Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Эльмира Хаймурзина Қазақстандағы референдумда жұмыс істегені үшін өзін қуанышты сезінетінін және мұның жауапкершілігі жоғары екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Бұл мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Қазақстан Республикасындағы референдумда жұмыс істеу мен үшін өте маңызды. Өйткені мен өзім осында туып-өстім, Солтүстік Қазақстан облысында 17 жыл тұрдым. Кейін оқу бітіріп, Мәскеуге кеттім. Осы жерде Ресей Орталық сайлау комиссиясының үш мүшесі бар. Мен екіжақты ынтымақтастық миссиясында, Павел Андреев ШЫҰ миссиясында және Наталья Бударина ТМД миссиясында қызмет етеді. 5 маусым күні 30-дан астам учаскеге бардық. Күн өте белсенді және нәтижелі өтті. Барлық сайлау комиссияларының мүшелерінің дайындық процесіне өте жауапты қарағаны көрініп тұр. Сайлау комиссиясының төрағалары 10-15 жыл бойы осы жұмысты атқарып келе жатқан азаматтар екен. Олар өз сайлаушыларын, учаскесіндегі жағдайды жақсы біледі. Мұндай маңызды кезеңдерде тәжірибелі мамандардың болуы өте маңызды», дейді Хаймурзина.
Спикер Қазақстанда референдум маңыздылығын түсіндірудің жоғары деңгейде жүргізілгенін атап өтті.
«Нұр-Сұлтан қаласында тұратын інім осы маңызды саяси іс-шара туралы мессенджер арқылы білгенін айтты. Жалпы, Қазақстанда референдум маңыздылығын насихаттауда ақпараттық қамтамасыз етудің жоғары болғанын байқап отырмыз. БАҚ-та да, көшелерде де, әлеуметтік желіде де бұл туралы айтылып, жазылып жатты. Біз көрген учаскелерде адамдардың белсенділігі жоғары болды. Комиссия мүшелерімен ғана емес, сол учаске тізіміндегі адамдармен де – қоғамдық ұйым мүшелері, қоғам белсенділерімен де сөйлестім. Бәрі штаттық режимде жүріп жатқанын айтты», деді Ресей ОСК мүшесі.