• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2022

Қоқыс «тапшылығы»: Елімізде тұрмыстық қалдықтың 85%-ы өртеледі

1464 рет
көрсетілді

Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық қалдықтарды жою, қайта өңдеу мен кәдеге жарату. Экология түйткілін тікелей шешетін бұл шаруа Қазақстанды да алаңдатары анық. Кейінгі уақытта жиі көрініс тауып жатқан келеңсіз оқиғалар мәселенің маңызын арттыра түсті.

Қоқыс жинау мәдениетін қашан үйренеміз?

Әуелі екі жыл бұрын Алматыда Қазақ­станның экологиялық ұйымдары қауымдас­тығының волонтерлері «StopMusor» жобасы аясында жүргізген әлеуметтік сынақты еске түсірелік. Эксперимент бойынша жас жігіт түк болмағандай «Арбатта» кетіп бара жатып пластикалық стақан, пакет сияқты басқа да ұсақ-түйек қалдықтарды жерге, тіпті өтіп бара жатқан адамдардың алдына лақтырып кетеді. Өкінішке қарай, қалалықтарлың көбі көз ал­дын­дағы қоқыстарды көрмегенсіді, тіпті бұл көрініске бейжай қарады. Жібек жолы даңғылында жалғасқан екі сағаттық «ойын­да» өтіп бара жатқандардың төртеуі ғана жай­раған қоқысты теріп, жәшікке салды. Осы­лайша, мәдениет пен өнердің ордасы делі­нетін шаһар тұрғындары бірнеше жыл қата­ры­нан жүргізілген әлеуметтік сынақтан сүрінді.

Көктем келіп қар ерігенде су бетіне қалқып шыққандай айналамыз қоқысқа толып, айрап-жайрап қаламыз. Елді мекендердің маңындағы тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстар, әжетханалардан жиналған суды көлге апарып құйып жүрген цистерналы көліктер, жұртқа сая болсын деп «Саялы» шағын ауданы жанынан отырғызылған қарағайлы орманды шашып кеткендердің қылығы қынжылтады. Қоқыс күн жылынған сайын желмен ұшып, сасып, тіршілігімізге жайсыз әсер ететінін түсіну керек.

Біз қоқысты жинап үлгере алмай жүргенде кейбір озық елдерде қоқыс тапшылығы пайда болып жатыр. Былтыр Швеция қалдығы таусылғандықтан қайта өңделетін тұрмыстық қалдықты басқа елдерден импорттауға дайын екенін мәлімдеді. Өйткені қоқыс тапшылығы шведтер үшін үлкен мәселе болуы мүмкін еді. Олар жылу мен электр энергиясының көп бөлігін, тіпті Стокгольм қа­ла­­сы энергияның 45 пайызын қалдықтардан алады. Бұл елде пласт­масса, қағаз, шыны, кар­тон, металл мен басқа да тұр­мыс­тық қалдықтарға арналған кемі 6-7 қоқыс жәшігі және қай­та өң­делмейтін қалдықтарға ар­нал­ған бөлек жәшіктері бар. Сток­гольмде кішкентай балаға дейін кәм­пит қағазын көшеге, тіпті дұ­рыс емес қоқыс шелегіне тас­та­май­ды. Өйткені мұндай дағ­ды­лар балабақша мен мектепте үй­ре­тіледі, қоқысты басқа контей­нерге тастағаны үшін айыппұл салынады.

 

Қоқыс жинау мәдениетін қашан үйренеміз?

Жуырда Алматыда «Қазақ­станда қоқыс өртейтін зауыт­тардың жобасы тура­лы қоғамдық пікір» тақырыбына бас­пасөз мәслихаты өтті. Басқосуға қоғам қайраткерлері, экобелсенділер, зерттеуші ғалымдар, ҮЕҰ, қалдық­тарды қайта өңдеу секторының өкілдері мен мемлекеттік құзырлы мекемелер қатысты.

Осы жиында қозғалған мәсе­ленің бірі – елдегі қалдықтың 85%-ы әлі полигонда өртеледі. Күн сайын елімізде 5 млн тоннаға жуық қоқыс шығатын болса, оның

15%-ы ғана екінші рет кәдеге жаратылады. Қалғаны қоқыс полигандарында өртеледі, ал өртенбегені, жиналмағаны жүздеген жыл бойы бастапқы қалпын жоғалтпай, жердің бетін ластап жатады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлі­метінше, елде 3 500 қоқыс полигоны болса, оның 18%-ы ғана экологиялық, санитарлық-эпиде­миялық талаптардың үдесінен шығады. Қоқыстың басым бөлігі – күн­делікті тұтынатын тамақ қалдығы, қаптама, қорап, темекі тұқылы және пластиктер. Ал шылым сүзгісін жасайтын цел­люлоза ацетаты дегеніңіз шіріп біткенше кемі он шақты жыл топырақ пен өсімдіктерге келтірер зиянын тоқтатпайды.

Жоғарыда атап өткендей, тұр­мыстық қалдықтан пайда тауып, тіпті байып отыр­ған адамдар мен елдер бар. Мәселен, Германияда жылына 412 млн тонна қоқыс жиналса, бұл адам басына 500 килодан келсе де, үштен екісі өңделіп, пайдаға асып жатады. Ал Қазақстанда ресми дерек бойынша, арнаулы полигон­дарда қазір 45 млн тонна қоқыс жиналған. Қысқасы, қалдықтарды өңдеу жүйе­сі мен ин­дус­триясының дамуы көңіл көншітпейді.

«Ортақ мәселені әр адамды тарту ма­ңызды. Шын мәнінде, бұл бізден көп күш-қайратты қа­жет етпейді: бар болғаны қоқыс­ты жәшікке апарып, оны сұрып­таудан бастауымыз керек», дейді Қазақстанның экологиялық ұйым­дары қауымдастығының төрағасы, Премьер-Министр жанындағы жасыл экономика жөніндегі кеңестің мүшесі Айгүл Соловьева.

Елімізде тұрмыстық қалдық­тарды сұрыптау ісінде қозғалыс бар десек те, күткен деңгейге көте­ріле алмағанын жа­сырмау қажет. Мысалы, шыны, қағаз, пластиктерді қайта пайдалануға болға­нымен, өңдеуге көнбейтін полимерлік материалдарды көмуге тура келеді, ал оның қоршаған ортаға тигізетін зияны орасан.

Әрине, кейінгі уақытта 3-6 айда шіритін полимерлерді пай­далану сәнге айнала бас­тады. Бірқатар мемлекет қазір биоы­дырайтын материалдарды ке­ңінен пайдаланып жатыр. Бір­ақ шіритін қаптамалардың әлеуе­ті мен келешегі зор болса да, біз­дің на­рықта өте аз. Бұған дейін мұндай плас­тик­тер азық-түлік орауға қолданылса, қазір ІТ-тех­нологиялар, машинақұрастыру мен медицинада да іске жаратылып, по­ли­мерлік қоқыстан құ­тылуға септесіп отыр.

 

«Тұйықталған цикл экономикасы» стратегиясы

Былтыр Қазақстан қаптама­шылары қауымдастығы да Үкі­метті «Тұйықталған цикл экономикасы» стратегиясын әзір­леуге шақырды. 2018 жылы Еуропа одағы қоршаған ортаны пластикалық ластанудан қорғау үшін тұйықталған цикл экономикасында пластмассаны пайдалану стратегия­сын қабылдаған еді. Еуроодақ стратегиясына сәйкес, 2025 жылға қарай Еуроодақ елдеріндегі барлық пластик қаптаманың кемінде 55%-ы қайта өңделуге тиіс; ПЭТ бөтелкелерінің құрамында қайта өңделген материалдың үлесі – 25%, 2030 жылға қарай 30%-ды құрауға тиіс.

«Қазақстан қаптамашылары қауым­дастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Батыр­бек Әубәкіров: «Қазақстанда макулатураны сырт­қа әкетуге бірнеше рет тыйы­м салынған. Бұл шикізат базасының қалыптасуына ықпал етіп, әжеп­теуір жақ­сы экономикалық серпін берді. Сон­дай-ақ бүгінде ӨКМ операторының «Экоқолдау» бағ­дарламасы елдегі макулатураны жинау және қайта өңдеу саласын қолдаудың тиімді қадамына айналды. 10 жыл бұрын елімізде қағаз өнімдерін шығаратын 158 кәсіпорын болса, 2021 жылдың басына дейін оның саны 340 өндірушіге дейін өсті», деді.

Сондай-ақ былтырдан бері жағдайдың өзгере қоймағанын, Үкімет бірінші кезекте ПЭТ қал­дықтары отандық өңдеушілердің қолына түсетіндей тетіктер жасау керек екенін жеткізді. Қазір біздің нарықта поли­­­­этиленді ыдыстарды, яғни ПЭТ өң­деумен айналысатын оннан астам өнді­рістік кәсіпорын жұмыс істейді. Нақ­­ты санын айту қиын, себебі ресми статис­тика мұндай кәсіпорындардың тізілі­мін жүргізбейді. ПЭТ қай­та өңдеу­шілерінің алдынан бұ­рынғы өңдеушілерде болған ке­дергілер қайта-қайта көлденең шығып отыр. Бірінші кезекте ПЭТ қалдықтарының аз жиналуынан тапшылық туындайды. Кәсіп­орындардың ПЭТ шикізатына де­ген қа­жеттілігі оның жиналатын көлемінен әлде­қайда жоғары. Себебі шикізаттың бір бөлігі көрші елдерге шығарылады. Бұл биз­неске өз экономикасын тұрақты жос­пар­лауға мүмкіндік бермейді. Сондық­тан бүгінгі таңда кәсіпорындардың жүкте­месі шамамен 20%-ды ғана құрайды. Был­тыр­­­дан бері бұл дерек қалай құбылғаны белгісіз.

 

ЕАЭО нарығында бәсекелестік теңсіздігі

Қазақстан ПЭТ қалдықтарын жеткізу жағынан көрші елдер үшін шикізаттық қосалқы ретін­де қалып отыр. Қолдағы бар ши­кізат көрші елдерге, негі­зінен Ресей мен Өзбекстанға әке­тіле­ді. Жинаушылар көп жағ­дай­да қолма-қол есеп айырысу арқылы көрші елдердің қайта өңдеушілеріне ПЭТ-ті жеткізіп береді де, қазақстандық қайта өңдеушілер ПЭТ шикізатының жасанды тапшылығына тап болады. Егер біздің қайта өңдеушілер ПЭТ-бөтел­келерден алынған шикі­заттың бір килосы үшін 160-180 теңге төлесе, көрші елдер бір кило үшін 200-300 теңгеге дейін ұсынады. Өзбекстан 2013 жылдан бері ПЭТ-тің қалдықтары мен қайталама шикізатын экспорттауға тыйым салған. Бұл тыйым өзбек өңдеушілерін қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Ал Ресейде ПЭТ бас­тапқы шикізатын өндіретін ірі өнеркәсіптік кешендердің болуы біздің өндірушілерді қатаң бәсекелестік жағдайда қимылдауға мәжбүрледі. Яғни тұрақты шикізат базасының болмауы бұл салаға инвестиция тартатындай құлшыныс туғызбайды.

Қайта өңдеушілер пластикалық бөтел­келерден алынған шикі­зат­тың бір тоннасы үшін 280-430 доллар шама­сында төлейді, ал экспортқа дайын өнімнің бір тоннасының құны 3-4 есе жоғары. Мәселен, сыртқы нарықта тоқыма талшы­ғының құны 1 200 доллардан басталады, ПЭТ флекстер (қайта өңделген пластик) – 850-900 доллар шамасында.

Қазақстанда тоқыма талшығын өнді­руге инвестиция салуға және экс­порт­қа шығаруға дайын кәсіп­орындар бар. Отандық қайта өң­деушілер болашақта тұрақ­ты ши­кізат базасы болған жағ­дайда осы сегменттің импортын алмас­тыруға, қажетті жаб­дық­тар­ды жет­кізіп, өндіріске инвес­тиция салуға дайын екенін мәлім­деген еді.

 

Экологиялық теңгерімсіздік салдары

Пластика 700 жылға дейінгі уақыт аралығында ыдырайды. ПЭТ-ті жоюдың ең тиімсіз және келешегі жоқ тәсілі – қалдықтарды ҚТҚ полигондарына көму. Бұл жағдайда құнды полимерлі шикі­зат көміледі де, аталған аумақ ауыл шаруашылығы үшін жарамсыз болады. Сол себепті көпшілік бұл тәсілді қол­данбауға тырысады. Дегенмен, отан­дық кәсіпорындар ПЭТ шикізатының үлкен көлемін қайта өңдеп, қосылған құны анағұрлым жоғары өнім шығаруға дайын. Бұған кәсіпорындардың өндірістік қуаты жеткілікті және еуропалық, қытайлық нарықтардан отандық ПЭТ өнімдеріне ұдайы сұраныс бар. Бұл үшін елден ПЭТ-қал­дықтарын әкетуге шектеу жасау шаралары арқылы тұрақ­ты шикізат базасын құру керек. «Эко­қолдау» жүйесі және қар­жы­лық демеу арқылы жинаушыларды ынталандыру қажет.

ПЭТ шикізатын экспорттауды шектеу көлеңкелі экономи­каның төмендеуіне де ықпал етпек. Өйткені шикізат жинау­мен айналысатындардың көп­шілігі – тіркелмеген, өзін өзі жұ­­мыспен қамтып отырғандар. Және шикізаттың одан әрі қайта өң­де­летін орнына қарамастан, оны салық төлемейтін, неғұрлым қымбат баға ұсынатындарға сатады.

ПЭТ қалдықтарды сыртқа шы­ғаруға тыйым салынған жағдайда, оны шикізат ретінде отандық қайта өңдеу­шілерге сатуға және жинаушылар мен қайта өң­деу­шілердің шығындарын ішін­ара өтей­тін ӨКМ операторымен ынты­мақ­тасуға деген құлшыныс арта түсетіні белгілі.

Қоқыс өртейтін зауыттар неге керек?

Осы арада Алматы, Нұр-Сұл­тан, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе, Атырау сияқ­ты алты қа­лада қоқыс өртейтін зауыт (ҚӨЗ) салу жо­баланғанын еске сала кетейік. Тоқ­етерін айтқанда, жоғарыда атаған баспасөз мә­слихатын өткізуге мүдделі тараптар, яғни қоғамдық талдау төмендегідей талаптарды алға тартып отыр. Біріншіден, ҚӨЗ құрылыстары экологиялық тұр­ғыда қауіпті және зауыт салынатын елді мекендер мен ел экономикасын сазға отырғызады. Екін­шіден, қалдықтарды өртеу­ді субсидия және басқа да же­ңіл­діктерге ие жасыл технологиялар тізімінен шығару керек. Өйткені қоқыстан алынатын энергия орнына келмейді. Себебі оны өртеу үшін тағы да мұнай, газ сияқты қалпына келмейтін ресурстарды пайдалануға тура келеді. Қалдықтарды басқару саласында елдің Экологиялық кодексінде бекітілген иерархия ұстанымын қатаң сақтау қажет. Қайта өңдел­мейтін бір реттік өнімдер мен жөн-жосықсыз қаптамаларды әкелуге, шығаруға, таратуға, айналымға шығаруға тыйым салу керек. Сол сияқты екіншілік шикізат өңдеу мен пайдалы материалдар, шикізатты экономикаға барынша қайтару үшін қажетті инфрақұрылым жасалуы тиіс. Тамақ қалдықтарын өңдеуге де үлкен назар аудару қажет. Се­бебі азық-түлік қалдықтары – топырақты тыңайтудағы таптырмас өнім. Жеріміздің 70%-ы құнар­сыз екенін ескерсек, онда мұның өзектілігі арта түседі.

Бұған қоса құзырлы мекемелер тарапынан адам денсаулығына аса зиянды химиялық қаптамаларға бақылауды күшейту де кезек күт­тірмейді. Сондай-ақ Үкімет тарапынан «нөл қалдықтар» тұ­жырымы енгізіліп, барлық дең­гейде қал­дықтарды үйе бермеу үшін оны пайдалану, зиянсыз түрде көзін құрту, биотехнологиялар арқылы одан биогаз бен тыңайтқыш алу ісіне ұйытқы болу керек. Тұрғындар мен кәсіпорындар үшін ақпараттандыру, қоқыс-қалдықтарды азайту мен кәдеге асырудың ең үздік тәжірибелері мен әдістеріне үйрету бағ­дар­ламаларын қолдану да маңызды.

Қысқасы, қоғамдық талқылауға қатысушылар қоршаған ортаның жай-күйі заманауи талаптарға сәйкес келмейтінін, табиғатты қорғаудың ұлттық жүйесін реформалау үшін Президент жанынан қоғамдық комиссия құру керегін айтып тарқасты.