• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Мамыр, 2022

Жол құрылысы саласындағы 2 компанияға айыппұл салынды

612 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері жол құрылысы саласындағы 2 техникалық қадағалау компаниясына 2,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп жазады Egemen.kz ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Премьер-Министр Әлихан Смаиловқа автокөлік саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мен өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету міндетін іске асыру орайында жалпы пайдаланымдағы 11,5 мың шақырым автокөлік жолдары мен сегіз көлік дәлізіне модернизация, реконструкция және жөндеу жұмыстары үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 601 млрд теңге бөлінді. Көлік дәлізі Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы Қытай, Ресей және Орта Азия елдерінен Кавказға және одан әрі Еуропаға транзитті қамтамасыз етеді.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде республикалық желінің 7,3 мың шақырымында жұмыстар жүргізілуде. Оның 4,3 мың шақырымында құрылыс және реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек. Биылғы жылдың аяғына дейін 1,6 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Ведомство басшысының ақпаратына сүйенер болсақ, 3 мың шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 800 шақырымынан астамы пайдалануға берілген.

Ал жергілікті желіде 4,2 мың шақырым жол жөндеу барлық түрімен қамтылды.

Битумды уақтылы жеткізу мақсатында ИИДМ Энергетика министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, ай сайынғы тікелей жеткізу бойынша жұмыс механизмін құрды. Ағымдағы жылы битумның жалпы қажеттілігі 1,1 млн тоннаны құрайды (оның ішінде: республикалық жол желісіне – 600 мың тонна, жергілікті жол желісіне – 500 мың тонна).

ҚР ИИДМ басшысы өз сөзінде орындалатын жұмыстар мен пайдаланылатын жол-құрылыс материалдарының сапасына жіті назар аударылатынын атап өтті.

«Ағымдағы жылдың басынан бері жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптаумен республикалық желі бойынша барлық автожол жобалары және жергілікті желі бойынша 52 пайызға қамтылды. Сонымен қатар жол-құрылыс материалдарының 3 299 сынамасы алынып, сыналды. Жалпы алғанда, жыл басынан бері мердігерлердің өз қаражаты есебінен 51,2 млн теңге сомасындағы жұмыстар қайта жүргізілді. Екі техникалық қадағалау компаниясына 2,1 млн теңге көлеміне айыппұл салынды. Сондай-ақ 1 техникалық қадағалау компаниясының аттестаты алты айға тоқтатылды», деді Қ. Өскенбаев.

Сондай-ақ министр «Көлік туралы» заң жобасы шеңберінде орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды арттыру мақсатында бірқатар түзетулер енгізілетінін атап өтті. Олардың қатарында кепілдік кезеңінде авторлық және техникалық қадағалаудың мердігерлік ұйымдармен тең дәрежеде ортақ жауапкершілігі, Сапа орталығына көше-жол желісіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу бойынша өкілеттіктер беру сияқты түзетулер бар.

Сонымен қатар ведомство басшысы жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін мыңнан астам нормативтік-құқықтық акті қайта өңделетін айтты. Бұдан өзге, жолдардың сапасы бойынша әкімдердің рейтингін анықтау жөніндегі әдістеме әзірленгенін де атап өтті.