• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Мамыр, 2022

Әзілханның жоқтау жыры

891 рет
көрсетілді

Жуықта «Социалистік Қазақстан» газетінің соғыс жылдары жарық көрген сандарын шолып отырып, басылымның 1944 жылғы 28 қараша күнгі санынан майдангер – жазушы Әзілхан Нұршайықовтың Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қазасына қатысты жазған «Жан құрбы» атты жырын жолықтырдық. Биыл қос майдангердің де туғанына 100 жыл толған мерейлі датасы. Бірі – майдан даласында ерлікпен көз жұмса, екіншісі аман-есен елге оралып, ұзақ жыл қазақ руханияты үшін тер төкті.

Осы орайда, ерекшелеп айта кетерлік дүние – Ұлы Отан соғысының ардагері, Мем­лекеттік сыйлықтың лаураеты, А.Фа­­деев атындағы халық­аралық сый­лық­­тың иегері Әзіл­хан Нұршайықов ата­мыз аса ұқыпты, жазу ісіне қылау түсір­меген тақуа қаламгер. Сондықтан да болар, майдан даласында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованы қалай жолықтырғаны және жоғарыда газет бетінде жарияланған жырды не үшін жазғаны жайлы тәптіштеп баяндаған екен.

Айталық, қаламгердің көзі тірісінде 2005 жылы Алматы қаласындағы «Қа­зы­ғұрт» баспасынан жарық көрген 10 томдық таңдамалы шығармалар жинағының 3-ші кітабының 312-ші бетінде былай деп баяндапты: «Мен Мәметованы үш рет көрдім. Алғашында, 1942 жылдың желтоқсанында артиллерия дивизионының штабынан бригада штабына донесение апарғанда кездестім. Онда Мәншүк бригада штабында писарь болатын. Екінші рет – 1943 жылы 5 мамырда баспасөз күніне арнап бригадалық га­зет­тің редакциясы өткізген жауын­гер тілшілердің слетіне қатыстым. Слеттен кейін ортамызда Мәншүк бар төрт-бес жауынгер мен бір-екі офицер бөлімшеге бірге қайттық. Бұл кезде Мәншүк пулеметші мерген қыз атанып жүрген-ді. Солдаттық өмірдің барлық ыстық-суығына пісіп, ширап, өңі күреңіткен, бүйрек бетті, өткір қара көзді сида қыз жас жолбарыстай шиыршық ататын еді. Біз жолда оны өз батальонына әкеліп салдық. Сонда Мәншүк жер үйінің қасында тұрып: «Әттең, жауды жеңіп, Алматыға аман-есен барып, дәл осындай жер үйде тұрсам да, арманым болмас еді» деп айтты» дейді.

Ал майдангер-қаламгер батыр қызды соңғы рет, яғни үшінші дүркін 15 қазан күні көрген екен. Қайсар қыз станокты пулеметін арқалап, сапта кетіп бара жатыпты. Ертеңінде алай-дүлей шайқас басталып, 1943 жылдың 16 қазан күні жан құрдасы һәм жан құрбысы Мәметованың ерлікпен қаза тапқаны жайлы естіпті. Содан тебіреніп толғанып, жан құрбысына жоқтау жыр арнапты.

Бұл жазбасын Әзекең 1944 жылы қыркүйек айында майдан даласынан туған елге делегат болып келген сапарында Алматыда үлкен жазушы Сәбит Мұқановқа жолығып, ол кісіге оқып береді.

Бұл оқиға туралы Ә.Нұр­шайықов өзінің жоғары­дағы естелігінде: «Сәбең менің өлең жазылған дәптерімнің алғашқы оншақты бетін ақтарып шығып, «Жан құрбы» деген өлеңді тауып алды да, менің жазуымды еркін ажырата алмағандықтан, – Өзің оқып жіберші, – деп маған ұсынды» дейді. Үлкен жазушы өтінген соң аға сержант:

Қара көз, қазақ қызы Мәншүк батыр,

Орнатқан дұшпанына заманақыр,

Өлтірген талай сұмның қанын шашып,

Өнерің естен кетпес толып жатыр.

Абырой-атағыңа намысың сай,

Ісіне қаһармандық көңілім жай,

Керемет кешегі өткен ерлігіңді,

Ешқашан ұмытпаспыз жан қалқатай.

Дұшпанның ортасында жалғыз қалдың,

Жалындап, жасқанбастан

ұрыс салдың,

Бойдағы от, болат

«максим» серігіңмен,

Жауыңның екі жүздей жанын алдың,

Сынған жоқ өлсең-дағы сенің сағың,

Өшкен жоқ, өрлей түсті,

жастық бағың,

Еске алып, атағыңа бас иеміз,

Жан құрбы,

торқа болсын топырағың, –

деп терлеп, тепшіп оқып беріпті. Мән-жай­дан хабары мол Сәбит Мұқанов те­рең күрсіне отырып тыңдаған екен. Бұл кездесу шамамен 1944 жылдың қыр­күйек айының соңында болғаны анық. Өйткені, сержант Ә.Нұршайықов есте­лігінде «октябрь айының басында май­данға оралдық» деп жазады. Бірақ бұл жыр арада екі ай өткен соң газетке жарияланыпты.

Яғни, қазақтың батыр қызын әспет­теген жырды Сәбең дұрыс көріп, Әзекеңе көшіртіп алып қалған. Содан жыл соңына таман газетке апарып берген. Сөйтіп, бұл жоқтау-жыр газетке шыққан. Міне бүгін арада 78 жыл өткен соң «ақынның хаты өлмейді» дегендей қайта жаңғыртып, газет оқырмандарына ұсынып отырмыз.