Солтүстік Қазақстан облысынан — Өмір ЕСҚАЛИ:
Бүгінге дейін облыстық агроөнеркәсіптік кеңестің кеңейтілген мәжілісі үш рет өтті. Онда ауылшаруашылық дақылдарын дер кезінде себу негізгі әңгіме өзегіне айналып, биылғы дала жұмыстарының ерекшеліктері атап өтілді. Агроқұрылым жетекшілерін көктемнің ерте келуі, мамыр бойы жаңбырдың жаумауы алаңдатулы. Оның үстіне метеорология қызметкерлерінің жаз құрғақшылық болуы мүмкін деген болжамы шындыққа жанасса, жағдайдың қиындай түсері анық. Топырақ қыртысындағы ылғал қоры орташа жылдық деңгейге сәйкес келгенімен, кей жерлерде ала-құла. Сол себепті қалыптасқан күрделі жағдайдан қиналмай шығудың шаралары алдын-ала қарастырылған. Атап айтқанда, белгіленген 3,2 миллион гектар алқапқа ылғал жабылды. Басқа да агротехникалық шараларды қатаң сақтай отырып топырақтың құнарлылығын кемітпеу жайы басты назарға алынған. 546 мың тонна тұқым сұрыптаудан өтіп, 94 пайызы 1,2 сыныпқа жеткізілді. Тұқым алмастыру және жаңарту мақсатымен 15 мың тонна элиталы тұқым әзірленді. Республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам демеу қаржы бөлініп, “ҚазАзот”, “ҚазФосфат” зауыттарынан минералды тыңайтқыш алуға келісім-шарт жасалды. Жанар-жағармай үшін 2,7 миллиард, тұқым шаруашылығын қолдауға 345 миллион теңге мемлекеттік қазынадан қарастырылды. – Көктемгі егіс науқанын өз мезгілінде өткізудің нақты міндеттері белгіленді. Қалған шаруа – диқандардың өз қолында. Ең бастысы, тұқым сіңірудің қолайлы кезеңін өткізіп алмауымыз керек. Бидайды 1 маусымға, қалған техникалық дақылдарды 5 маусымға дейін сіңіруді межелеп отырмыз, – деді бізге облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары А.Сапаров. Оның айтуына қарағанда, соңғы кездері қолжетімді жанар-жағармаймен қамту жайы жақсара түскен. Қажетті 63 мың тонна дизель отынының 85 пайызы әкелінген. Қалғаны жақын күндері жеткізілмек. Әр литрі 62 теңгеден белгіленген. Жылдағыдай егіс зиянкестері мен арамшөптерге қарсы күрес шаралары да тыңғылықты атқарылмақ. Биыл тыңайған жерлерді игеру есебінен дәнді дақылдар көлемі 4 миллион гектарға жетіп отыр. Бұл былтырғыдан 120 мың гектарға көп. Майлы дақылдар егістігі 300 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Картоп пен көкөніс мөлшері де едәуір артты. Бүгінде Қызылжар өңірінде алқаптарға жаппай аттаныс басталып, кең дала дүбірлі еңбекке бөленген. Солардың бірі – өңірдегі ең ірі астықты Ғ.Мүсірепов ауданы. Аудан егіншілері биыл 629 гектарға дәнді дақылдар орналастыруды ұйғарған. Оның 445 мың гектарына жаңа технология қолданылмақ. Мұнда ылғал жабу, жер өңдеу талапқа сай атқарылып, майлы дақылдарды егу қызу қарқын алған. Тайынша ауданына қарасты “Тайынша-Астық” ЖШС де күн өткен сайын еңбек қарқынын үдете түсуде. Тәжірибелі маман Анатолий Рафальский басқаратын агрофирма нөлдік технологияны тиімді меңгерудің арқасында науқанды 1 маусымға дейін толық аяқтап жүр. Жалпы, облыс бойынша көктемгі егіске 900-ге жуық жоғары өнімді кешенді техника тартылып, барлық жұмыстың 75 пайызын атқаратын болады. Осынау жауапты науқаннан облыстың аграршы ғалымдары да сырт қалып отырған жоқ. Олардың пайдалы ойлары мен ғылыми-зерттеулері әркез ескеріліп, үнемі тәжірибеде қолданылады. Мәселен, облыстық аграрлық кеңестің төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Владимир Иванов, “Облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы” ЖШС мамандары Ольга Гаас пен Николай Дубинаның ылғал сақтау, арамшөппен күрес, себу мерзімін тиімді пайдалану жайлы құнды ұсыныстары кітапша болып басылып, диқандарға таратылды.Ақмола облысынан — Бақберген АМАЛБЕК:
Ақмола диқандары жауапты науқанды әдеттегідей жан-жақты дайындықпен бастап отыр. Жұмыс жоспары бойынша биыл дәнді дақылдар 4569,4 мың гектар алқапқа орналастырылады. Бұл былтырғы деңгейден 240,5 мың гектарға артық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Айгүл Ахметжанова егістік құрылымын әртараптандыру бағыты жалғасын табатынын айтады. Мәселен, картоп дақылы өткен жылғыдан 151,6 гектарға ұлғайтылып, 18341 гектарға, көкөніс 4229,7 гектарға (118,7 гектарға көп) жеткізілмек. Осының өзінен-ақ диқандар жауапкершілігінің еселеп артқандығын байқауға болады. Тұқым ырыздық негізі екендігін жақсы білетін диқандар қауымы оны дер кезінде қорландырып, өңдеу жұмыстарын ерте күзден бастауды дағдыға айналдырған. Зертханалар қорытындысы бойынша барлық 579,4 мың тонна тұқым тиісті өнгіштік дәрежеге жеткізілген. Оның 82 пайызы бірінші және екінші класты себу стандартын қамтамасыз етеді. Қазір тұқымды ашық ауада қыздырып, дәрілеу ісі атқарылуда. Бұл орайда, Бұланды, Еңбекшілдер, Атбасар, Егіндікөл, Целиноград, Есіл аудандарының шаруашылықтары тыңғылықтылық танытуда. Биыл инвесторлар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары тарапынан минералды тыңайтқыштарды молынан қорландыруға ерекше көңіл бөлінді. Яғни, оның көлемін 29341 тоннаға жеткізіп, 1,2 миллион гектар алқапты нәрлендіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, егіншілік мәдениетін көтеру мақсатында Бұланды, Жақсы, Еңбекшілдер, Жарқайың, Сандықтау, Атбасар аудандары қыруар қаржы қарастырғаны құптарлық. Осының нәтижесінде, 2701,1 гектар алқап ылғал қорын сақтау технологиясымен өңделіп отыр. Мұндағы өсім 31,4 пайызды құрайды. Облыстың барлық аудандары тұқым себу ісіне кірісіп, белсенділік танытуда. Бүгінгі күнге он ауданның шаруашылықтары біржылдық және көпжылдық шөп егуді аяқтауға жақын қалды. Сандықтау ауданында барлық дақылдар түрін себу 48 мың гектардан асып отыр. Бұланды ауданының “Сарытомар”, “Новобратское”, “Журавлевка”, “Партизанское” ауыл шаруашылығы кәсіпорындары майлы дақылдар, күнбағыс, рапс және сүрлемдік жүгері егуде алда келеді. Ауданнның астықты алқаптарында 645 трактор, 584 тұқымсепкіш пен 51 дана заманалық кешен өнімді жұмыс атқаруда. Жалпы, облыстың диқан-механизаторлары қауырт науқанның әр сағатын тиімді пайдаланып, күніне 285 гектарға тұқым себу жөніндегі жоспарлы межеден көрінуде. Бұл ақмолалық дала еңбеккерлерінің ырыздық дәнін себуді белгіленген кестеге сай абыроймен атқарып шығатынына сенім қалыптастырады.Қарағанды облысынан — Айқын НЕСІПБАЙ:
Биылғы көктем қарағандылық диқандар үшін үлкен үміт әкелді. Ылғал мол, егістік алқаптарға дәл аттаныс алдында жауып өткен нұр тіпті тілегендей болды. Қамданысқа ерте қозғалмағандар болмаса бұған дейінгідей жанар-жағар май, тұқым іздеп әуре-сарсаңға түскен ешкім жоқ. Қыр төсіндегі жай-күй қандай? Осы сауалымызға облыстық ауыл шаруашылығы департаменті бастығының орынбасары Абдолла Төребековтің жауабы жарқын шықты. Өңірде егінді ең молынан егетін Нұра, Осакаров аудандары тұқым себудің алғашқы айналымдарын еңсеріп үлгеріпті. Науқан басталған екі күн ішінде 40 мың гектар алқапқа дән сіңіріліп, қарқынды үдетіп барады екен. Бұлайша қимылдаса болмайды. Көршілес қос аудан осы маусымда әрқайсысы 230 мың гектар жерге астық өсіруі керек. Бұған межелі уақыт қысқа. Айдың аяғына дейін іс тындырылуы қажет. Сондықтан жергілікті диқандар жұмысқа қауырт кіріскен. Ал облыс бойынша дәнді дақылдар себілетін егістік 748 мың гектар – 89 мыңы арпа, 19 мыңы сұлы. Мұның сыртында 5 мың гектарға жуық алқапқа көкөніс егіледі, картоп отырғызылады. Негізінен Абай ауданында шоғырланған онымен шұғылданушылардың егіншілермен бірге бүгінде мойын бұрар уақыттары жоқ. Аймақта астық өндіруді тұтқа еткен шаруашылықтардың шоқтығы биігі “Қайнар” ЖШС. Мұндағы егістік 30 мың гектарды алып жатыр. Бұрнағы күні аталған серіктестік жетекшісі Сейітжаппар Нығметовпен күн ұзаққа байланысқа шыға алмай, ақыры түнде тілдестік. Егінжайдан оралған беті екен. “Күткен сәт сәтті басталды. Диқандарымыз дала еңбегін сағынып қалыпты. Шетінен ширақ қимыл үстінде. Науқанды жылдағыдай 10 күнде аяқтамақпыз”, деді ол. Міне, бұл күнде қыр еңбеккерлері арасында іс осылайша қызған кез. Өнім өткізудегі былтырғы қиындықтарға өкпе ұмытылған. Алдағы күзде қайталанбасына, қалай болғанда да басты ырыс көзі қадірі бөлек болмақтығына сеніседі.