• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Білім 17 Сәуір, 2022

Мектеп мәртебесі

796 рет
көрсетілді

Ұлт ұрпағын жұрт кісісі дәрежесіне көтеретін – ата-ана, мұғалім, билік. Осы үш тірек намыс найзасын мұқалтпай, жігерін жанып, үміт отын үрлесе, жалғандыққа бармаса, сапалы білімді санасына күңгірт­тендірмей сіңірсе, таңғы шықтай мөлдір, күн сәулесіндей тұнық тәрбие берсе, жара­ты­­лы­сында кемдік болмаса, бала теріс кет­пей­ді.

Сұлу торыдай бірінен-бірі озып, бірінен-бі­рі асқан жұрт кісісі шықпай қоймайды.Он­­дай ұрпақ қалыптастыра алсаң, дүниең түгел, көңілің алаңсыз. Біз бұл байламдарды алаш­тықтар қағида етіп айтып кеткен тәбәрік өсиет­терден туындатып отырмыз. Алып Ахаң (Бай­тұр­сынұлы) «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген ғой. Шынында, қалай оқытып, қалай тәрбиелеп жүрміз?

Бірден айтайық, ала-құла, «жыры» таусы­лар емес. Оның себебін ондаған жылдар ішіндегі жөнді-жөнсіз жасалған реформадан іздеуіміз керек. Тіпті оқу жүйесі мен денсаулық ісі ел болғалы сынақ алаңына айналғаны белгілі. Басшы ауысса бір бағдар шыға келіп, мұғалім мен оқушыны әуре сарсаңға салады. Осы жүйесіздікке енді тыйым болатын шығар?..

Әлемдік білім кеңістігіне кіреміз, он екі жылдыққа пәлен жылы өтеміз деген алып ұшқан басы бар, аяғы нақтыланбаған, ғылыми негізі кем, бірақ қыруар қаржы қарастырылған, ұштығына жетпеген ақпарат-реформалар әлгі ала-құлалыққа әкеліп ұрындырып, соның зардабынан құтыла алмай келеміз.

Бұл арадағы біздің айтпағымыз мынау еді: мемлекеттік орта білім мен жоғары білімді былай қойғанда ақылы мектептер деген шықты. Оған мың емес, бірнеше миллиондап ақша төлейді. Шыдағандар ұл-қызын оқытып жатыр. Ондай білім беретін мекемелерде дайындық сыныбына 5,6 млн теңге, 3-5-сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10-11-сыныптар үшін 12,6 млн теңге төлейді екен. Әрине, осынша қаржы төлеген жерде білім сапасы да, оқушыларға жасайтын жағдай да ерекше болатыны мәлім. Сондай ақша жұмсаған оқушылардың бәрі шетінен жүзден жүйрік пе екен?

Қазір бай мен кедей дегенді, аз қазақты одан да басқа топтарға бөліп жүргеніміз де ақиқат. Иә, бай-бағылан балалары қысылмай оқиды, ал қалтасы тесік, айлығы шайлығына жетпей жатқан кедей топ жәудір көздері қайтпек? Олардың ішінде де таланттар, топты жарған мықтылар жоқ дей аламыз ба? Әрине, бар. Қияндардағы ауылдарда да. Ұмтылады. Ата-анасының қолы қысқа, содан шетке шығып қала береді. Жалпы, нарықтың заманы осылай екен деп ұрпақты бұлай бөлу, түптің-түбінде қиындық туғызуы мүмкін. Бай баласы мен кедей баласы алакөздеспей тұра ма? Бұл да ойланатын сұрақ.

Егер жаратылысымыздан нарық бойынша өмір сүріп жатсақ, сөз басқа. Нарықты жалаулатып кеше бір сапта жүрген бір шоғыр алдыңғы толқынның аяқ астынан бөлектеніп кетуі, олардың ұрпақтарының тасып, шалқып өмір сүруі жұртшылықты ойландыра бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің байлығы қанша адамның қолында екенін ашып айтты. Оларды жағалағандардың да бармағы бір ілім майға іліне кеткені хақ.

Жасыратыны жоқ, қазір мемлекеттік мектептердің мәртебесі онша емес. Себебі олардан жауапкершілікті талап ету жағы кемшін сияқты. Көп жағдайда өздерімен өздері қалып қойғандай. Бұрын Ұлттық бірыңғай тестінің қорытындысы білім ұяларын қамшылап қана қоймайтын, талап ететін. Сол ҰБТ білімнің көрсеткіші еді, оны да түрлі бағыттарды алға тартып қожыратып жібергендейміз. Бұрын мектеп қана емес, аудан, облыс ҰБТ көрсеткіші бо­йынша да жұмыстары бағаланып жататын. Сол білім сынағынан «Алтын белгіге» ұсынылғандар өтпей қалып жататын. Осы күндері мектеп ұжымдары бірлі-жарым емес, ондаған түлекке «Алтын белгі» беріп әспеттейді. Бірақ олардың бәрі бірдей ҰБТ-дан аттай шауып өтпей қалып жататыны және бар. Алда бір-екі айдан кейін оқу жылы аяқталады. Оның нәтижесі қалай болады, «Алтын белгіге» қанша оқушы ұсынылды, олардың ҰБТ-дан сүрінбей өткендері мен сүрінгендері туралы дерек сарапқа салынып, ақиқат пен жасандылық айқындала ма? Әлде жылдағыдай сен тимесең мен тимемен тындым бола ма?

Түйін сөздегі түйін, бар балаға арналған мемлекеттік, әспеттеген жеке мектептердегі, шағын топтарға арналған орталықтардағы білім сапасын, басшыларының іскерлігін (жеті жыл болыпты деп ауыстыра салуды әдетке айналдырмай, мықтыны осал жерге жіберу), айлықтары көбейген мұғалімдердің іс-тәжірибесін таразы басында теңшеп, қосақ арасында жүргендерді шынайы сынақта анықтамау керек. Басты мәселе, ел бюджетінен мол қаржы алып отырған мемлекеттік мектептің жауапкершілігін көтермей, көсегенің көтерілуі екіталай.