Футболдан Қазақстан құрамасы екінші жыл қатарынан Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын жеңіспен бастады. Жерлестеріміз 2020/2021 жылғы доданың тұсаукесер кездесуінде сырт алаңда Латвияны 2:0 есебімен жеңген болса, өткен аптада жалауы желбіреген аталған турнирдің үшінші маусымындағы алғашқы матчта Әзербайжан құрамасын да дәл осындай есеппен тізе бүктірді. Бұл – жуырда ғана ұлттық құрама тізгінін ұстаған жаттықтырушы Магомед Адиевтің бас командадағы алғашқы матчы болды.
Осыдан бірер ай бұрын М.Адиев ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалғаннан кейін жанкүйерлер шетелдік маманнан аса үлкен өзгеріс, жаңашыл футбол күткен болатын. Алайда Адиевтің негізгі командадағы алғашқы ойыны көптің көңілінен шыға қоймаса да, бапкер бастысы нәтиже көрсетті. Өткен ойында да, алдағы матчтарда да ұлттық құрамаға тәжірибелі ойыншылардың көмектесе алмайтыны белгілі. Сол футболшылардың жоқ болуына байланысты Адиев бұл жолы жастарға және ұлттық құрама қатарына біраздан бері шақырту ала алмай жүрген футболшыларға мүмкіндік берді. Атап айтар болсақ, Елдос Ахметов, Бауыржан Байтана, Рамазан Оразов, Максим Самородов, Арман Кеңесов, Бекхан Шайзада секілді футболшылар негізгі командаға қайта оралса, Эльхан Астанов, Абылайхан Жұмабек және Михаил Габышевтар алғаш рет ұлттық құрамаға шақырту алды. Дебютанттар арасынан Әзербайжанмен өткен ойында тек Эльхан Астанов қана бірінші минуттан бастап жасыл алаңға шығып, жақсы ойынымен жанкүйерлердің де, футбол мамандарының да көзіне түсті. Сондай-ақ екінші таймда алаңға тыңнан қосылған Рамазан Оразов та ұлттық құраманың ойынына қан жүгіртіп, өз шеберлігінің арқасында құраманың жеңіске жетуіне сүбелі үлесін қосты.
Ал Әзербайжан құрамасының бас бапкері Джанни Де Бьязи болса алаңға кіл мықты әрі тәжірибелі ойыншыларын шығарды. Соның арқасында да қонақ команда бірінші кезеңде үстемдікке көп ие болды. Қарсыластар бірінші таймда Игорь Шацкий қорғаған қақпаға 11 соққы жасады. Оның алтауын қақпаға дәл бағыттады. Әсіресе бірінші кезеңнің соңына қарай қонақтар өте белсенді болды. Алдымен 30-минутта Ренат Дадашев қапталдан тепкен еді. Оны біздің қақпашы қайтарып алды. Кейін 36-минутта Азар Салалхи соққы жасаған болатын. Абырой болғанда доп Әзербайжан ойыншысына тиіп, қақпадан қиыс кетті. Жасыратыны жоқ, ойынның алғашқы 45 минутын Қазақстан ұлттық құрамасы өте нашар өткізді. Тіпті қарсыластар қақпасына бірде-бір соққы жасай алмады. Мұны матчтан кейін бас бапкердің өзі де мойындады: «Ойынның басы біз үшін жаман болған жоқ. Біз допқа көп иелік етіп, ойынды өз бақылауымызда ұстадық. Бірақ 25-минуттан кейін көп қателесіп, концентрацияны жоғалтып алдық. Нәтижесінде, қарсыласымыз қауіпті шабуыл жасап, ойын тізгінін өз қолдарына алды».
Екінші таймда М.Адиев Бауыржан Байтананың орнына жас футболшы Рамазан Оразовты алаңға шығарып, тактикалық өзгеріс жасады. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Алаң ортасында өте белсенді ойнаған біздің жігіттер 50-минутта есепті ашты. Абат Айымбетовтің қарсыластың айып алаңына жақын жерден қақпаға қақырата тепкен добы алдымен қорғаушыға, кейін бағытын өзгертіп маңдайшаға тиіп, қақпа торынан табылды. Арада бірер минут өткенде Рамазан Оразов та өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, құраманың екінші голын соққан еді. Алайда ВАР көмегіне жүгінген төреші бейнеқайталаудан кейін Оразов ойыннан тыс қалды деп, оның голын есептемей қойды.
Дегенмен шабуылын одан сайын үдеткен жерлестеріміз Әзербайжан қақпасына бәрібір екінші голын соқты. 58-минутта Абат Айымбетов айып алаңына асырылған допқа бірінші жетті де, есепті еселеді. Бұл сәтте де төреші бейнеқайталауға жүгінді. Ұзақ уақыт талқылаудан соң төреші шабуылшымыздың голын есепке алды – 2:0. Матч соңына дейін қарсыластар біздің футболшыларды қыспаққа алып, есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, онысынан түк шықпады. Төрешінің соңғы ысқырығына дейін таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Осылайша, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын жеңіспен бастады.
Ал біздің топтағы екінші ойында Словакия сырт алаңда Беларусь құрамасынан басым түсті – 1:0. Сербиядағы бейтарап алаңда өткен кездесудегі жалғыз голды 50-минутта 19 жастағы Томаш Суслов соқты. Әзербайжан қақпасына екі гол салған жерлестеріміз доп айырмасы бойынша «С» лигасының төртінші тобында көш бастады. Жерлестеріміз бүгін Ұлттар лигасының екінші тур аясында сырт алаңда Словакия құрамасымен кездеседі. Матч Трнава қаласындағы «Сити Арена» стадионында елорда уақытымен 00:45-те басталады. Өкінішке қарай, бұл ойынға жарақатына байланысты команда капитаны Асхат Тағыберген қатыса алмайтын болды.