• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 08 Маусым, 2022

Сырт алаңдағы сенсация

212 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан ұлт­тық құрамасы Ұлттар лигасының алғашқы сенсациясын тіркеді. Турнирдің екінші туры аясында сырт алаңда Словакиямен кездескен жерлестеріміз Трна­вада алаң иелерінен 1:0 есе­бімен басым түсіп, «С» ли­гасының үшінші тобында алты ұпаймен жеке-дара көш бастады.

Ұлттар лигасының жеребесі тар­тылған сәттен бастап кешегі күнге дейін Әзербайжан мен Беларусь құра­ма­ларының бас бапкерлері де, барша футбол мамандары да Словакияны «С» лигасының негізгі фавориті екенін айт­қан болатын. Кешегі матч алдындағы баспасөз мәслихатында Магомед Адиев те Словакия құрамасының ойы­нын жоғары бағалап, кездесу қазақ­стандықтар үшін өте қиынға соғатынын мәлімдеген еді. Дегенмен М.Адиев Еуропаның ТОП-5 чемпионаттарында өнер көрсететін тәжірибелі футболшылардан жасақталған Штефан Таркович шәкірттерін жеңіп, өзінің мықты мотиватор, стратег екенін көрсетті.

Бір елден екінші елге ұшу, 90 минут бойы алаңда жүгіру футболшылар үшін оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан М.Адиев кешегі ойында негізгі құрамға аздаған өзгеріс жасады. Алғашқы турда жарақат алған Асхат Тағы­бергеннің орнына Исламбек Қуат шықса, қорғаушылар Тимур Дос­мағамбетов, Михаил Габышев, Сергей Малый бірінші минуттан бастап негізгі құрамнан орын алды. Сондай-ақ Әзербайжанмен өткен ойында мамандар көзіне түскен Рамазан Оразов та кешегі кездесуде сол қапталдың шабуылына жауапты болды. Олар Елдос Ахметов, Бауыржан Байтана, Ян Вороговский және Бағдат Қайы­ровты алмастырды. Негізгі құрам­ның өзге ойыншылары өзгеріссіз қалды.

Ал Словакия сапында Италия чемпионатында доп тебетін алып денелі қорғаушы әрі құрама капитаны Милан Шкриньяр («Интер») мен жартылай қорғаушы Стани­слав Лоботка («Наполи»), АПЛ клуб­тарында өнер көрсететін қақ­пашы Марек Родак («Фулхэм») пен «Уот­фордтық» жартылай қорғаушысы Юрай Куцка секілді тісқаққан футболшылар ойын барысында Игорь Шацкий қор­ғаған қақпадан саңылау табуға тырысты.

Трнавадағы «Сити Арена» стадионында өткен матчың алғашқы минуттарында Қазақстан құрамасы алаң иелерін әбден сас­тырды. Кездесудің небәрі екінші минутында қорғаушы Сергей Малый айып алаңының ішінен қақпаға баспен соққы бағыттап, қақпашы Марек Родактың қырағылығын бір тексеріп көрді. Арада бірер минут өткенде алғашқы турдың қаһарманына айналған Абат Айымбетов кезекті мүмкіндікті мүлт жіберіп, гол соға алмады. Оның соққысы қақпадан биік кетті. Словакиялықтар да алғашқы таймда Игорь Шацкий қорғаған қақпаға әлсін-әлсін шабуыл ұйым­дастыруға тырысқанымен, 45 минут бойы бірде-бір дәл соқ­қы жасай алмады. Есесіне, кезде­судің 26-минутында ұлттық құ­ра­маның жас футболшылары Рамазан Оразов пен Эльхан Ас­тановтың шығарған пасынан кейін Аслан Дарабаев гол соғып, ойын­ның есебін ашты – 0:1. Алаң иелері бірінші таймның соңына дейін таразы басын теңестіруге тырыс­қанымен, Альмаши мен Руснак шабуылдарын нәтижелі аяқтай алмады.

Үзілістен кейін Штефан Тар­кович құра­масының шабуылын күшейтіп, алаңға екі жартылай қорғаушының орнына бір шабуылшы мен бір жартылай қорғаушы шығарды. Сөйтіп, алаң иелерінің ойыны біраз жанданғандай болды. Тіпті екінші таймның бел ортасынан ауа словакиялықтардың шабуылы үдей түсті. 77-минут­та Ладислав Альмаши гол соғып, есепті теңестірген еді. Бірақ кез­десудің бас төрешісі Кристо Тохвер гол соғылардан бұрын алаң иелерінің бірі Самат Жарымбетовке қарсы ойын ережесін бұзды деп есептеп, ВАР жүйесіне жүгінді. Бейнеқайталаудан кейін төреші фол тіркеп, Словакияның голын есепке алған жоқ. Қалған 10-15 минутта словакиялық футболшылар қауіпті ештеңе істей алмады. Осылайша, Қазақстан құрамасы сырт алаңда Словакия құрамасын сан соқтырып, сенсация жасады. Бір айта кетерлігі, бұл екі құрама арасындағы алғашқы ресми кездесу болатын.

Ал біздің топтағы екінші матчта Беларусь пен Әзербайжан құра­малары тең ойнап (0:0), екеуі де алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Сөйтіп, екі турда 100 пайыздық нәтижемен Қазақстан құрамасы өз тобында жеке-дара көш бастады. Екі матчта үш ұпай алған Сло­вакия екінші орнын сақтап қалса, Беларусь пен Әзербайжан бір-бір ұпаймен соңғы екі орындарды өзара бөлісіп тұр.

Могамед Адиев шәкірттері келесі кездесуін 10 маусым күні Сербияның Нови-Сад қала­сында Беларусь құрамасымен өткізеді. Бұл матчтан кейін ұлттық құра­ма елге оралып, 13 мау­сымда өз ала­ңын­да Словакияны қабыл­дай­ды.