Шынында, тың игеру – Қазақстан тарихындағы жете зерттелмеген, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін аса өзекті тарихнамалық мәселе. Азапты жылдардың айқын көрінісі. Қазақ жастарын, әсіресе өрімдей қыз балаларды ауыр жұмысқа жеккен саяси элитаның басбұзарлығы болды. Картинаға қарап отырып, сол қасіретті кезеңнің бояуы қанық болмағанын көреміз.
Бүгінгі әңгіме белгілі суретші Молдахмет Кенбаевтың «Тіркемеші» картинасы жайында болмақ. Тың игеру кезеңі КСРО тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті көркемсурет оқу орнын аяқтағаннан кейін өз еркімен тыңға келіп жатқан танымал суретшілердің шығармашылығына да арқау болды. Кеңес идеологиясы бейнелеу өнеріне де тақырыптық тұрғыдан тұсау салды.
Қылқалам шебері Молдахмет Кенбаев В.И.Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет институтының соңғы курсында оқып жүргенінде Тыңға өзінің бір топ курстасымен келген. Өйткені жаңа астыққа жер игеру өзінің туған өлкесі Қазақстан жерінде басталып жатқан еді. Тыңға жасаған сапары суретші үшін маңызды рөл атқарды. Солтүстік Қазақстанда, Есіл өзенінің көрікті жағалауында алғашқы тың игерушілердің өмірі мен шопандардың еңбегі туралы сурет салу идеясы пайда болады.
Суреткер «Тіркемеші» картинасында трактор сүйреп бара жатқан соқаның рөлінде отырған нәзік қызды бейнелейді. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласында ымырт жамыла бастаған кез, айдалған жердің атыздары көкжиекке дейін созылып жатыр, жел қыздың бұрымдарын, шөпті тербетіп тұр.
Осы сәтте автор бар назарды қызға аудартады. Ол – түс пен өлшемі табылған композициялық орта. Қыздың тұлғасы композициядағы ең ірі элемент және оның қарақоңыр түсі ашық аспан мен күңгірт шөптің фонында айқын ерекшеленген. Айдалған жердің атыздарын кескілеген соқаның тістері ырғақ тудырып тұр. Ол жеңіл әрі сызықтық көріністерді пайдалана отырып, кеңістікке тереңдік береді. Сол арқылы даланың шексіздігін сездіреді.
Шын мәнінде, суретші өз картиналарында қарапайым еңбеккерлердің, алғашқы тың игерушілердің, колхозшылардың еңбектерін көрсете білген. Соқаның не комбайнның рулінде отырып-ақ, егістіктен сары алтынның масақтарын жинап, болмаса мал шаруашылығымен айналысып-ақ, шығармашылық қуанышын сезінуге болатынын айқындайды.