрылымның ұлттық қауіпсіздік органдарымен және басқа да құрылымдармен өзара әрекеттестігі көрсетілді, деп ой бөліседі идея авторы.

Қоюшы-режиссер – актерлармен жұмыс және жанрлық кино ерекшелігі жайында:

 

– Бұл - қазақстандық кинематографқа таңсық, өте-мөте жанрлық кино, сондықтан, әрине, бұнда атыс-шабыс жанрының заңдылықтарын қатаң ұстану керек болды. Кейіпкерлерге күрделі психологиялық сипаттар дарыту оңай шаруа емес, өйткені, жанрлық ерекшеліктер қаһарман архетипінің аясында қалуға мәжбүрлейді. Иә, актерлерге де өз кейіпкерлерін түсіну оңай тимеді. Әйткенмен, рольдерді орындаушылар құрамы көңілден шықты: Данияр Алшынов, Сануржан Сүлейменов, Асқар Ильясов және басқа да актерлер кейіпкерлер мінездерінің көпқырлылығын паш ете алды. Түсіру барысында актерлерге оның да қыр-сыры ашыла түсті, - деп баса атап көрсетеді фильм режиссері Серікбол Өтепбергенов.

 

 «Патриоттар уақыты» фильмі несімен көрермендер есінде қалады?

 

- Актерлік ансамбльден бөлек, «Патриоттар уақыты» картинасының ерекшелігі техникалық тұрғыдан жақсы көрінеді: мысалы, компьютерлік технологиялардың көмегімен түсірілген экшн-көріністер қызықты болып шыққан. Одан бөлек атыс-шабыс жанрындағы фильм түстерді жаңғырту және суретті, көріністі неғұрлым анық көрсету мүмкіндігі аса жоғары Sony Venice кинокамерасына түсірілді. Мәселен дәл осындай камералар алдағы уақытта көрсетілетін Том Круз қатысқан «Топ Ган: Мэверик» атты блокбастердің түсірілімінде пайдаланылған.

Әуе ұрыстары фильмнің басты эпизодтарының бірі. Ал оларды қою, түсіру өте қиын. Әуе ұрыстарының хореографиясы, түптеп келгенде, бастан-аяқ абстракция, ол тек екі актердің көмегімен және CGI-инженерлерінің қиялына сүйеніп жасалады.

- Суретшілермен бірлесіп, компьютерлік графика мамандары пилот кабинасына ұқсас аспалы арба жобасын жасады. Оның бүкіл элементтері 3D-принтерде басып шығарылды, содан соң қолмен боялды. Біз шынайы ұшақтың түсірілімін жүзеге асырдық: детальдарын, текстурасын жинап, бас-аяғын біріктірдік. Құрылымды даярлауға екі ай сарп етілді, содан соң біз павильонда жұмысқа кірістік, - дейді фильмнің бас продюсері Әкбар Құрманбаев. 

- Бұл бір ұмытылмас, қызықты түсірілімдер болды, деп ойымен бөліседі картина режиссері. Фильмде көрермен Қазақстанның көрікті жерлерін – Бозжыра шатқалын, Каспий теңізін, Іле Алатауының қарлы бөктерін тамашалайды. Бұдан бөлек материалдың бір бөлігі шетелде, Түркияда, Әзербайжанда түсірілді.

  

«Патриоттар уақыты» фильмі кімдерге арналған?

 

– Джерри Брукхаймердің (келешекте көрсетілмек голливудтық «Топ Ган: Мэверик» блокбастерінің продюсері – ескертпесі) сөзімен айтар болсам, «Патриоттар уақыты» – қазақстандық авиацияның елге сүйіспеншілік сәлемі іспетті туынды деуге болады, бірақ, біздің картинамыздың аясы авиация ауқымынан әлдеқайда кең, өйткені, фильмге Қарулы Күштердің әр түрлі құрылымдары қатыстырылған, - дейді Әкбар Құрманбаев.

 – Әскерилер үнемі қару-жарақ пен техникамен жұмыс істейді және де, оны оқу-жаттығулар кезінде ғана пайдаланбайды. Олар күн сайын бастарын қатерге тігеді. Сондықтан өкінішке қарай, армияда әр түрлі жағдайлар болады. Бұл фильм қызмет бабындағы міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлер мен құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің рухына бағышталып, Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналады, - деп сөзін түйіндейді «Патриоттар уақыты» фильмі идеясының авторы Нұрлан Ермекбаев.