• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Мамыр, 2022

Мінсіз қызметімен ерекшеленген тәртіп сақшылары марапатталды

437 рет
көрсетілді

Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай, мінсіз қызметімен ерекшеленген полицейлер және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, ҚР Президентінің Жарлығымен ішкі істер органдарының 25 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды, 8 басшы генерал шенін алды. Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің бұйрығымен 820 қызметкер түрлі марапатқа ие болды.

«Ер азамат үшін Отан қорғаудан артық қасиетті міндет жоқ. Ата-бабамыз аманат етіп қалдырған жеріміз бен елдігімізді сақтау - біздің басты парызымыз. Бүгінде осы аманатты арқалаған ішкі істер органдарының қызметкерлері еліне аянбай еңбек етіп келеді. Олардың тынымсыз қызметіне Мемлекет басшысы да жоғары баға берді. Ол - адал еңбек пен антқа берік болудың жемісі», - деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Марапатқа ие болғандардың қатарында ер адамды ажалдан аман алып қалған павлодарлық полиция қызметкерлері Данат Камалиев пен Бақытжан Мұхамбетов те бар. Қызмет барысында қауіпке бас тіккен қос жігітке «Ерлігі үшін» медалі табысталды.

«2022 жылдың наурыз айында біздің экипажға өрт туралы шақырту түсті. Оқиға орнында 2-қабаттағы пәтердің өртеніп жатқаны анықталды. Біз ол жерден есінен танып қалған азаматты шығардық. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырдық», - дейді Павлодар қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы Данат Камалиев.

«Мұндай шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Өте қуаныштымын. Жаңа генералдарды құттықтадық. Басқа өңірлерден келген әріптестерімізбен таныстық», - деп әсерімен бөлісті Павлодар қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы Бақытжан Мұхамбетов.

Шараға кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болған марқұм Олжас Рысбектің ата-анасы арнайы шақыртылды. Ол қауіптің алдын алу үшін көлікті тоқтатпақ болып, қызмет барысында қаза тапты. ІІ дәрежелі «Айбын» ордені ата-анасына табысталды.

«Балам мектеп бітіргеннен өзі осы мамандықты таңдады. Өз ісін өте жақсы көрді. Оқыс жағдай болды. Бүгін баламның еңбегі үшін орден табыстап жатыр», - деді инспектордың анасы Гүлмира Нілдебаева.

Іс-шараның салтанатты бөлімінен соң марапатталғандар мен қонақтар Әскери-тарих мұражайындағы жәдігерлерден тұратын көшпелі көрмені тамашалады. Көрмені Көліктегі полиция департаменті ұйымдастырды.