• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 25 Сәуір, 2022

Маңғыстау облысының оқушылары рекорд орнатты

1948 рет
көрсетілді

Маңғыстаулық оқушылар 18-23 сәуір аралығында өткен республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңінде 44 жүлделі орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олардың 9-ы – бірінші, 15-і – екінші, ал 20-сы – үшінші орын. Осылайша Республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды есебі бойынша Маңғыстау облысы рекорд орнатты. 

Республиканың барлық облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында электронды форматта ұйымдастырылған білім додасында 2070 оқушы бақ сынады. 

– Биылғы оқу жылын маңғыстаулық оқушылар өте жақсы көрсеткіштермен аяқтап отыр. Соның ішінде пәндік олимпиаданың шешуші кезеңіне қатысқан 91 оқушының 44-і үздіктер қатарынан көрінді. Былтыр олар 29 ғана медаль иеленген. Биыл өңірден қатысқан олимпиадашыларымыз химия, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті сияқты пәндер бойынша топ жарды, – деді Ақтау қаласы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Несібелі Қуатова. 

Еске сала кетсек, 16 пән бойынша ұйымдастырылған олимпиаданың мектепішілік кезеңіне республиканың 6 362 білім беру ұйымдарынан 266 805, аудандық кезеңге 96 443, ал облыстық кезеңіне 14 369 оқушы қатысты. Олимпиаданың ашықтығы мен академиялық адалдығын сақтау мақсатында өткізу барысы онлайн режимде бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіліп, мүдделі емес «үшінші тұлғалар» шақырылды.