• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Мамыр, 2022

Могиканның соңғы тұяғы...

1305 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында 1902 жылдың 22 наурызында дүниеге келіп, 1985 жылғы 31 желтоқсанда Алматы қаласында өмірден өтті. Биыл 120 жылдығы атап өтілгелі отырған ол қазақ әдебиеті алыптарының арасында барлық құрметке бөленіп, барлық атақ-даңққа қол жеткізіп, баянды да ұзақ ғұмыр кешкен бақытты жан деп айтуға болады. Проза жанрында өнімді еңбек етіп, драматургия мен сын саласында да тер төккен ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды, ҚазКСР ҒА академигі, Социалистік Еңбек Ері және Қазақстанның халық жазушысы атанды. Жеті орден, бес медальмен наградталған. КСРО мен Қазақ КСР Жоғарғы кеңестерінің депутаты, оның ішінде бір жыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болса, екі рет Жазушылар одағының төрағасы, қазіргі «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» және «Ара-Шмель» журналының бас редакторы сынды жауапты лауазымдарда болды.

Ел басына күн туған 1937 жылы ол Қазақ Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімі бастығының орынбасары, одан кейін саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі сияқты қызметтерді ат­қарған. Осы қызметтерде ол қиын-қыс­тау уақытқа қарамай шашасына шаң жұқтырмай, артына жаман сөз қалдырмай, саф алтындай таза қалы­бымен шыға білді. Тіпті «Бейімбет жау болса – мен де жаумын» деп, қылы­шынан қан тамған қасапшы билікке қасқайып қарсы тұрып, қаламдасын қорғай білген жалғыз қазақ жазушысы болды. Ал өз басына күн туғанда НКВД жендеттерін қапы қалдырып, аңдыған жауды ақыл-айласымен жеңіп, тырнақтарына ілікпей, құтылып кете алған да жалғыз Мүсірепов. Бұл да үлкен ерлік, егер ол көптің бірі болып қызыл қырғынның құрбаны болып кете барса, қазақ халқы өзінің эстетикалық талға­мын арттырған, көркем ойға қанық­тырған оның кейінгі классикалық шы­ғар­маларын көре алмаған болар еді... 

Ғабеңнің тағы бір қасиеті, ол – қазақ әдебиетіндегі маңызды талас-тартыс пікірлердің кесімін айтатын, бәрін мойындататын әділ төреші, аузы дуалы жоғары бедел иесі болды. Мәселен, ұзақ жылдар бойы келіспес пікір таласына айналып келген Махамбеттің «Ерулі атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай...» деген жыр жолдарындағы «ерулі», «ереулі» және «ереуіл» сөздерінің қайсы дұрыс екенін нақтылап беріп, нүктесін қойып кетті. Талас пікір туғанда жазушы Берқайыр Аманшин Ғабеңе ашық хат жазып, осы үшеуінің қай дұрысын айтуды өтінген еді. Ғабең жауға асыққан батырлар көздеген жеріне жедел жету үшін қос атпенен шабатынын, оның екіншісін «ерулі ат» деп атағанын айтып, айтыс­ты қорытқан. Өкінішке қарай, Ғабең өмірден өткесін осы таласты қайтадан бықсытқандар шықты...

Ғабит Мүсіреповтің көзіне түсу, сы­ни мақалаларына арқау болу, жақсы лебізін есту қазақ жазушыларының арманы болған. «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне...» деп, Сәбит Мұқанов айтса, Ғабит Мүсірепов барлық қазақ ақын-жазушыларын тегіс мойындатып, қаламдастары арасында «сөз зергері» деген айрықша атаққа ие болған бірден-бір жазушы.

Осынау құрметті дәрежелердің бәріне ол өзінің алғашқы «Қос шалқар», «Шұғыла» және т.б. әңгімелерінен бастал­ған жазушылық жолында кәсібі­не адал, кісілігіне кір келтірмеген, қаламына шаң жуытпаған қалпы, арнасынан асып, тасып төгілмей ағатын ұлы өзендей сарабдал, салмақты, ғажап ғибраттылығымен жеткен жан.

Мұқағали Мақатаев Ғабең туралы:

«Ғабеке,

Анда-санда сізді көрем,

Сізді көрсем жомарт

бір күзді көрем,

Еліктеп өзіңізге есім кетіп,

Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең...», деген екен.

Сол айтпақшы, Ғабең жемісі мол, саф ауалы, күні шуақты, салқын самалды, сары алтындай сары жапырағы ақырын ғана сыбдырлаған жомарт күз сияқты еді.

Өмірінің әр кезеңінде ол ана тақы­ры­бына терең бойлап, құнын ешқашан жоймайтын «Адамның анасы», «Өлім­ді жеңген ана», «Ананың анасы», «Ашынған ана» сияқты әңгімелерін жазып, қазақ әдебиетіне жаңа леп, көркемдік өрнек әкелді. Ал ана образының жаңа қырларын ашқан «Ер ана», «Ақлима» атты әңгімелері соғыс жылдарында жазылды. Жалпы, ана тақырыбы мен әйел психологиясын ашуды берік ұстанған жазушы әйелдің ғажайып сипатын, ішкі дүниесінің көркемдігін, сезім әлемінің байлығын беретін еңбектерін өмір бойы жалғастырды деп айтуға болады. Сол қатарда «Қыпшақ қызы Аппақ», «Әнші Майра» және басқа үлкенді-кішілі шығармалары туған. Ал өмірінің соңғы жылдарында жазған «Ұлпан» романы осы тақырыпты түйіндеген айрықша еңбегі. Жазушы солтүстік қазақтарының арасында өмір сүрген тарихи тұлғаның күрделі өмірін негізге ала отырып, өзінің суреткерлік шеберлігімен сол замандағы қазақ әйелінің ең жарқын, асыл қасиеттерін көрсете білді.

Алтынның қиыршықтарындай бол­­­ған оның «Жеңілген Есрафил», «Өмір жорығы», «Қыран жыры», «Тар­­лан­дар», «Этнографиялық әңгі­ме», «Дос­тар қалжыңы», «Тимка-Дим­ка» және т.б.  әңгімелері адам өмі­рін­дегі қым-қи­ғаш характерлерді, психо­логия­лық ерекшеліктерді, таным-білік­тер­­ді көркемдікпен суреттеп, бұрын ескермеген таныс дүниелердің жаңа қыр­ларын танытып, ойға қалдырады.

Ғабит Мүсірепов әлеуметтік маңызы терең тақырыптарға барып, тұтас бір ғасырға жуық кезеңді арқау еткен эпикалық дүниелер де жазған түбі терең жазушы. ХХ ғасырдың екінші жартысынан Қазақ даласында үлкен өндіріс ошақтарының, өнеркәсіптің, жұмысшы табының тууы мен қалыптасу тарихын баяндаған «Оянған өлке» романын ол 1953 жылы жазып шыққан. Күнкөріс қамымен шахтаға түскен Бұланбай секіл­ді жігіттерді Сикорский сияқты қулардың аунатып жеуі, жауыздық әрекеттері, қазақ азаматтарының өз намысы мен еңбегі үшін оларға қарсы күрес тәсілдерін меңгере бастауы, Игілік сияқты қазақ алпауыттарының жаңа әлеуметтік өзгерістерге бейімделіп, баюдың жаңа амал-айлаларын табуға ұмтылуы сияқты дүниелер реализм әдісімен шынайы баяндалып, оқырманға сананың жаңа заманға өзгеру тарихынан мол мағлұматтар береді. «Оянған өлкенің» заңды жалғасы болған «Жат қолында» тек 31 жылдан кейін, 1984 жылы жарық көрді. Романның «Жат қолында» атануының өзі Қазақ дала­сындағы Қарағанды, Ақбұйрат, Нілді кеніштеріндегі жерасты байлығын ағыл­шын, француз, орыс кәсіпкерлері сияқ­ты жат жұрттардың өз игілігіне пайдалануына жазушының ішкі түйсігіндегі қарсылығы романның өне бойынан сезі­леді. Осыған орай Кенжеғара Берік­қарин сияқты еліне жаны ашитын қазақ­тың оқыған жасының жаңа типті бейнесінің жасалғаны жазушының табы­сы. Кенжеғара кешегі шынжыр балақ шұбар төс атанған Игілік байдың ұлы болса да тарихтың жаңа дәуірінде, колониалдық басқыншылық жаңа қырға көтерілген кезеңінде туған жаңа типті образ. Бұлар халық қамы үшін еңбек етіп, 1937-1938-дің қанды қырғынында тегіс репрессияға ұшыраған Алаш оқығандарының бейнесі екенін ойлы оқырман түсініп отырады. Бұлардан басқа жазушының шебер қаламынан «Қазақ солдаты», «Кездеспей кеткен бір бейне» сияқты күрделі прозалық туындылар өмірге келді.

Жазушы Ғабит Мүсіреповтің үлкен табысы драматургия саласында көрінді. Оның ұзақ жылдар бойы облыстық, республикалық сахналардан түспей келе жатқан  «Ақан сері-Ақтоқты», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты драмалық шығармалары осы саланың шедеврлері болып танылған. Бұл шығармаларында жазушы белгілі тарихи адамдармен қатар фольклорлық қаһармандардан тамаша драмалық бейнелер жасай білді. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Қозы Көрпеш» пьесасы қазақ әдебиетінің бұл салада ірілеп өскендігінің айғағы. Драматургия құрылысы қиын, ауыр жанр болғанда «Қозы Көрпештің» жазушысы сол қиыншылықтарды шеберлікпен, ақындық, көркемдік, ұсталықпен шеше білген», деп жазды.

Бұлардан басқа драматург Мүсірепов «Қыз Жібек» операсының, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетінің либреттосын жазды. Қазақтың ең алғашқы фильмі «Амангелді» мен классикалық киносы «Қыз Жібектің» сценарийі де Ғабеңнің ұшқыр қаламынан туды.

Жазушының қазақ әдебиетінің тынысын ашып, басқа халықтардың үз­дік ойын ұлтымызға танытудағы ең­бегі де зор. Ол көркем аударма саласында еңбек етіп, О.Генридің новеллала­рын, М.Горький, М.Шолохов, И.Эрен­бургтың, В.Васильевскаяның әңгіме­лерін, В.Шекспирдің, А.Островскийдің, К.Симоновтың, Л.Леоновтың, А.Сафро­новтың, А.Штейннің пьесаларын шебер­лікпен тәржімалады.

Ғабит Мүсірепов өзіне ғана емес замандастары мен іні-қарындастарына да тілдің табиғилығы мен тазалығы, әсемдігі мен сұлулығы, шеберлігі мен көркемдігі бағытында қатаң талап қойған эстетикалық талғамы жоғары қаламгер. Тілдік норманың сақталуы оның назарынан үнемі түспей, аймақтық диалектілер мен шеттен кірген сөздерді әдебиетке орынсыз тықпалайтындарға қарсы ол алғы шепте болып, үлкенді-кішілі бірнеше мақала жазды. 80 жастан асқан шағында Алматыда «Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі» атты конференцияның ұйымдастырылуына мұрындық болып, онда өзі «Ана тілін арымыздай ардақтайық» деген тақырыпта мінберде тұрып үш сағаттан артық баяндама жасаған. Ғабеңнің осы соңғы ерлігін әдебиетсүйер қауым үнемі ризашылықпен еске алып жүреді. Ол кезде жас жазушылар болған Дүкенбай Досжановтың, Молдахмет Қаназовтың, Бекділда Алдамжаровтың, Марат Қабан­баевтың, Софы Сматаевтың, Кәрі­бай Ахметбековтің және т.б. шығар­маларындағы орашолақ сөйлемдер мен тіркестерді сынап, мінін көрсетіп береді. Мысалы, мысықты сипаттаған Марат Қабанбаевтың «шалдың жұмсағын кертіп жеп, жылысын жалап жүрген маубасы» деген сөйлеміне «шалдың жұмсағы» деген жасы үлкендердің қалжыңдарында қалыптасқан мәні бар сөйлем. Ал енді мысық барлық аңдар сияқты жұмсақты кертіп жемейді, жұлып жейді. Мұны білмесе – білмеске соқтықпау керек» деп қатаң ескерту жасайды. Сол кезде қалыптасқан жазушылар Қалихан Ысқақов, Мағзом Сүндетов, Смағұл Елубаев шығармаларындағы кейбір жаңылыстарды да көзге көрсетіп кетіпті. Осының бәрін сол жылы 83-ке келген ақсақал ана тіліміздің тазалығы, көркемдігі, болашағы үшін толғанып, жазушылардың еңбектерін оқып, зерттеп жүріп тапқан. Мұндай ерлікке Мүсіреповтен басқа жазушылардың қайысысы барғанын білмейміз. Білетініміз тіл тазалығы Мүсіреповтен кейін күн тәртібінен түсе берді.

Әдебиеттің атасы деуге лайық осындай тұлғаны өмірге әкелген Қызылжар өңірі халқы ғана емес, бүкіл еліміз Ғабит Мүсіреповті айтып, қалай мақтанса да, қалай шаттанса да лайықты. Академик Зейнолла Қабдоловтың «Мүсіреповті мақтамайық, Мүсіреповпен мақтанайық» деген сөзі өзінің маңызын ешқашан жоймайды деп білеміз. Алыптар тобының жалғасы болған Ғабит Мүсірепов осылайша, өзінен ғана емес өз замандас­тарынан да туған әдебиетке деген адал­дықты талап етіп кеткен жан.

 

ПЕТРОПАВЛ