Ата заңда Адам құқығы жөніндегі уәкілдің мәртебесі бекітілетін болады. Бұл туралы ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Адам құқығы жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін реттеу туралы мәселе бұрыннан көтеріліп жүрген болатын. Еуропа кеңесінің Венециялық комиссиясы кезінде қазақстандық омбудсменнің құқықтық негіздерін қарастырып, сол кезде де осындай ұсыныс берген. 2017 жылғы конституциялық реформа кезінде адам құқығы жөніндегі уәкіл бірінші рет Конституция мәтінінде қосылды. Ол Сенаттың өкілеттіктеріне қатысты. Президенттің ұсынуы бойынша омбудсмен 5 жылға тағайындалады деп жазылды. Енді бұл іс-шараға қосымша аталған институттың мәртебесін, құқықтық жағдайын егжей-тегжейлі Ата заңда реттеу қажеттілігі туындап отыр. Оның жалпы тағайындалуы, миссиясы, міндеттері, жұмыс істеу тәсілдері — барлығы 7 тарауға, 83-1-бапқа енгізіліп отыр», деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, түзетулерде омбудсмен институты адам құқығын қорғауға ықпалдасатын, жалпы адам құқықтарын қорғау жүйесін насихаттайтын мемлекеттіміздегі институттың бірі деп жазылады.
«Ол - тәуелсіз лауазымды тұлға. Халықаралық тәжірибеде солай қалыптасқан. Оның өзінің жұмыс істеу тәсілі бар. Омбудсменге де азаматтардан, ұйымдардан шағым-арыздар түсіп жатыр. Оларды қарау тәртібі бар. Омбудсмен ұйымдарға өзінің сауалын жолдай алады. Ол сот процесіне азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында талап арыздарын беруге құқылы және Парламентке дейін, Президентке дейін есебімен, ұсыныстарымен шыға алатын тұлға», деді Бақыт Нұрмұханов.