• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2022

Стивен Шварцман әлемінің сыры

528 рет
көрсетілді

2019 жылы Нью-Йорк, Лондон, Торонто, Сидней және Нью-Дели қала­ларында бір мезгілде ағылшын тілінде жарық көрген әйгілі америкалық миллиардер-бизнесмен, инвестор-филантроп, саңлақ саясаткер әрі Америка сынды алпауыт елдің ықпалды қоғам және мемлекет қайраткері Стивен Шварцманның «Бұл үшін не қажет: кемелдікке ұмтылыс сабақтары» атты ғажап туындысы – бүгінгі таңда кәсіпкер болуды армандайтын жасампаз ­жастар үшін ғана емес, әлемді шарпыған жаһандану заманындағы күллі бизнес өкілдері үшін де таптырмас үлгі, өйткені бұл заманауи монографияда көрініс тапқан қаржы әлемінің кәсіби маманының прагматикалық ақыл-кеңестері ұшан-теңіз және бұлай деуге дәйекті дәлелдер мен кез келген ақыл иесінің санасына сәуле шашатын деректер тізбегі жетіп артылады.

Айтса айтқандай-ақ, Стивен Шварц­манның бизнес әлеміне аяқ басқан 1985 жылдан бастап 2019 жылға дейін басынан кешірген сан алуан сәтсіз сәттері мен маңдай терімен қол жеткізген сүбелі жетістіктері оған әлгі әлемнің кілті болып табылатын көшбасшылық қасиетті ғана емес, сол әлемдегі кәсіби маман­дармен тиімді қарым-қатынас орната білудің оңтайлы тетіктерін де, сонымен қатар толыққанды өмір сүрудің қыр-сырын қоса дарытқаны айқын байқалады. Соның арқасында болар, бизнес әлеміне аса танымал Forbes журналының 2011 жылғы мәліметі бо­йынша, Стивен Шварцман сол жылғы ең бай әрі бақуаттылар санаты­на енген 400 америкалық кәсіпкердің ара­сынан 52-орынды иеленген екен.

Бүгінгі таңда Стивен Шварцман­ның Питер Петерсон дейтін өз әріптесі­мен бірлесе отырып о баста құрған Blackstone сынды инвестициялық ком­паниясы адам таңғаларлық толағай та­быстарға қол жеткізгені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Өйткені 1985 жылы қос кәсіпкердің әрқайсысы 200000 доллардан үлес шығарып, 400000 доллармен старт-ап жоба ретінде өмірге кел­ген Blackstone компанияcы әр жыл сайын 50 пайыздық өсім динамикасымен дами отырып, бүгінге дейінгі отыз жылдан аса уақыт ішінде қарамағында 500 мың жұмысшысы бар 200-ге тарта компанияға иелік етіп қана қоймай, іргелі трансұлттық корпорацияға айналып үлгерген. Компанияның иелігіндегі жылжитын әрі жылжымайтын мүлік пен күллі активтерінің жиынтық құны 2020 жылы 564 миллиард долларға теңелген.

Бір қарағанда бәрі де оп-оңай сияқты. Ал шындығында, Стивен Шварцман туындысына тереңірек үңілсек, бизнес әлемінің, оның ішінде, әсіресе қаржы әлемінің де қиындықтарға толы ой-шұқырлары мен нәзік тұстарының же­­­тіп артылатыны көзге ұрып тұр. Бірін­­­­­ші­ден, Шварцманның өмір жолы дәлел­деп отырғандай, үлкен бизнес бас­­тау қандай қиын болса, шағын бизнес бас­таудың машақаты да соншалықты қиын екені анық аңғарылады. Екіншіден, Стивен Шварцманның көзі анық жеткен және бір шындық бар. Ол шындық мынау: іргелі корпорациялар бір сәтте күй­реп қалмайды, өйткені олай болу үшін олар­ға ұзақ мерзім қажет болады. Ал қаржы жүйесі болса, оның ішінде, әсі­ресе банк­тер титтей қателіктің салда­рынан бір-ақ сәтте банкротқа ұшырайды екен. Мұның айқын дәлелдерін алыстан іздеудің қа­жеті жоқ. Өйткені Шварцман уәжінің нақты дәлелдері 1930 жылдары АҚШ-та басталып, күллі әлемді шарпыған Ұлы депрессиядан да, болмаса 2008 жылы алдымен Америка Құрама Штаттарының қаржы жүйесін бір сәтте қиратып, содан соң күллі әлем елдерінің банк жүйелерін жапырып кеткен жаһандық дағдарыстан да ап-айқын байқалады.

Ендеше, дәл осы тұста өз қатарының арасынан жастайынан суырылып шы­ғып, жүзден жүйрік қана емес, мың­нан тұлпар атанған Сти­вен Шварцман­ның бас-аяғы отыз бес жыл­дың ішінде ғана жоғардағыдай үздік жетістіктерге жетуінің сыры неде деген риторика­лық сұрақтың кез келген адамның алды­нан кесе-көлденеңдеп шығатыны әб­ден заңды. Сондықтан да әлгі сұрақ­қа дә­лелді жауап іздер болсақ, ең әуелі Сти­вен Шварцманның өскен ортасы мен био­графиясына көз жүгірту абзал. Шварц­ман 1947 жылы америкалық еврей бизнесменнің отбасында дүниеге келген. Орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ,­ 14 жастағы Шварцман өзінен жасы кіші егіз інілерімен бірлесе отырып, шөп шабумен айналысады. 1965 жылы мектеп­ті бітіріп, алдымен Иель университе­тін­де білім алады. Содан соң қысқа мер­зім әскерде болып, артынша Гарвард уни­верситетінің Бизнес мектебіне түседі де, оны 1972 жылы бітіріп шығады. Қар­жы саласындағы оның алғашқы қыз­­меті Credit Suisse банкімен 2000 жы­лы бірігіп кеткен Donaldson, Lufkin & Jenrette ин­вестициялық банктен бас­та­ла­ды. Ал Гарвард университетінің Биз­нес мектебін бітірген соң ол Нью-Йорк­тегі Lehman Brothers деп аталатын инвес­тициялық банкке ауысады да, 31 жасын­да сол банктің атқарушы директоры қызметіне ие болады. 1985 жылы Шварц­ман өзінің тікелей бастығы Питер Петерсонмен бірлесе отырып, жоғарыда аталған келешегі мол Blackstone компаниясын құрады.

Біз тілге тиек етіп отырған кәсі­би банкир Стивен Шварцманның жоға­рыда аталған заманауи туындысын ­жа­­­­зу­ға он жыл өмірін арнағанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Өйткені мұн­дай ғибраты мол заманауи туындыны жарыққа шығару үшін автордың көп ойланып, терең толғанғаны айқын бай­қалады. Бизнестің қыр-сырын терең білетін кәсіби маман әрі қайраткер-жазушы бұл туындысы арқылы өскелең жастарға кез келген кәсіпті бастап кету ғана емес, оны дөңгелетіп алып кету үшін де сегіз қырлы, бір сырлы болу тым аздық ететінін ашық айтады. Сон­дықтан да кез келген кәсіпті жолға қою үшін, ең алдымен, қаржы ғана емес, әлгі кәсіп туралы терең зерттеу жүр­гізу үшін жан-жақты ақпарат жинау керек­тігі менмұндалап тұр. Сонымен қатар терең дайындық, білім мен білік, кәсіби команда топтастыра білу және әрбір маманды талғампаздықпен таң­дай білу, қабілет пен қарымдылық, бәсе­кеге лайықтылық, тәуекел ете білу, қажыр мен батылдық, төзімділік пен сабырлық, шынайылық пен әділеттілік, жақсыдан үйрене жүріп, жаманнан жирене білу, өзімбілемдіктен аулақ болу, өзге адамның пікірімен санаса білу, ашықтық, сыпайылық пен дипломатия, келіссөздерге кешікпей келу, нарықтағы сұраныс пен ұсынысты бағамдай білу, қиын мәселелерді команда мүшелерімен ақылдаса отырып шешу, шындықты бетке айтудан жасқанбау, ­кез келген мәселені пісіріп алып қана ше­шім қа­былдау, қателіктерді мойындай білу, білмегеніңді білетін адамнан сұрауға жасқанбау, өзге жанға қолұшын беру, жіберген қателіктердің себебін анық­­тап алып қана алға жылжу керектігін батыл ұсынады. Бұл тұрғыдан келгенде Стивен Шварцманның аталған туын­дысын тек жастарға ғана емес, тәжі­рибесі мол әккі кәсіпкерлерге де арналған нұсқау­лық десе жарасатын сыңайлы.

Дәл осы тұста жоғарыда моншаққа тізіл­ген парасатты қасиеттердің Стивен Шварцманның бойынан да, болмыс-бітімінен де табылатынын нақты дәлел­дейтін және бір құндылыққа тоқтал­май өту мүмкін емес. Ол құндылықтың тобық­­тай түйіні мынау: жоғарыда атал­ған жа­һан­дық дағдарыс кезінде Нью-Йорк­тегі күллі әлемге аты мәшһүр Wall Street ауда­нында орналасқан алпауыт банк­тердің күйзеліске ұшырамағаны жоқ десек, мүлде артық айтқандық емес. Алай­да әлгі алапат дағдарыстан аман қал­ған Стивен Шварцман мен Питер Петер­сон басшылық ететін Blackstone инвес­ти­ция­лық корпорациясы ғана болатын.

Сегіз қырлы Стивен Шварцман­ның саяси және экономикалық көзқара­сы­на келетін болсақ, ол Республикалық пар­тияның мүшесі әрі АҚШ-тың бұ­рынғы президенті Дональд Трамптың көп жылғы досы ғана емес, оның штаттан тыс кеңесшісі әрі біраз уақыт сол президенттің қасындағы Стратегия­лық саясат форумының жетекшісі бол­­­ған. 2016 жылы Шварцман президент Трамп­­қа жұмыс және экономи­ка са­ласы бойынша ақыл-кеңес бе­ріп оты­­ратын іргелі корпорациялар бас­­шы­ла­ры­­нан тұратын команданы құ­­руға кө­мек­те­седі. Бұл командаға JPMorgan Chase кор­по­­рациясының Бас дирек­торы Jamie Dimon, Walt Disney кор­порациясының қожа­йыны Bob Igor, General Electric корпорациясының бұ­рынғы төрағасы Jack Welsh секілді бел­­гілі тұлғалар топ­тастырылған бола­тын. Президент Трамп Шварцманды 16 адамнан құралған әлгі топтың, яғни Стратегиялық және сая­сат форумы­ның жетекшісі етіп таға­йын­­дайды. Бұл топтың негізгі қызметі АҚШ-тың іргелі корпорациялары мен банк­­терінің, сол сияқты инвестициялық фир­­ма­лары­ның басшыларының баста­рын қоса оты­рып, президентке жұмыс орын­дары­ның санын қалайша көбейтуге бола­тыны жөнінде немесе АҚШ экономи­ка­сын қалайша қарқынды дамытуға бола­тыны жайында ақыл-кеңес беру бо­­ла­тын. Алайда көп ұзамай, әлгі топқа ен­­ген бес тұлға белгісіз себептермен мү­ше­лік­терінен бас тартқандықтан, бұл топ жұ­мы­сын кілт тоқтатқан-ды. Солайы со­лай бол­ғанмен, Стивен Шварцман До­нальд Трамп­тың идеяларын қолдауға үне­мі қо­мақты қар­жы бөлуін жалғастыра берген.

Стивен Шварцманның филантро­пиялық қыры да ерекше назар аударуды қажет етеді. Мәселен, 2004 жылы ол өзінің жас кезінде білім алған Абингтон орта мектебіне қомақты қаржы бөліп, футбол стадионын салып берді. 2008 жылы Шварцман Нью-Йорк қаласы­ның көпшілік кітапханасының әлеуе­тін кеңейту үшін 100 миллион доллар қар­жы бөлгенін жария еткен болатын. Көп ұзамай әлгі кітапхананың орталық анықтама ғимаратының бұрынғы ­атауы Стивен Шварцман ғимараты болып өз­­гер­тіледі. 2018 жылы Шварцман Израиль мемлекетінің Ұлттық кітапха­насына да қайырымдылық жасап, 10 миллион доллар бө­лді. Ал 2013 жылы Шварцман өзі­нің жеке қорынан 100 миллион доллар шы­ғарып, Қытайдың Синхуа универ­ситетінің қасынан Шварцман атындағы стипендиялық бағдарламаны ашты да, бұл бағдарламаның гранттық қо­рын 200 миллион долларға жеткізу мақ­­сатымен үгіт-насихат кампаниясын бірден бастап кетеді. Есесіне бұл бағ­дарлама күні бүгінге дейін жемісті жұмыс атқарып келеді. 2015 жылы Иель университетінің ректоры Peter Salovey Шварцманның өзі білім алған уни­верситет кампусының орталығын дамыту үшін 150 миллион доллар қар­жы бөлгенін жария етті. 2018 жылы Шварц­­ман жоғарыда аталған Абингтон мек­тебіне тағы да 25 миллион доллар бөле­тінін жариялады. Келесі 2019 жылы Шварц­ман Массачусетс технология­лық институтының іргесінен жасанды ин­теллект саласына бағышталған Шварц­­ман атындағы компьютерлік есеп кол­­леджін ашу үшін 350 мил­лион дол­­лар қаржы бөлді. 2019 жылы Оксфорд уни­верситетінің басшылығы сол уни­верситеттің аясынан Шварц­ман атын­дағы гуманитарлық ғылыми-зерт­теу орта­лығын ашуға Шварцманның 150 мил­лион қаржы бөлгенін жария етті. Алайда Шварцманның филантропия­лық қыры осымен ғана шектелмейді. 2020 жылға жоспарланған Токио Олим­­пиа­дасы мен 2024 жылы өтетін Париж Олимпиа­дасының қарсаңында да амери­калық спортшылардың дайын­дығына өз үлесін қосу үшін Шварцман АҚШ-тың Жеңіл атлетика қорына 8 миллион дол­лар аударатынын жариялады.

Стивен Шварцманның халықара­лық аре­надағы дипломатиялық және мәмі­­легерлік қабілеті де мақтауға тұ­рар­­­­­­лық. Шварцманның аталған қыр­­­­лары, әсі­ресе президент До­нальд Трамп­­тың ­бас­тамасымен АҚШ пен Кана­да және АҚШ пен Мек­сика, сол сияқ­ты АҚШ пен Қытай мем­ле­кет­те­рі­нің ара­сын­да бұрыннан қалып­та­сып қал­ған сауда-саттық қарым-қаты­нас­тары мен эко­но­микалық байланыс­тарды қай­та қарау кезінде ерекше бай­қалды. Шварц­ман­ның кәсіби ақыл-кеңе­сінің арқа­сында жоғарыда аталған мем­лекеттер­дің ара қатынастарына қа­тысты көптен қордаланып қалған түйт­кілді мәселе оң шешімін тапқан болатын.

Мақаланы осымен түйіндей келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығы басшылығының қолдауымен Стивен Шварцманның аталған туындысы­ның биыл қазақ тіліне аударылып, бас­­па­дан шыққанын және жуық арада оқыр­­мандарымен қауышатынын қуа­­­ныш­пен құптай отырып, еліміздің бү­гін­­гі және болашақ кәсіпкерлеріне және бай-бақуатты миллионерлері мен мил­лиар­дерлері «Жапалақ жемін жамбасына басып жейді, Ақсұңқар жан-жағына шашып жейді» деген дана халқымыздың астары терең тәмсілін естен шығармай, Стивен Шварцманның жоғарыда аталған кәсіби және адами қасиеттеріне ие болуға талпынса, Шварцман секілді туған жері мен елінің, сондай-ақ өздері білім алған мек­тептері мен университеттеріне жо­март қолдарын созып, оларға филантро­фиялық қолдау көрсетсе, сол сияқты Шварцман секілді нағыз меритократ-патриот әрі шын мәніндегі мемлекет және қоғам қайраткерлері атанса, ондай бір­туар тұлғалар халқымыздың есінде мәңгі қалар еді дегім келеді.

 

Әділ АХМЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері