• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2022

Ғалым ғибраты

345 рет
көрсетілді

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде әдебиет, тарих, білім беру, журналистика саласында өзіндік орны бар, Ұлттық жоғары мектеп академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайдың туғанына 80 толуына орай «Қазіргі заманғы журналистиканың ғылыми-педагогикалық аспектілері» деген тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция болды.

Зарқын Тайшыбай 20 жылдан артық СҚУ-да журналистиканы оқып-үйрету, өлкені зерттеу, тарихты таразылау, ұлы тұлғаларымыздың өмірі мен ісін зерделеу саласында жемісті еңбек етіп келеді. Оған дейін ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де ұстаздық еткен. Алға қойған бағыты бойынша 200-ден артық ғылыми мақала, 12 оқу құралын, 11 монография жариялаған адам. Оның зерттеулері қазақ халқының тарихы мен әдебиетінде өзінің өшпес іздерін қалдырған даңқты ұлдарының ұлағатты іс-әрекеттерін жарыққа шығарып, оларды ғылыми айналысқа енгізіп, жалпы көпшілікке, соның ішінде жастар мен студенттерге танытуға бағытталған. Осы жұмыстарды жүзеге асырып, ұзақ жылдар бойы архивтердің шаңын жұтқан ол өзінің табандылығы мен көрегендік интуициясының арқасында ғылым үшін тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Еңбектері абайтану са­ла­сын, Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын, қазақ жур­налистикасының ХХ ғасырдың басын­дағы тарихын, Абылай ханның өмірі мен іс-әрекеті бойынша зерттеу­лерді толықтырды.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, шә­кірт тәрбиелеу саласында да ұлан­ғайыр еңбектер атқарып келеді. Оның жан­­кешті белсенділігінің арқасында Е.Бө­кетов атындағы ҚарМУ-де және М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да журналис­тика фа­культеттері ашылды. Қазір оның тү­лектері еліміздің түкпір-түкпірінде қо­ғамдық пікірді қалыптастыру, ха­лыққа шыншыл ақпараттар беру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау саласы бойынша жемісті еңбек етіп жүр. Журналистер даярлаудағы қалып­тастырған мектебі бүгінгі күні мәуелі баққа айналып, талай мықты журна­листер «Зарқынның шекпенінен шық­қанбыз» деп оны орынды мақтан етеді.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың қабырғасында ашылған этно-мәдени зерттеулер орталығының жұмысын да оның есімінсіз көзге елестету қиын. Осы орталықта ол ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы өлкеміздің шежіресі бойынша тарихи, этнографиялық, антропологиялық, ономастикалық кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Осы зерттеулер бойынша бірнеше кітап жарыққа шықты. Бұлар өлкеміздің кешенді тарихын білуде ізденушілерге, студент-жастарға таптырмайтын деректер. Сөйтіп ол Қазақстан Республикасының гуманитарлық және қоғамдық ғылым саласында қажымай-талмай еңбектенгендігінің арқасында өшпес із қалдырып отыр.

Мерейжас иегерін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтап, «қай жағынан алғанда да Сіз М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың ғана емес өңіріміздің мақтанышына айналған жансыз. Ақын айтпақшы «Қызылжарды көргің келсе – міне, осы» деп Сізді алдымызға салсақ ешкімнен ұялмаймыз», деп оның арқасына шапан жапты. СҚУ ректоры Ерлан Шоланов Білім және ғылым министрлігі атынан «Ғылымды дамытуда сіңірген еңбегі үшін» медалін тақты. Қарағанды облысы делегация­сын бастап келген Amanat партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бекзат Алтынбек облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің, Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынның құттықтауларын жеткізіп, абзал аға­ның астына ат мінгізді. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев өзінің құттықтауын айтып, Зақаңа одақтың Алтын медалін табыс етті.

Құттықтаушылар арасында Сол­түстік Қазақстан облыстық Арда­гер­­лер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеу­сізов, Тарих және этнология инсти­тутының директоры Зиябек Қабыл­динов, Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы, Түркиядан Кастамону университетінің профессоры Орхон Сөйлемез, «Сарыарқа-ақпарат» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет, ҚарМУ ректорының атынан Қойлыбай Асанов, «Қазақстан РТРК» АҚ Ақмола филиалының директоры Ерлан Атамбай және т.б. болды.

Түстен кейін өз жұмысын жалғас­тырған конференцияда Зарқын Тай­шыбайдың журналистік, ғалымдық, ұстаздық, өлкетанушылық қырларын ашқан оннан артық танымды, та­ғы­­­­л­ымды баяндамалар оқылды. Өзі­не бе­ріл­ген сөзде Зеркең конфе­рен­ция­ны ұйымдастырушыларға жә­не келген қонақтарға алғысын айтты. Конференцияны жүргізген тарих ғы­лымдарының докторы Ақмарал Ыбы­раева оқылған баяндамалар жеке жинақ болып шығатынын жеткізді.

 

Петропавл