Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Аталған құжат ядролық, радиациялық қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау мақсатында кедендік бақылау саласындағы тараптардың ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық, бірлескен оқу-жаттығулар мен оқыту семинарларын өткізу ескерілген. Екіншіден, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тараптардың халықаралық мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы орайда, тараптардың кеден шекарасындағы өткізу пункттерінде радиациялық бақылау жүргізу, азаматтардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қамтылған», деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес, әкелуге тыйым салынған ядролық, радиациялық қауіпті заттарды ел аумағына тасымалдауға жол бермеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда радиация аясы белгіленген нормалардан асатын тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға қатысты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда, мұндай тауарларды екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетуге жол берілмейді.
«Бірлескен радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарының өкілдерінен және оқу орталықтарының мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы айқындайды. Осы Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытай арасындағы ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялы қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болдырмау рәсіміне қатысты мәселелерді неғұрлым нақты және неғұрлым тиімді құқықтық реттеуге ықпал етеді. Келісімді іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді», деп түйіндеді министр.