Кейінгі жылдары кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген қазақстандық жас боксшылардың бір шоғыры қалыптасып үлгерді. Көрсетіп жүрген нәтижелері де, жеткен жетістіктері де көңіл қуантады. Василий Жиров, Геннадий Головкин секілді әлемдік деңгейдегі жұлдыз боксшылардың жолымен келе жатқан отандық бокстың оғландары аз уақытта мамандардың көзіне түсіп үлгерді. Олардың алды мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт компаниялардан шақырту алып, АҚШ төрінде жұдырықтасып жүр. Өзгелері қазақстандық мамандардың қасында жүріп-ақ чемпиондық белбеуге «ақырын жүріп, анық басып» жетуді мақсат тұтқан.
Мәселен, қазақстандық Suleimen Promotions компаниясы әуесқой бокста бірталай биік белесті бағындырған, әлем және Азия біріншіліктерінде атой салған талантты жігіттерді өз қамқорлықтарына алып, өрелі өрендерді кезең-кезеңімен әлемдік деңгейдегі шоуларға қатыстыра бастады. Промоутерліктің құрамында екінші орта салмақтағы WBA International, WBO Global және WBC Asian белдігінің иегері Айдос Ербосынұлы (16-0, 11 KO), әуесқой бокстан 2018 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет (7-0, 5 КО), 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасына қатысқан Әбілхан Аманқұл (1-0, 1 КО), жастар арасындағы әлем (2014 жыл) және Олимпия ойындарының чемпионы (2014), ересектер арасындағы әлем біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (2-0, 1 КО), Евгений Павлов (7-0, 5 КО) секілді боксшылар бар.
Жуырда есімдері кейін аталған төрт боксшы кәсіби бокстың «Меккесі» саналатын АҚШ-та кезекті жекпе-жектерін өткізіп, барлығы да қарсыластарын мерзімінен бұрын сұлатып салды. Миннеаполис (Миннесота штаты) қаласында Tom Brown (TGB Promotions) компаниясының ұйымдастыруымен өткен бокс кешінің андеркардында шаршы алаңға шыққан отандастарымыз үшін бұл АҚШ-тағы алғашқы айқастары еді. Кештің басты жекпе-жегінде америкалық боксшылар – Стивен Фултон мен Даниэль Роман екінші жеңіл салмақта WBC және WBO белбеуін сарапқа салып, алғашқысы 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Негізгі жекпе-жекке дейін қазақстандық боксшылардан бірінші болып шаршы алаңға Әбілхан Аманқұл шықты. Орта салмақта (72,5 кг) дебютті жекпе-жегін өткізген қандасымыз кәсіпқой боксқа жуырда ғана ауысып, алғашқы айқасында қарсыласын нокаутпен жеңген 25 жастағы америкалық Девонт Макдональдпен шеберлік байқасты. Төрт раундқа жоспарланған кездесудің үшінші раундында қазақстандық боксшы қарсыласының бүйірінен ауыр соққы жасап, нокаутқа жіберді. Америкалық жекпе-жекті қайта жалғастыруға тырысқанымен төреші оған мүмкіндік бермеді.
Шаршы алаңға екінші болып әуесқой бокста ұлттық құраманың капитаны болған Абылайхан Жүсіпов көтерілді. Бірінші орта салмақтағы (69,9 кг) отандасымыз бүгінге дейін 40 жекпе-жек өткізіп, оның 18-інде қарсыласын жеңіп, 21 мәрте жеңілген және бір кездесуінде тең түскен мексикалық Эдгар Рамирестің атақ-даңқына қарамай, бірінші раундта-ақ сұлатып салды. Бұл – А.Жүсіповтің кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегі және мерзімінен бұрын қол жеткізген екінші ірі жеңісі.
Ал супер орта салмақта өнер көрсететін (76,2 кг) қазақстандық Бек Нұрмағанбет те әріптестерінің де, өзінің де жеңісті жолын сәтті жалғады. Тоғыз жекпе-жектің жетеуінде (алты қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан) жеңіске жетіп, екі айқасында жеңіліп қалған америкалық боксшы Хайнелл Уилер отандасымызға небәрі екі раунд қана қарсылық көрсетуге шамасы жетті. Екінші үш минуттықтың орта тұсына келгенде Бек қарсыласын оң қолының ауыр соққысымен құлақ шекеден ұрып құлатты. Сонымен қатар екінші жеңіл салмақта (55,3 кг) жұдырықтасқан тағы бір қазақстандық боксшы Евгений Павлов мексикалық Алексис Салидоны екінші раундта нокаутқа түсірді.
Жігіттердің АҚШ-тағы жарқын жеңістері өз салмағындағы әлемдік рейтингтегі орындарына да айтарлықтай әсер етті. Атап айтар болсақ, жетінші жеңісіне қол жеткізген Евгений Павлов өз салмағындағы 1 300 боксшының ішінде 62-орынға көтерілсе, дәл сондай жеңісі бар Бек Нұрмағамбет 72-орынға (1 400 боксшы) жайғасты. Абылайхан Жүсіпов екінші жеңісінің арқасында екі мың боксшының ішінде 418-орынға бір-ақ көтерілді. Ал дебюттік кездесуін нокаутпен аяқтаған Әбілхан Аманқұл ә дегеннен 1 500 боксшының ішінен 600 саты жоғарылап, 900-орынға тұрақтады.