УЕФА Ұлттар лигасының «С» дивизионында өнер көрсетіп жатқан футболдан Қазақстан құрамасы топтық кезеңнің үшінші тур ойынын сырт алаңда Беларусь футболшыларымен өткізіп, алғаш рет «ақорыстармен» ресми матчта ұпай бөлісті. Сербияның Нови-Сад қаласындағы «Караджордже» стадионында өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Бұған дейін жазғанымыздай, УЕФА шешімі бойынша Беларусь құрамасы биылғы Ұлттар лигасының өз алаңындағы ойындарын Сербияның солтүстігінде орналасқан шағын қаладағы бейтарап алаңда өткізуге мәжбүр. Оған әлемде болып жатқан саяси жағдай тікелей әсер етіп отыр. Сонымен қатар УЕФА Беларусь құрамасымен өтетін кез келген ойынға жанкүйерлердің де кіруіне қатаң тыйым салған.
УЕФА-ның тығыз күнтізбесіне сәйкес әр екі-үш күн сайын матч өткізіп жатқан құрамаларға аталған турнирдің биылғы маусымы өте қиынға соғып жатқаны айтпаса да түсінікті. Дегенмен түрлі кедергілерге қарамастан, Қазақстан құрамасының футболшылары әр тур сайын өз жанкүйерлерін нәтижелі ойынымен қуантып келеді. Елордадағы алғашқы турда Әзербайжан (2:0) құрамасы мен екінші турда сырт алаңда Словакияны (1:0) сан соқтырған Могамед Адиев шәкірттері жұмадан сенбіге қараған түні Қазақстан үшін алынбас қамалға айналған Беларусь футболшыларымен тең ойнады. Екі елдің құрамалары бүгінге дейін ресми матчта төрт мәрте кездесіп, соның барлығында Беларусь құрамасының мерейі үстем болған еді.
Ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындала салысымен жанкүйерлердің наразылығына ұшыраған Магомед Адиев әр матч сайын маңызды шешімімен жанкүйерлерді де, футбол мамандарын да қуантып жатыр. Мәселен, Әзербайжанмен болған ойында алаңға бес бірдей қорғаушыны шығарса да, екі қапталдағы екі қорғаушыны жиі шабуылға араластырды. Словакиядағы ойында негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Ал Беларусьпен болған ойында тағы да алғашқы турдың тактикасын ұстанып, бірінші минуттан бастап шабуылға ден қойды.
Нови-Садтағы нөсерлі жауын матч жылдамдығына, ойын барысына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Кездесудің алғашқы 10 минутында екі елдің футболшылары да көгілдір экранға көз тіккен көрермендерді елең еткізетіндей бірде-бір қауіпті шабуыл ұйымдастыра алмады. Тек 13-минутта Абат Айымбетовтің голынан кейін ғана ойын жандана бастады. Сол қапталдан Ян Вороговскийдің әуелете асырған пасына бірінші жеткен Айымбетов баспен кезекті голын соқты. Бұл – Абаттың алғашқы үш ойындағы үшінші голы. Осы нәтижесінің арқасында ол Ұлттар лигасының сұрмергендер қатарына қосылды.
Арада бес минут өткенде алаң қожайындарында есепті теңестіретін тамаша мүмкіндік болған еді. Алайда жаңбырдан кейінгі алаңның тайғанақтығы бізге әжептәуір көмектесті. Ал ойынның 34-минутындағы қарымта шабуыл кезінде ұлттық құраманың дебютанты Эльхан Астанов гол соғатын ұрымтал сәтін мүлт жіберіп алды.
Үзілістен кейін Қазақстан құрамасында есепті еселейтін, Беларусь футболшыларында таразы басын теңестіретін бірнеше мүмкіндік болды. Кей сәтте шабуылшылардың тепкен добы қақпадан қиыс кетсе, енді бірде қорғаушылар мен қақпашылар қырағылық танытты. Алайда матчтың аяқталуына бес минут қалғанда Беларусь футболшылары бұрыштамадан гол соғып, есепті теңестірді. Голдың авторы – Владислав Мильвевич. Матчтың соңғы минуттарында Мильвевич дубльдің авторы атануы мүмкін еді. Бірақ шабуылшының тепкен добы қақпа бағанына тиіп, алаң сыртына шығып кетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет Беларусь футболшыларымен тең ойнады – 1:1. Ал біздің топтағы екінші ойында Әзербайжан құрамасы өз алаңында Словакияны қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Қонақтардың жеңіс голын ойынның 81-минутында «Қайраттың» бұрынғы словакиялық бас бапкері Владимир Вайсстың ұлы Владимир Вайсс соқты.
Үшінші тур ойындарынан кейін Ұлттар лигасының «С» дивизионындағы үшінші топтың турнир кестесінде 7 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы әлі де жеке-дара көш бастап келеді. Екінші орынға 6 ұпай жинаған Словакия құрамасы жайғасты. Ал қоржынында 2 ұпайы бар Беларусь үшінші, 1 ұпайы бар Әзербайжан төртінші орынға тұрақтаған.
Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін «Астана Аренада» Словакия құрамасымен өткізеді. Ойын елорда уақытымен 20:00-де басталады. Айта кетейік, бұл ойынға Қазақстан құрамасынан екі сары қағазы бар Исламбек Қуат, ал қонақтар сапынан жарақатына байланысты команда капитаны Милан Шкриньяр қатыса алмайды.