Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 8 құрылыс нысаны орналасқан 75 жер учаскесін сатып алады. Бұл туралы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін қалалық мәслихаттың қарауына 8 нысан бойынша 75 жер учаскесін сатып алу туралы жобаны ұсынамыз. Жер учаскелерінің жалпы ауданы - 3 гектар. Жобаның құны - 713 млн теңге», деді Әнуар Саипов қалалық мәслихаттың 25-ші кезектен тыс сессиясында.
Бұдан соң басқарма басшысы сатып алынатын нысандарды атады.
«Бірінші нысан - Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голль көшесінің қиылысындағы тұрғын үй кешені, екіншісі - Шарль де Голль және Тоқпанов көшесі қиылысындағы құрылыс нысаны, үшіншісі - Ш. Айтматов көшесі бойынша құрылыс, келесі жоба - Есіл өзенінің арнасын қайта жөндеу. Сол секілді Республика даңғылы мен Алтынемел, Құтпанов, Гете көшелерінің қиылысындағы көппәтерлі тұрғын үй кешені және Қосшығұлұлы көшесіндегі 8 тұрғын үйді абаттандыру жұмысы бар. Қабанбай батыр даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесіндегі әкімшілік ғимарат құрылысы және Тұран даңғылы мен №227 көшесінің қиылысында орналасқан әкімшілік ғимараттың құрылысы да осы тізімге кіреді», дейді ол.