• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Сәуір, 2022

GPS-трекерлердің көмегі көп

506 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстанда мал ұрлығы азайып келеді. Оған ұрылардың ұсталып, тиісті жазаларын алуы ғана емес, GPS-трекерлерді пайдаланудың да өзіндік пайдасы тиюде. Мойнына электронды GPS-навигаторы орналастырылған бау тағылған малдың қайда жүргенін иелері үйде жүріп-ақ смартфонмен біліп отырады. Егер байланыс аясынан шығып кетсе, дереу атқа қонып, іздеу сала бастайды. Қолды болған мал осы әдіспен дәл уақытында табылып, ұрының жолы кесіледі.

Сөйтіп қазіргі заманның да өзіндік мал қорғау әдісі табылып жатыр. Бір кезде мал иелері жылқылардың мойнына қоңырау тағып қоятын. Ұры әкетіп бара жатқан малдың қоңырауы шылдырлап қоя бергенде жылқышы оның қолды болғанын бірден сезе қоятын. Тіпті үйірден бө­лініп кетіп, теріс жайылған малды табуға да қоңыраудың пайдасы көп тиетін еді. Сол сияқты қазір мал шұғыл қуылып немесе жайылым аумағынан шығып бара жатса электронды чип ар­қылы смартфонға қоңырау түседі. Ар жағы белгілі, мал ие­ле­рі, жылқышы – бәрі дереу да­был шыққан жаққа аттанады...

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше фермер малды осылай бақылауға алған. Соның ішінде Уәлиханов ауданында жылқы өсіретін екі азамат осынау заманауи технологияларды пайдалануда. Олардың бірінде 40 бас, екіншісінде 60 бас жылқы бар. Екеуі де GPS-трекерлердің пайдасы көп екеніне көзін жет­кізіп отыр. Табындағы бір жыл­қыға арнайы электронды бау тағылса, тұтастай бір үйірдің қайда жүргенін бақылауға болады дейді олар.

Полицейлер де GPS-тре­кер­лерді орнату – малды қыл­мыс­тық қол сұғудан қорғаудың тиімді жолдарының бірі екенін айтып отыр. Тәртіп сақшылары мал ұрлығын болдырмау бойынша профилактикалық жұмысты ауыл тұрғындарымен үнемі жүргізіп отырады.

«Мал ұрлығын болдырмау – негізгі міндеттеріміздің бірі. Аудандағы ірі шаруашылық­тардың барлығы малды ұйым­дасып бағып, бірнеше бақташы жалдаған. Олар кезекпен бағып, мал қараусыз қалдырылмайды. Қазіргі уақытта халықпен жи­налыстар өткізіледі, онда тұр­ғындар, бақташылар және учас­келік полиция инспекторлары ірі қара малдың жайылуын ұйымдастыру мәселелерін шешеді. Учаскелік полиция инспекторлары бақташылармен әңгімелер жүргізеді, ұрлықтың алдын алуға, жолдың үстіне шыққан жануарлардың кесірінен орын алатын жол-көлік оқи­ғаларын болдырмауға ықпал ететін ережелерді түсіндіреді», дейді полиция бөлімінің бастығы подполковник Руслан Әлижанов.

Осындай жұмыстар облыс­тың барлық аумағында жүр­гізілуде. Соның нәтижесінде, мал ұрлығының саны жыл сайы­н азайып келеді. Егер 2019 жылы 92 мал ұрлығы тіркелсе, 2020 жылы – 47, 2021 жылы 29 факті тіркелді. Биыл 3 айда 3 мал ұрлығы болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы