Шайбалы хоккейден элиталы дивизионның келесі жылғы әлем чемпионаты бірден екі елде – Латвия мен Финляндияда ұйымдастырылатын болды. Сәйкесінше топтық кезеңнің ойындары да Хельсинки мен Ригада өтеді деп жоспарланған.
Бірер күн бұрын Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) баспасөз қызметі жариялаған мәлімет бойынша, 2023 жылы өткізілетін жаһандық доданың «А» тобында биылғы әлем чемпионы әрі жарыс қожайыны Финляндия құрамасынан бөлек, Швеция, Чехия, Германия, Дания, Франция, Аустрия және бірінші дивизионда үздік нәтиже көрсеткен Мажарстан құрамасы өнер көрсететін болды. Ал «В» тобына әлем чемпионатын қабылдаушы Латвия құрамасы жетекшілік етеді. Сонымен қатар бұл топта Қазақстан, Канада, АҚШ, Швейцария, Словакия, Норвегия және төменгі топтан жоғары топқа қосылған Словения хоккейшілері де бақ сынайды.
Әлемдегі саяси жағдайға байланысты Финляндиядағы әлем біріншілігінен шеттетілген Ресей мен Беларусь құрамалары келесі жылғы чемпионатқа да қатыстырылмайтын болды. Сондықтан 2023 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтуге тиіс болған чемпионат Латвия мен Финляндияда елдерінде өтетін болды.
Әлем чемпионатының күнтізбесіне сәйкес, жаһандық дода 2023 жылдың 12 мамырында басталып, 28 мамырында мәресіне жетеді. Қазақстан құрамасы IIHF ұсынған ұлттық құрамалардың жаңартылған рейтингінде 16-шы орынға ие болды. Бір қызығы, Ресей (3-орын) және Беларусь (14-орын) құрамалары халықаралық матчтар мен турнирлерден шеттетілгеніне қарамастан рейтингтен шығарылмайды. Қазіргі уақытта әлемдік рейтингте биылғы әлем чемпионы – Финляндия құрамасы көш бастап тұр.
Айта кетейік, Финляндия астанасы – Хельсинки мен Тампере қалаларында ұйымдастырылған шайбалы хоккейден элиталы дивизионның әлем чемпионатында жарыс қожайындары финалда Канададан басым түсіп (4:3), өз тарихында төртінші мәрте әлем чемпионы атанған болатын. Ал үшінші орын үшін өткен сайыста Чехия хоккейшілері АҚШ құрамасын 8:4 есебімен жеңген еді.
«А» тобында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы топтағы жеті ойынның алтауында жеңіліп (Дания – 1:9, Франция – 1:2, Швейцария – 2:3, Канада – 3:6, Словакия – 3:4, Германия – 4:5), соңғы турда Италия құрамасынан айласын асырды – 5:2. Осылайша, Юрий Михайлис шәкірттері жалғыз жеңісінің арқасында үш ұпаймен сегіз команданың ішінде жетінші орынға табан тіреп, элиталы дивизиондағы орнын сақтап қалған болатын.