• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 31 Мамыр, 2022

Қара табан, қанды жол

1314 рет
көрсетілді

Өткен жылдары жолымыз түсіп Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіне ат басын тіредік. Бұл реткі сапарымызда уақыт тауып, аудандық әдеби-өлкетану музейіне бас сұқтық. Мекемеде өлке тарихына қатысы бар тұлғалар Қ.Сәтбаев, М.Көпеев, Ғ.Мұстафиндерге байланысты тың фотодеректер баршылық екенін байқадық. Көрме экспозициясын жағалай сүзіп келе жатып, қуғын-сүргін жылдарына арналған бөлімнен 1931-1932 жылғы алапат аштық жайлы жазылған 80 жол «Қара табан, қанды жол» атты толғауды ұшыраттық. Музей қызметкерлерінің ай­туына қарағанда, бұл жыр бұрын ешқайда жарияланбаған.

Ата сөзі балаға мирас екен,

Айтылған соң ескермей

қалмаса екен.

«Аштан өлген кісінің моласы жоқ»,

 Деуші еді осы мақал рас екен.

Моласы қайдан болсын көмген

жан жоқ,

Ауырып өз үйінде өлген жан жоқ.

Ауырды деп ауызына сусын беріп,

Таза арулап қолынан

көмген жан жоқ, 

–  деп басталған қасірет толғауын әрі қа­рай оқыған сайын оқиғаның қайғысы қалыңдап, сауатсыз жасалған реформа кесірінен аштыққа ұшыраған ел бас ауған жаққа тентіреп, олар кеткен соң қарайып жұрты қалғаны жайлы зар еңіреп былай деп толғапты:

Қарайып жұрттар

қалды орынында,

Киімшең тірі күнгі порымында.

 Боранда тау паналап ығып келіп,

 Өлген малдай жартастың

 қорымында.

Соның бәрін көзімен көрген қарт біз,

Қара табан, қанды жол жорығында.

Қалғаны халі бітіп, жолда өлді,

Шыққаны сандалып кеп жонда өлді.

Манағы ел табам деп шыққан жаяу,

Жүре алмай қаңғып жүріп,

ол да өлді.

 Салық тауып, сала алмай

қашқан өлді,

Арасында момындар босқа өлді.

 Ақымақтың асыра сілтеуімен,

Халыққа жаны ашитын

дос та өлді,

Қорада мал, қалтада пұл таусылып,

Елдің бәрі ақырында аштан өлді...

* * *

Жоғарыдағы «Қара табан, қанды жол» атты қасіретті жырдың авторы – 1878 жылы туған Ахметбек Байсалбаев деген адам екен. Әкесі Байсалбай Меккеге қажылық сапарында қайтыс болған. Ахметбек бала күнінде ауыл молдасынан оқып қара таныған, қазіргінің тілімен айтқанда көзі ашық, көкірегі ояу, заман ағымын бағамдай білетін салиқалы тұлға болыпты. Өз үйінде жеке кітапхана ашып, ауыл жастарын жинап оқу-білімге талпындырған. Осы жастардың бірі – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі болған Ғабиден Мұстафин атамыз.

Сондай-ақ Ахметбек ақын қазақ­тың белгілі азаматы Сәкен Сейфул­линмен де тамыр-таныстығы болған дей­ді білетіндер. Өйткені жалынды жазушының «Тар жол, тайғақ ке­шу» атты мемуарлық туындысында Ахметбек Байсалбаевтың аты аталып, түсі түстелсе, көп жыл Қарағанды қала­сында тұрған Алаш арыстарының көзін көрген қаламгер Жайық Бек­тұ­ров «Қара табан, қанды жол» тол­ғауының авторы жайлы көп ізденіп, Байсалбаевтың ұлы Жанайдардан ақын­ның фотосын тауып алған. Бұл фото қазір біз барған аудандық музей­дің ішінде ілулі тұр.

Үлкен жазушы Ғабиден Мұстафин өз естелігінде: «Ахметжан ақынның туған жері Қызылқайың (Березняки) ауы­лы. Осы тоғайды мекен ете отырып ол кісі елді отырықшылыққа бастап, егін салуды үйретті. Ел ішінде өте беделді болған, аузына кісі қараған, тілі өткір ақсақал шала белсенділердің халыққа қиянатын қатты сөгіп, сынағаны  үшін 1937 жылы атылып кетті» дейді.

Осы орайда, атақты жазушының «ша­ла белсенділердің халыққа қияна­тын қатты сөгіп, сынады» дегені мына біз сөз етіп отырған жыры болса керек. Осы жыр толғаудың соңын ақын атамыз:

Кемпір менен шалды айтып,

не қылайын,

Жазығы жоқ көк өрім жастар өлді.

 Белсенділер перегипті қолмен

жасап,

Халықтың осыменен тапты жайын.

Қырылған жалпақ елге қазалы кім?

Жолдың бойын қан қылған

жазалы кім?

Табаны қап-қара боп қаңғып өлген,

Қазақтың баласына азалы кім?

– деп аяқтапты. Мұндай жыр жазған адам ол кезде атылмай қайтеді. Тіпті бұл кісінің көзін жойған соң өкімет оның ұрпағын да қудалаған. Қиын жылдардан аман қалған ақын ұрпақ­тары қазір Германияда, Алматы және Қара­ғанды өңірінде тұрып жатқан көрінеді.

Ахметбек ақын жайлы тиянақты зерттеген жазушы Жайық Бектұров Қарағанды облыстық  «Орталық Қа­зақ­стан» газетінің 1989 жылғы 19 қаң­тар күнгі санында жариялаған «Ах­метбек ақын» атты жаз­басында қызық дерек келтіріпті.  «Источник» дей­тін бүркеншік аты бар бір шпион-өсек­ші ақынның 1932 жылы жазған жоға­рыдағы «Қара табан, қанды жол» толғауын астыртын тиісті орындарға ұдайы жеткізіп отырыпты. Оны шала сауатты біреу орысша аударып тиісті орынға тапсырып отырған. Сөйтіп Ахметбек Байсалбаев атылған.

Кейін заманның беті бері қараған жылдары Ж.Бектұров ақсақал Байсал­баев­тың жазықсыз атылғаны туралы дәлел-­деректер келтіріп, облыстық, респуб­лика­лық тиісті мекемелерге үздіксіз ақын­ды ақтау жайлы хат жолдайды. Бұл іс өз нәтижесін беріп 1967 жылы 26 қаң­тар күні «Қара табан, қанды жол» тол­ғауының авторы ақталған.