ШҚО ПД тергеушісінің арқасында 26 жыл бұрын жазылған хат өз иесіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
20 мамырда ресейлік Надежда Лаврикова Шығыс Қазақстан облысы ПД Тергеу басқармасының аға тергеушісі Айдана Серіковаға алғыс айтып, бейнехабарлама түсірді. Ол 1996 жылы Риддерде болған күйеуінің өлімі туралы қылмыстық істі тергегені үшін қазақстандық тергеушіге алғысын білдірді. Айдана Серікова қылмыс жасаған адамдарды анықтап, процессуалдық шешім қабылдаған.
Аға тергеуші іс материалдарынан марқұмның қызы мен әйеліне жетпей қалған хаттарын тапқан. Айдана Серікова марқұмның жақындарын тауып, оларға 26 жыл бұрынғы хаттарды жіберген.
Тергеуші Надежда Лавриковамен бейнеконференцияға шығып, істің мән-жайын, сондай-ақ қылмыскердің қалай ұсталғанын және туыстарына жетпей қалған хаттар туралы әңгімелеп берген. Кейін ол 26 жыл бұрын жазылған хаттарды марқұмның туыстарына өткізген.
Айдана Серікова бұл хатта бір адамның өмір тарихы, қызы мен жарына деген махаббаты және оларға білдіре алмаған сағыныш сезімі жазылғанын айтты.