Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Ұлттар лигасының «С» тобындағы үшінші тур ойынын сырт алаңда Беларусь құрамасымен өткізеді. Матч УЕФА шешіміне сәйкес бейтарап аймақта, яғни Сербияның Нови-Сад қаласындағы «Караджордже» стадионында ұйымдастырылады. Әлемдегі саяси жағдайға байланысты УЕФА Беларусь құрамасына өз елдерінде халықаралық турнирлерді өткізуге тыйым салған болатын.
Кейінгі жылдары Беларусь футболшылары Қазақстан құрамасының халықаралық турнирлердегі тұрақты әрі ыңғайсыз қарсыласына айналды. Өйткені екі елдің футболшылары бүгінге дейін жасыл алаңда бес мәрте кездесіп, төрт ресми ойынның бәрінде Беларусь құрамасы жеңіске жеткен. Тек бір ғана жолдастық матчта жерлестеріміз қарсыластарымен тең ойнады.
Қазақстан мен Беларусь құрамалары ең алғаш 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топта өнер көрсетсе, кейіннен Ұлттар лигасының екінші маусымында «С» тобында қарсылас атанды. Енді, міне, биыл дәл осы Ұлттар лигасының үшінші маусымында да «ескі таныстардың» жолдары қайта түйісті.
Командалар алғаш рет 2009 жылдың 1 сәуірінде 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында жолықты. Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесудің есебін 10-минутта Ренат Абдулин ашқанымен, екінші таймда Александр Глеб бастаған «ақорыстар» Давид Лория қорғаған қақпаға бес гол соғып, ірі есеппен жеңіске жетті – 5:1. Қарымта кездесу сол жылдың 10 қазанында Брестте өтіп, алаң иелері бұл жолы да ірі есеппен басым түсті – 4:0.
2011 жылдың ақпан айында Түркияның Анталия қаласында екі құрама футболшылары жолдастық матч өткізіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Бірінші таймның 45-минутында Александр Глеб пенальтиден гол соқса, екінші таймның 90-минутында Сергей Остапенко таразы басын теңестірді. Осы ойында Қазақстан ұлттық құрамасының тарихындағы ең үздік футболшылардың бір шоғыры өнер көрсетті. Атап айтар болсақ, Самат Смақов, Давид Лория, Андрей Карпович, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Финонченко, Азат Нұрғалиев, Сергей Скорых Беларусь құрамасымен ойында алаңға шықты. Сондай-ақ бұл чехиялық жаттықтырушы Мирослав Беранектің ұлттық құрамадағы алғашқы матчы болатын.
Арада тоғыз жыл өткенде Қазақстан құрамасы (2020 жылы) Беларусь футболшыларымен Ұлттар лигасы аясында екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіліп қалды. Қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадиондағы алғашқы матчтың екінші таймында қонақтар сапынан Максим Бордачев есеп ашса, араға санаулы минуттар салып Абат Айымбетов таразы басын теңестірген еді. Алайда кездесудің аяқталуына бірер минут қалғанда Ғафуржан Сүйімбаевтың өрескел қателігінен кейін Беларусь құрамасының шабуылшысы Виталий Лисакович гол соғып, жеңісті жұлып алған болатын – 2:1.
Араға бір ай салып Минскіде өткізілген жауапты кездесуде де алаң иелері басым түсті – 2:0. Барлық статистикалық көрсеткіш бойынша Михал Билек шәкірттері алда болса да, сырт алаңда жеңіске жете алмады. Оның үстіне, денсаулықтарына байланысты Беларуське ұлттық құраманың негізгі ойыншылары Александр Марочкин, Юрий Перцух, Нұралы Әліп, Ян Вороговский барған жоқ.
Енді бүгін екі құрама Ұлттар лигасы аясында тағы бір кездесу өткізбек. Алғашқы екі турда Әзербайжан мен Словакия құрамаларын қапы қалдырған қазақстандық футболшылардан жанкүйерлер жеңіс күтетіні анық. Бәлкім, ұлттық құраманың Беларусьпен болған жеңіссіз сериясына Могамед Адиев нүкте қояр. Футболшылар да бұған дейін кеткен есені осы жолы қайтару үшін барын салуы керек. Әйтеуір, жанкүйерлер үшінші жеңістен де үмітті.
Беларусь футболшылары үшін Ұлттар лигасының биылғы маусымы аса сәтті бастала қойған жоқ. Алғашқы турда Словакиядан 1:0 есебімен жеңілсе, екінші турда Әзербайжан құрамасының қақпасына гол сала алған жоқ – 0:0. Беларусь құрамасының тізгінін екінші рет (2011 – 2014 жылдары және 2021 жылдан бүгінге дейін – ред.) ұстаған Георгий Кондратьев маусым айындағы ойындарға қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Макс Эбонг пен «Мақтаарал» командасының қорғаушысы Руслан Юденковты шақырған.