Нашақорлық індеттің кеселі де қоғамға өзінің кесірін аз тигізбей тұр. Қазір табиғи есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың айналымы артуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осы мәселе туралы «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», деген еді.
Ал 2021 жылғы қыркүйек айында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осы мәселеге орай арнайы кеңес өткізді. Осындай үлкен кабинеттердегі көңіл аударулардың нәтижесінде есірткіге қарсы күрес бұрынғыдан да жандана түсті. Бірақ оны толық құрықтаудың күні әлі алыс екені белгілі болып отыр. Күрес күшейген сайын синтетикалық есіртікілерді қолданудың қарқыны да барынша жоғарылап барады. Ең қиыны сол, бұл кесел жастар арасында кең тараған.
Ішкі істер органдары басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, есірткі қылмысын жою, нашақорлықтың алдын алу жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде есірткі қолданудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың көлемі зор.
Солтүстік Қазақстан облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, полковник Жандос Басыбаевтың айтуына қарағанда, бұл кеселмен күрес күшейгенімен, оның саны 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы арта түсіп, 210 дерек тіркелген. Есірткімен байланысты қылмыс саны да 7,7 пайызға артқан. Есірткі сатумен айналысушылар саны тіпті 20 пайызға дейін көтеріліп, 49-дан биыл 59-ға жеткен. Сонымен қатар былтыр бұрын болмаған ұйымдасқан топ та әшкереленген. Есірткі шегіп рульге отыру фактілері де 3 есе артқан.
«Облыс аумағында синтетикалық есірткіні қолдан жасаумен айналысқан 8 наркологиялық лаборатория әшкереленді», дейді полковник. Мұндай лабораторияның біреуі тіпті Жамбыл ауданындағы шағын ғана Миролюбово ауылынан табылыпты. Қараниеттілер ауылды жерлерде тексеріс аз болатынын ескеріп, бір үйді арнайы жалдап есірткі дайындаған. Кептіретін, құрғататын арнаулы құралдары, таразылары мен колбалары, тіпті қышқылдан сақтандыратын арнаулы костюмдеріне дейін болған. Ауыл адамдары олардың немен айналысып жатқанын қайдан білсін, тек бір ерекше өткір иістердің шығатынына ғана күдіктеніп, полицияға хабарлаған. Арнайы операция барысында қылмысты «ісмерлер» тегіс ұсталып, олардан 3 килограмнан артық синтетикалық есірткі алынған. Оның бәрін 50 мың қалташаға бөліп салып та қойған екен.
Былтырғы қараша айында болған сот осы қылмыстық ұяны ұйымдастырушыны 16 жылға бас бостандығынан айырды. Қалғандары да 11-15 жылдар арасында жазасын алды.
Мұндай фактілер есірткіге қарсы күресті белсенді жүргізуді талап етіп отыр. Қазір есірткімен байланысты қылмыстардың жазасы қатаңдатылды. Есірткі сатумен айналысқан адам ең кемі 10 жылдан 20 жылға дейін қамалуы мүмкін. Былтыр облыста 120 адам осы қылмыспен сотталды. Есірткіні жарнамалау мен насихаттау да бұрынғыдай әкімшілік емес, бас бостандығын айыру жазасына кесілетін болды. Қаладағы барлық ПИК төрағалары үйлердің кіреберістеріне есірткіні қайдан алуға болатынын астарлап жазған граффиттерді айыратын болды. Ол үшін төрағалардың бәрін жинап есірткіге қарсы күрес басқармасы бірнеше рет оқу-семинарларын өткізді. Соның арқасында граффиттердің саны қазір біршама азайды. Өзінің кіреберісінде граффитті көрген төраға ватсап арқылы арнаулы чатқа бірден хабарлайды. Сонымен қатар есірткіге қарсы «Рефлекс», «Паутина», «Дәрмек», «Транзит», «Канал-гранит бастионы», «Қарасора» атты бірнеше жедел-алдын алу операциялары жүргізілген. Осындай іс-шаралардың саны 267 болса, оған 15 мыңнан астам адам қатыстырылған. Бірақ соның өзінде нашақорлар саны артып отырғанын жоғарыда айттық. Демек іс-шаралардың тиімділігін әлі де арттыра түсу керек.
Солтүстік Қазақстан облысы