• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Сәуір, 2022

Шынар Жанысбекова: Өнегелі тағдырдың шуағы өміріңе сәулесін түсіреді

787 рет
көрсетілді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбековамен әңгіме.

– Шынар Жеңісқызы, әдетте әртістер «бетегеден биік, жусаннан аласа» келеді, дегенмен сізді театр­дағы ой-пікірін тайсалмай тұрып ашық айтатын өткір мінезді әртістер­дің қатарынан көретін едік. М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың апталық лездемелерінде кемшілікті батыл айтатыныңызға талай куә болғанмын. Бетке айтылатын шындық көп адамға ұнай бермейді ғой, шындық сізге не үшін керек?

– Театр өнері – әрбір алған тынысың құлаққа естілетін тірі ағза іспеттес. Бұл өнерде ұсақ-түйек болмайды, бәрінің мағынасы бар, атқаратын қызметі бар, себебі жалпы театр өнерінің өнімін жасайтын режиссер, драматург, актер деген мамандық иелері бір-біріне тәуелді және бірінсіз бірінің күні жоқ. Жауапкершілігі жалғыз адамға ғана тиесілі емес, ұжымдық өнер болғандықтан, оған кемшіліктің тән болуы заңды да. Жас күніңдегі үлкеннің бетіне жасқана қарайтын ұяң мінезің қаталдықпен алмаспаса да, уақыт тезінен өткеннен кейін көп нәрсеге көзқарасың өзгеріп, бәрін өз атымен атауды үйренеді екенсің. Сыпайы болған жақсы, ал адал болу одан да гөрі жақсырақ. Өнер академиясын бітірген түлектер театрдың көркемдік кеңесі мүшелерінің алдында ән айтып, би билеп, өлең оқып, бар қабілетін көрсетіп жұмысқа қабылданады. Кейбірі ән жағына мықты болса, драмалық жағы кемшін тартып тұрады, кейде керісінше, кейбірі монологты мықты оқығанымен, басқа өнерге шорқақ келеді. Театрдағы көркемдік кеңестің мүшесі болғаннан кейін бадырайып тұрған кемшілікке көзімді жұмып қарай алмайтыным рас, шымбайыма батып тұрған шындықты ақтарып айтып салғым келіп тұрады. Өйткені бұл өнерге қиянат. Осы Қазақстандағы қай театрға барсаң да, босқа жүрген кемталант оқушылар жетіп артылады. Маңдай теріңді сорғалатқан еңбекқор талант болсаң ешкім де жолыңа тосқауыл бола алмайды. Ал «мынау менің оқушым», «мынау менің бауырым» деген көзқарас үстемдік құрып тұрғанда, сахна өнері ешқашан өркендемейді. Өнердің иісі мұрнына бармайтындар «қандай жолмен болса да таныламын» дегенді ұран етіп алады да, оларға ерік берсең «өнер деген құрбандықтардың үстімен жүріп өту» деген жарымжан түсінігіне сай, жан-жүрегі таза, онысы ойын өрнегінен көрініп тұратын таланттарды шімірікпей таптап өте шыққысы келіп тұрады. Бұл – әділетсіздік, мұндайға көз жұмып қарауға болмайды.

Менің бақытым – ұлттық театр өне­ріміздің қабырғасын қалаған ұлылардың көзін көргенім, дауысын естігенім, өнерінен көзімді ала алмай сұқтана қарап, сүйсінгенім. Ол кісілер сахнада ойнап жатқанда бүкіл театрды баурап тұратын аурасын сезініп тамашалаудың өзі ғанибет еді. Өнер ортасы бітпейтін бәсеке, мәңгі майдан болған соң ол кісілерде де қателік болған шығар, бірақ өнер жолын таңдағанымда, адамдығы мен адалдығы, қарапайымдылығы мен кішіпейіл мінезі қатар өрілген сол апаларым мен ағаларымдай болсам деп келдім. Кейінгі өз қатарластарымның бойынан өнерге деген дәл сондай адалдықты, жанкештілікті көре алмаған соң да күйінетін шығармын.

– Дегенмен әйгілі адамдардың көпшілігі өнер мен шеберлік шың­дауда театр ішіндегі «ағыс асты» текетірестер мен көзге көрінбейтін тар­тыс­тардың да пайдаға асатынын айтып жатады. Қатарлас әріптес­теріңіз сериалдарға түсіп, енді таныла бастағанда, сіз сонау 1990 жыл­дардың соңында телевизия арқылы көпшілікке танылып, жұлдыз болып жүрдіңіз емес пе?

– М.Әуезов театрына келгелі отыз жылдан асып барады.Ұстазым, профессор Рәбиға Қаныбаева ұстаздардың ұстазы еді ғой. Біз институтты бітіретін кезде ол кісі шәкірттерінің өнерін көрсету үшін М.Әуезов театрының сол кездегі көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовті шақырмақ болды. Алайда ол кісі біздің курстың өнерін келіп көруге мүмкіндігі болмағанымен, бір жылдан кейін мені М.Әуезов театрына жұмысқа қабылдады. Театрда жұмыс істей бастағанымда байқағаным, бұл жерде жанында ұстазы, оқытушысы жоқ жалғыз әртіс мен болып шықтым. Қалған әріптестерімнің бәрінің ұстазы жанында жүр. Жаныңда ұстазыңның болмай жалғыз жүргенің де жақсы екен, әрі итеріп, бері сүйреп, қақпақылдаса да, қиындықтың арасында жүріп шыңдалып, шынығып шығуыңа көп көмегі болады екен. Әзірбайжан Мәдиұлы театрға қабылдау туралы өтінішімді жаздырып ала сала, түстен кейін сағат төртке «Қара­гөздің» репетициясына, көпшілік сахнасына шақырып, «Айман-Шолпан» спектакліндегі Айманның рөліне дайын­дала бер» дегенде, төбем көкке тие жаздап, ерекше қуаныш құшағында болғаным дәл бүгінгідей есімде. Ол кезеңде әртістер Купчиков деген дирижермен дайындық жасап, спектакльдегі әнді фонограммамен емес, жанды дауыс­пен орындайтын.

Иә, бәсеке мен бәйгеге жаралған сахна өнері жанкештілікті, еңбекқорлықты сүйеді. Ескірмек түгілі сонау антикалық дәуірден бері неше мәрте алмасқан адамзат қауымдастығына басын игізіп келе жатқан жанының сірілігі оның мәңгі жас өнер екенін дәлелдейді. Оның бар құпиясы да осында – адам жанды сырласуды, табиғи сезімді, өмірдің адалдығын, әділдігін аңсап тұрады. Ал бұл сезімді көрерменге тек актер ғана сыйлай алады.

Қиын сәттерде бір реттеуші күштің қолтығыңнан демеп, қолдағанын сезесің. Сен қиналып, қалжырап, қайратым таусылды дегенде, Құдай Тағала әдемі жолдармен алып жүріп, ақ сарайға әкеліп кіргізеді. Ал біз өлермендікпен жармасып, тартып алса да, айырылғымыз келмей, қайта тап беретін дүниелердің бізге түкке де керегі жоқ екенін ұғынбаймыз, «саған керек емес» деп кері итеріп, арашалағысы келсе де, табанымызды тіреп тұрып тайталасып, тартып алғымыз келеді. Қанатыңды күйік шалғандай қамығып жүрген сәттерде «Егемен Қазақстанға» Қарашаш Тоқсанбайдың «Па, шіркін, Шынар!» деген мақаласы жарқ ете қалады, аузымен құс тістеген «Хабардың» «77 күнінен» ұсыныс түсе қалады, бала құшақтап декреттік демалыста отырғаныңда, үлкен фильмнен рөл бұйыра қалады, не керек, Құдай деген адамның несібе мен олжадан құр қалмайтынын жақсылап тұрып түсініп алдым ғой. Осыны түсінген бетте қиын деп жүргенімнің бәрі жеңіл, жеңіл дегенімнің бәрі мағыналы, ал мағыналы нәрсенің мені адам ретінде өсіріп, биіктететінін білдім.

– «Қорқыт» қойылымындағы сіз жасаған Әзірейіл бейнесі көрермен есінде көпке дейін сақталады. Менің­ше, осы спектакльде ойнайтын актер­лердің бәрі ойын үстінде басқа қабат­тағы әлемге өтіп, тылсыммен байланы­сып, трансқа түсе ме деймін. Әлем­дік деңгейдегі режиссердің қо­йы­лы­мынан елеулі рөл сізге қалай бұ­йыр­ды?

– Атағы мен даңқы дүниежүзін дүбірлеткен әйгілі Йонас Вайткустің әкемтеатрға келіп спектакль қоюының өзі біздің мәдениетіміз бен өнеріміздегі үлкен оқиға деп білемін. Литвалық режиссер келісімшартпен шақырылғаннан кейін алдымен театрдың үш-төрт спектаклін тамашалап, актерлердің ойынымен асықпай танысып алды. «Сыған серенадасын» тамашалаған режиссер Изольданың рөліндегі менің есімімді қойын дәптеріне түртіп қойған болуы керек. Ертеңінде көрген спектакльдерден өзіне ұнаған бес-алты актерді жинап алды да: «қалай, жұмыс істейміз бе?» деді. Қазақ еліне келіп қойғалы тұрған «Қорқыт» спектаклінен бізді көргісі келетін сыңайын осылай байқатты. «Қорқыт» – театрымыздың төлқұжаты іспетті, тамырында адамзаттың аңсары жатқан құнарлы туынды. Театрдың көркемдік деңгейін биіктететін бұл рухани олжаның жарыққа шығуына пьесаның авторы, драматург Иран-Ғайып ағамыз бен театрымыздың директоры Еркін Жуасбектің еңбегі зор. О баста драматургтің сценарийі бойынша Ажал бейнесі қаба сақал, қапсағай денелі ер адам образына құрылған екен. Бірақ Вайткус: «мен Ажалды әдеміше келген әйел бейнесінде көремін», деді. Сөйтті де Қорқыттың жанын алуға келетін қызыл қанат Әзірейілдің рөлін маған берді. Вайткус актердің алқымы қызарғанша айғайлап, жұлқынып, аласұрып ойна­ғанын ұнатпайтынын бірінші күннен ескертті. «Мүмкіндігінше, табиғи ойнауға ты­рысыңыздар» деді. Бұл образ осылай туған. «Қорқыт» қойылымында соншама эстетика, қат-қабат ой, өмір филосо­фиясы бар. Тылсым дүниенің сыры есті­летіндей болатыны да сон­дықтан болар.

– Шынар, әлеуметтік желінің бетінде «болашақ кітабымнан үзінді» деп театр-кино саласында жүріп бас­тан кешкен оқиғаларыңызды, әріп­тестер ортасындағы пендеауи жайтты қысқа хикаят түрінде жариялап жүрес­із. Біз үшін қызықты. Бірақ мемуар деген жанрда жазылып, көпшілік оқырман қауымға арналған соң ол шындық сіздің ғана шындығыңыз болып қалмауы керек. Мемуардың басты шарты – автор шындықты өзіне қарай икемдемей, таза ақиқат тұрғысынан баяндап шыға алатынына сенімді ме?

– Егер мемуар жазуды қолға алатын болсам, кешегі өткен оқиғаларды бүгінгі күн биігі тұрғысынан тағылымды етіп жазуға тырысар едім. Бұл жанрдағы жазбамды жариялау – алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Белгілі сахна майталманы Сәбит Оразбаев ағамыздың театр және оның төңірегіндегі шығармашылық орта, замандастары туралы жазған жылы естелігіндей болса деймін. Иә, удай ащы кермегі мен балдан тәтті шәрбатын қатар ұсынатын өнер жолындағы ауырт­палықты тек мен ғана емес, осы бағытты тағдырым деп таңдаған барлық әріптесім бастан өткереді. Мен ішіме сыймаған соң жазамын. Өнер адамының жаны қырқыншы жіптен де нәзік, қаумалаған қалың ойын қағазға түсірсе, жан-жүрегін сыздатқан сыры мен мұңын ақтарса, жеңілдеп қалады. Бір жағы, ақиқатқа сусаған көңілім, ар мен әділеттен араша сұраған тілегім менің сырттан қорғанар қалқаным сияқты. Шындық қымбат. Дұрыс айтасыз, көпке арналған көркем дүние болғандықтан, ол менің ғана шындығым болмауы керек. Мемуардың мықтылығы, өзіңе әділет көзімен қарай алу.

– Әртістер қауымының әдебиетпен, кітаппен достығы бізге беймәлім. Бірақ №11 кітапханадан Қазақстанның халық әртісі марқұм Бақыт Жанғалие­ваны жиі кездестіретін едік, ал театр­дың баспасөз бұрышында тігулі тұра­тын мерзімді басылымдарды Бауыр­жан Қаптағаев ғана парақтап, шұқ­шиып отыратынын байқайтын едік. Сіздің де қазақ поэзиясымен досты­ғыңызға сырттай сүйсінеміз. Желі бетінде шымыр шумақтарды жиі жариялап отырасыз...

– Кітапқа бала күнімнен құмар болып өстім. Аты дүрілдеп шыға бастаған ақынның өлеңімен міндетті түрде танысамын. Гүлнар Салықбай, Ерлан Жүніс, Дәурен Берікқажы сияқты мықты шайыр­ларды оқып, жанымның дертін емдеп, ойға шомамын. Күләш Ахметова мен үшін мәңгі жас ақын. Күләш – сырласым. Мұңдасым. Күләш – тұнып тұрған сезім. Кейінгі ақындардың кейбірі махаббатты, ғашықтықты жалаңаштап суреттейді ғой, ал Күләш айтар ойын сезімге орап жеткізеді. Жүрегіңде оянған ең таза сезімді үркітіп алмай, аялап, абайлап айтқан дұрыс қой, ә? Ғашықтың күйін суреттеуде қарадүрсіндік те жоқ, әбестік те жоқ, ұялудың тіпті де қажеті жоқ, өйткені ол мөлдіреп тұрған тұнық сезім.

Студент кезімнен әлемдік кинематография жұлдыздары Софи Лорен, Марлен Дитрих, Ингрид Бергман, Эдит Пиафтардың мемуарлық кітаптарын күндіз қолыма шам алып іздеп, жас күнімнен жастанып тұрып оқыдым. Өзіміздің Шара Жиенқұлованың «Өнерім менің – өмірім» шығармасының кез келген эпизод-деталін жатқа білетін едім, өйткені бұл кітаптан алған әсерімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Жас күнімде еліктеген, талантының әр қырын қызықтаған сүйікті актерлерім көп болды. Бір ойнаған образын екінші рет қайталамаған Л.Гурченко түскен фильмдерді жібермей көретінмін. Шетелдік актрисалардың шытырманға толы өмірі сұмдық қызық еді, кімнен қиянат көрді, өздері кімге зиянын тигізді – әр естеліктен шындық сезіліп тұрған соң шырмауынан шыға алмай, құштар сезіммен қайталап оқи беретін едім. «Күнбағыс» фильміне бірге түсіп жүріп Софи Лорен Кеңес Одағының актрисасы Людмила Савельеваның аздап «аяғын басып» кеткеніне өкінішін білдіреді. Бақ қонатын болса, адамның тағдыры бір-ақ сәтте өзгеретінін М.Дитрихтің мысалы көрсетеді. Голливудтан келген продюсердің «Көгілдір періште» фильміне бас кейіпкер іздеп жүргенін ести сала, спектакльдің басты рөлінде ойнайтын өзінің нақсүйерін көрсету үшін режиссер оны театрға шақырады. Болашақ фильміне кейіпкер іздеп келген продюсердің қырағы көзі сахнада сылаң қаққан сұлуға емес, көпшілік сахнасының ішінде елеусіз жүрген, үстіне кенеп киіп алса да, жан дүниесінің аппақ жарығы сонау сахнаның түкпірінен жарқырай көрініп, дараланып тұрған Марленге түседі. «Біз сізге нағыз хас сұлуды көрсетіп тұрмыз ғой, талантсыз актрисаның не керегі бар?» дейді директор. «Жоқ, – дейді продюсер, – бұл нағыз таланттың өзі!» Міне, таланттар барлық жерде осылай танылса, шіркін. Таныстық, ағайынгершілік таланттың жолына тосқауыл болмауы керек. Мұндай адамдардың өмірін қайталау мүмкін емес, тіпті қайталаудың қажеті де жоқ, бірақ өнегелі тағдырдың шуағы сенің өміріңе бәрібір сәулесін түсіреді. Сен одан жылу сезесің, жаманынан жиреніп, жақсысына үйірілесің. Өмірден тапқан мәніңнің салмағы артады, рухтанып, толық адам болуға талпынысыңды үстемелей түседі.

– Оңтайлы рөл ала алмай ұзақтау жүріп қалсаңыз, мазасызданасыз ба?

– Жоқ, мазасызданбаймын. Бұйырған дүниенің басқаға кетпейтінін білемін, орайлы сәттің туғанын күтемін. Мен – актрисамын, комедия жанрындағы рөл бола ма, трагедиялық кейіпкер ме, оң жамбасыма келетінін сезсем, бар шеберлігімді салып ойнауға бейіл күйімді жоғалтпай, тас-түйін жүремін. Театр даңғаза, думанның орны емес, ол өз жүрегіңнің үніне құлақ түргізетін, ойға, ойлануға жетелейтін жер. Рөлге бекітілгеннен кейін режиссер құрмет тудыра алса, бұл тіпті ғажап. Ал кәсібилігі күмән тудыратын режиссердің спектаклінен Медея мен Қарагөздің рөлі бұйырса да, ойнауға құлшынысың болмайды. Мұндай режиссерлердің спектаклінен рөл бұйырмаса да, оған еш ренжімеймін. Әзірбайжан Мәмбетов, Жанат Хаджиев, Юрий Ханинга, Йонас Вайткус, Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков секілді мықты режиссерлердің спектаклінде ойнағаннан кейін ішіңде шартты түрде биік талғам талабынан төмендегің келмейтін ұстаным пайда болады екен. Спектакльдің мінсіз, сұмдық супер болуы міндетті емес, бірақ қойылымнан сауаттылық пен парасаттың иісі аңқып тұруы керек. Көрермен осыны сезінсе, ол театрға қайта-қайта келуден жалықпайды. Кейінгі жас режиссерлерден Елік Нұрсұлтан, Жұлдызбек Жұманбайдың шығармашылығы, атқа­рып жүрген жұмысы ризашылық тудырады. Бастысы, ізденеді, шаблонға түспейді. Олардың жұмысында міндетті түрде тосын жаңалық болады.

– Сіздің кең ауқымды кино актриса екеніңізді Болат Қалымбетовтің «Талан» фильмі көрсетті. Драмалық шиеленіске толы фильмдегі ішкі иірімі мол хат тасушы Бибісара атты қайратты әйел – қазақ кинема­тографиясына қосылған тың бейне. Қазақ киноөндірісі туралы қандай көзқарастасыз? Қарапайым адамдар­дың көпшілігі «театр нағыз шығар­машылықпен айналысатын орын, ал кино ақша табу көзі» дейді. Рас па?

– Кинода көп жылдар тек эпизодтық рөлдерге түстім. Егер фильмге түсіп, нағыз шығармашылық ләззаттың дәмін татқан болсам, бұл керемет сезімді маған «Талан» сыйлады. «Талан» – қазақ кинематографиясының ірі табысы. Қазір көркем фильм қайсы, теле фильм қайсы, қойыртпақ болып араласып кетті. Қазақтың атақты бір тұлғасы 100 жасқа толды дейді де, ортаңқол деңгейге жетер-жетпес екі-үш фильм түсірген көлденең көк атты режиссерге сол алаштың аяулысы туралы фильм түсіруді тапсырады. Қаржыны қалтасына салып алғанша екі өкпесін қолына алып жүгіретін режиссер дәл солай ізденіп, архив ақтарып, кітап оқып, көзкөргендермен кеңесіп, зерттеп-зерделеп қолға алудың орнына, кәсіби деңгей талабына жауап бермейтін, атүсті жасалған, бір қайнауы ішінде тұрған шикі дүниені ұялмастан көрерменге ұсынады. Ақша бөлгізіп, алты Алашқа сауын айтып, жарнамасын жасап қойғаннан кейін министрліктің амалсыз дабыра қылмай, қабылдап алуына, ал көрерменнің талғамы төмен дүниені талғаусыз жұтып, тұтынуына тура келеді. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде жекелеген тұлғаларымыз туралы түсірілген телесериалдардың кейбірінің көркемдік сапасы еш сын көтермейді. Бірақ солай бола тұра, ешкім жауапкершілік арқалап, ешнәрсе үшін жауап беріп жатқан жоқ. «Жаңа Қазақстан» ұранын жабыла көтеріп жүргендер өнердегі өресіздік пен өзін жауапкершіліктен сырт ұстайтындарды тезге, тәртіпке салса деген қарапайым тілегіміз үлкен арман күйінде қалып отыр. Реформа тек саясат пен экономиканың айналасында ғана жасалмауы керек, өнер саласын тамыр-таныстықтан азат етіп, іргелі реформа жасау – кезек күттірмейтін іс.

– Әртіс адам неден сақ болуы керек?

– Батыр Бауыржан ағамыз айтқандай, әртісті ең алдымен жалған құрмет пен қошемет құртады. Мақтаудың ең жаман жері – өзіңді-өзің өтірікке сендіріп аласың. Өзіңді жалған мақтанмен алдағаныңмен қоймай, көрерменді алдайсың. Көрермен не көрсетсең де, қалай ойнасаң да қабылдай беруге мәжбүр. «Бәрі жақсы» деп жүргенде не болдық? Бәрін қайта бастауға тура келіп тұр. Қара қылды қақ жарған сыншыларымыздың бірі «бүкіл героиняны ойнап шықтың, шығарған бір образың жоқ» деп шымбайына батырып айтып тұрып, қолына «Үздік» номинациясын табыстағанын да көрдік. Өнерге осындай қарым-қатынас тұрған жерде қандай даму болады? Әр әртіс өз деңгейін біледі. Сырттай мойындай алмауы мүмкін, бірақ кемшілігі қандай, жетістігі неде, жақсы біледі. Жақсы актерді байқасаң, қазақ үшін, өнер үшін өзің де қуанып кетесің.

– Актер мамандығындағы маңызды қасиет дегенде алдымен нені атар едіңіз?

– Өнер адамының жүрегі тазалыққа тұнып тұруы тиіс. Актер ең алдымен жақсы адам болуы керек. Батырлық деген – ерлік жасау ғана емес, ар мен ождан аяққа тапталып жататын күнделікті өмірде адамгершілігіңді жоғалтып алмай, кісілігіңді сақтай білу. Бұған қосымша білім, ой жинаса, өтірікті ата жауым деп санаса, жүрегіне қара дақ түсіріп алмай, таза ұстаса, осының бәрі өнер адамының харизмасын құрайды. Халық қайда болса да, өнер адамына ерекше ықылас танытып, төбесіне көтеріп құрметтейді. Ол оның өнеріне бас игені. Біз, әртістер қауымы, осыны түсінуіміз керек. Сүйіп, көңіл төріне жайғастырып алған сүйікті әртісі көңіл қалдырып, күйінетін мінез көрсетпеуі керек. Өйткені сахнада жүрген әртіс қарапайым адамның сан жылдар бойы іздеген сұрағының жауабын бір-ақ сәтте айтып беріп, таңырқата салады. Актер мамандығының құдіреті де осында. Он сегіз мың ғаламды айналсаң да, дүниенің бар ғажайыбы дәл осы сәтпен теңесе алар ма?! Әй, білмеймін, меніңше, жоқ...

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»