Бұл күндері Қазақтың аса көрнекті жазушыларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденовтің қаламынан отызға жуық роман, хикаят, әңгімелер жинағы туды. «Болашаққа жол» деген атаумен оқырманға жол тартқан алғашқы шығармасы 1958 жылы жарық көрген.
Баспа саласының басшылық қызметтерінде жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеді. Битабар балуан туралы жазған «Жыл құсы» хикаяты Одақтық кәсіподақтың арнайы жүлдесін жеңіп алды. «Дөкей келе жатыр» атты драмасы облыстық және республикалық сахналардан жиі көрінді. Жазушы тың тақырыптарды қамтуға тырысатын. Оның адам мен ит арасындағы жалғансыз жақындықты арқау еткен «Ит ашуы» хикаяты кезінде қазақ әдебиеті жанашырларының арасында үлкен резонанс тудырған. Көркем аударма саласында да ол жемісті еңбек етіп, Л.Толстойдың, Р.Тагордың шығармаларын тәржімалады. Оның «Ағалардың алақаны» атты әңгімелер жинағы Мемлекеттік сыйлық алды.
Сафекең көркемсөздің шебері ғана емес, қайратты қоғам қайраткері де бола білген жан. Оның Желтоқсан оқиғасынан кейін Жазушылар одағында Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинмен кездесуде сөйлеген сөзі нағыз қайсар, ұлты үшін жаны шырқырайтын патриот екенін көрсетті. Жазушы Жұбан Молдағалиев екеуі ғана қалған жұрт ауыздарын ашуға батылдары бармай отырғанда, қазақ халқының сол кездегі наразылығын Г.Колбиннің құлағына ашық жеткізе алды. Одан кейінгі уақыттарда Сафекеңнің қазақ мектептерін ашу жолында көп тер төккенін замандастары үнемі еске алып жүреді.
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтен кейін туған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, өздерінің жерлестері Сафуан Шаймерденовті орынды мақтан тұтады. Жазушының мерейтойына орай облыстың төрт жерінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде облыстық музейде, Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық кітапханада, Жамбыл ауданындағы мәдениет үйінде мерекелік шаралар өткізіліп, жазушы туралы естеліктер айтылып, жырлар оқылып, әндер төгіліп жатты.
Мерекелік шаралардың ең үлкені Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияда болып, оған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков, жазушының баласы, белгілі журналист Сайын Есмағи және жергілікті ақын-жазушылар, әдебиетсүйер қауым өкілдері, журналистер қатысты. Республикаға белгілі айтыс ақындары Жарқын Жұпархан мен Аманжол Зағыпарлар жазушыға арнаған сиясы әлі кеппеген жаңа өлеңдерін оқыды. Кездесуде жазушының есімін мәңгі есте қалдыру туралы жаңа ұсыныстар мен идеялар айтылды. Облысқа белгілі кәсіпкер, меценат Біржан Шаймерденов жазушы атындағы осынау білім ордасының қабырғасына көрнекті тақта орнатқан екен, жиын барысында соның ашылу салтанаты да болды. Кездесуге жазушының немере қыздары Зейнеш пен Зейнеп те қатысты. Сөйтіп, С.Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойы туған жерінде дүбірлі той болмаса да дүркіреген кездесулермен басталды.
Солтүстік Қазақстан облысы